Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 3807 18 пікір 20 Желтоқсан, 2021 сағат 15:00

Өзге ұлт өкілінің өнегелі ісі

Ана тіліміз жайлы сөз қозғалғанда қандай да игі іске, өнегелі дүниеге елең ете қаларымз сөзсіз. Бұл, әсіресе тұрғындары әлі де болса қазақ тілін толық игере алмай жүрген, орыстары жақын арада жазылмайтын сепаратизм аурумен  ауырған Қостанай секілді терістік өлкеде орны өте бөлек құбылыс. 

Бөтен халық, ниеті бұзықтау жұрттар тым ендеп кіріп кеткен өлкеде ана тілімізді алға сүйреудің жылт еткен көрінісі «е, бәрекелді» деп, шаттануға әкеліп соғатындығын тағы да жасыра алмаймыз.

Міне, осынау жан жадыратар көріністі осындағы Горький атындағы мектеп-гимназиядан байқап, еңсеміз бір көтеріліп қалды. Осында өзінің ұлты украин болса да, қазақ тілін қайтсем жаңа белеске көтеремін деп бар жан-тәнімен жасөспірімдерге сабақ беріп жүрген жаны жайсаң бір жан бар. Ол – Дмитрий Ромащенко деген мың болғыр азамат. Димекең Мұқағали мен Ахаңның еңбектерін тұпнұсқадан оқып ләззат алады. Ал Абай хәкімнің шығармалары бұл үшін өмірқазық іспетті.

Бір ғажабы, қасиетті ана тілімізді ол жүрек қалауымен таңдап алған. Өйткені ол  Қостанайдың Ресеймен шекаралас, қалың орыс қоныстанған елді-мекенде орыс мектебінде оқыған. Сөйте тұра, ана тілімізді құлай сүйіп, бар ынта-ықыласымен терең үйренуге тырысқан. Талай жылғы еңбек босқа кеткен жоқ. Қазір осы облыс орталығындағы ең бір озық мектептердің қатарындағы гимназияда балаларға қазақ тілінен сабақ береді.

- Мен үшін қазақ тілі – мектептегі ең қызықты пәндердің бірі. Мұғалім болатындығымды ерте білгенмін. Дәл осы қазақ тілінің мұғалімі болатындығыма аса сенімді едім.  Мен үшін ұстаздық ету оңай жол болған емес. Алайда бұл менің ең сүйікті ісім, мәңгілік таңдауым, - дейді ол өмір жолдарын ойға оралтып.

- Ол өте ақылды адам, қайырымды да әділ. Сабақ бергенде қалжыңын да араластырып қояды. Алайда, өз ісіне аса ұқыпты қарайды. Үйге берген тапсырманы орындамағандарға жұмсақтық жасамайды, - дейді сегізінші сынып оқушысы Әлібек Жақсылықов.

Жалпы Дмитрий мектептегі жалғыз ер адам. Ұжым түгелімен нәзік жандардан құралған.

- Бөтен де мұғалімдер секілді оның да 25 сағаты бар. Бұл - қазіргі таңда ең жоғары көрсеткіш. Сабағын терең меңгерген, -деп баға береді осы гимназия директорының орынбасары Орынкүл Баяхметова.

Алайда, Дмитрий өзін елден ерекше бірдеңе тындырып жүрмін деп есептемейді. Өзіне деген ерекше көзқарасты да артық санайды. Оның тұжырымынша, қазақ тілін білу - әрбір қазақстандықтың парызы болып табылуы тиіс. Бұл азаматтың дәл осы сөзі үшін де айрықша құрметтеуге болар. Өзгелерге өнеге етіп ұсынсақ та, артық болмас та.

- Шіркін-ай, - дейсің осындайда. Мына украин азаматы осындай асыл арманы елімізді мекендейтін өзге ұлттардың санасына қашан қонақтар екен?

Жайберген Болатов

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434