Асылнұр Орынбек. Ауылға жас мамандар келіп жатыр
Қоғамның қозғаушы күшi жастар екенi даусыз. Олай болса, Сiз бен бiзге Тәуелсiз елдiң тұғырлы болуына үлес қосу жауапкершiлiгi жүктелiп отыр.
Қоғамның қозғаушы күшi жастар екенi даусыз. Олай болса, Сiз бен бiзге Тәуелсiз елдiң тұғырлы болуына үлес қосу жауапкершiлiгi жүктелiп отыр.
Тәуелсiздiктiң таңы атқалы елiмiзде мемлекеттiк жастар саясатын дамыту негiздерi қалыптасып келедi. Мемлекет басшысы, Н.Назарбаев әрдайым жастарды қолдап-қуаттаумен қатар жан-жақты мүмкiндiктердi жасап жатыр. Бұл әрекетiн жыл сайын жарияланатын дәстүрлi Жолдауларынан аңғаруымызға болады. Сонымен қоса, күнi кеше түйiндi ойлармен тоғысқан 20 қадамнан тұратын тартымды тапсырмада жастар қауымын жұмыспен қамту, қабiлет-қарымын ашу, тұрғын үймен қамтамасыз ету секiлдi маңызды мәселелер арнайы сөз етiлдi. Байрақты елдiң болашағы баянды болу үшiн жастардың ғылым мен бiлiмге деген қызығушылығын арттыру, сапалы маман даярлау, бiлiктi жас мамандарға мемлекеттiк қолдау көрсетiп отыру - Елбасы ұстанған салиқалы саясаттың негiзiне айналды. Iзгiлiктi iстердiң айғағы ретiнде жүзеге асырылып жатқан «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы аясында ауылдарға бiрқатар жас мамандар аттануда. Осы мәселелердi шешу мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы негiзiнде ауылдық елдi мекендерде жұмыс iстеуге келген мамандарға 70 айлық есептiк көрсеткiш, яғни 105910 теңге көлемiнде бiржолғы жәрдемақы берiледi. Жас мамандарға тұрғын үй алу үшiн 15 жыл мерзiмге 630 АЕК немесе 952560 теңге көлемiнде 0,01 пайыздық мөлшермен бюджеттiк несие берiледi. Осының бiр мысалы ретiнде «Күншуақ» балабақшасына тәрбиешi болып жұмысқа орналасқан Дана Толыбайды айтуға болады. Дана Рахманқызы - Әйтеке би ауылының тумасы. Тәуелсiздiктiң төл құрдасы. Ауылдағы С.Датұлы мектебiнде орта бiлiм алған соң, Оңтүстiк Қазақстан саз колледжiнде хореографиялық бөлiмшенi тәмамдайды. Мың бұрала билеп, ән шырқауды жанына серiк еткен кейiпкерiмiзге би өнерi әсте таңсық емес. Сондай-ақ, «Сырым жұлдыздары» би тобының мүшесi ретiнде де аудан көлемiнде өткен игi шаралардың көрiгiн қыздыруда белсендiлiк танытып, бiрнеше байқаулардың жеңiмпазы атанған.
- Мемлекетiмiздiң тарапынан жасалып жатқан жағдайлардың бiрi - жас мамандардың жұмысқа орналасуы. Әсiресе, бiз секiлдi елдiң гүлденуiне қосар үлесi қомақты ұрпақтың өзiндiк тұлға болып қа-лыптасуына қолдау көрсетiлуi орынды. Осыған орай, бiз - жастар ел үмiтiн ақтау мақсатында елеулi еңбектенетiн боламыз. Тәуелсiздiгiмiздiң тұғырлануына үлесiмiздi қосу мақсатында дипломмен ауылға баруымыз абзал,-дейдi ауылға келген жас маман.
Бүгiнде өз мамандығы бойынша қызмет етiп жүрген жас маман Д.Толыбай аталмыш бағдарлама бойынша 15 жылға 2 миллион 427 мың теңге несие алып, тұрғын үйлi болды. Жұмысқа деген ұқыптылығы басым қыздың келешекке деген арманы асқақ. Яғни, мемлекетiмiздiң мiндеттеп отырған үдесiнен шығып, үмiттi ақтауға дәйiм дайын екенiн аңғару қиын емес.
«Абай-ақпарат»