Жұма, 22 Қараша 2024
Қарбалас 4380 29 пікір 29 Желтоқсан, 2021 сағат 14:46

Өзгерген Конституция, сатылған тәуелсіздік

2020 жыл Беларусь саяси режимі үшін бетбұрыс жылы десек те болады. Минск президенттік сайлаудан кейін елде саяси реформалар жасайтынын айтты, анығы имитация жүргізуді бастады. Оған 2020 жылдың 9-тамызында басталған жалпыхалықтық наразылық акциялары себепкер болған еді. Минск көшелеріне шыққан мыңдаған халық президенттік сайлаудың нәтижесін жойып, қайта сайлау өткізуді талап етті. "Лукашенко заңсыз президент" деп атап, "Тихановская жеңді" деп ұрандады.

Саяси дағдарыс әлі жалғасын табуда, тіпті ушығып кетті. Минск көшедегі наразылық акцияларын күшпен басып, белсенділерді жүздеп қамап, мыңдаған адамды қудалауға ұшыратып, айқын қарсылықты тоқтатқандай болды. Алайда ол әрекеті халықаралық деңгейде қарсы реакцияларды тудыруда. Батыс тарапы Беларусь еліне адам құқығын таптады деген негізде санкциялар салуда. Санкциялар жеке тұлғалардан бастап ірі өнеркәсіп кешендеріне дейіненгізіліп жатыр. Бұл бір жағынан Лукашенконы тығырыққа тіреп, оны Ресейдің құшағына итермелеуде.

Минсктің енді Батысқа баратын жолы жоқ, тек Мәскеу ғана. Соңғы бір жыл ішінде Ресей Беларусьты иемдену бағытында айқын жүрістер жасады. Несиелер санын арттырды, қорғаныс саласы бойынша құжаттарға қол қойылды, "Одақтас мемлекет" жобасы аясында 28 кіші жоба мақұлданды. Бір сөзбен айтқанда Ресей Беларусьқа қатысты соңғы отыз жылдықта іске асыруға талпынған саяси жүрістерді бір жылдың ішінде жасады.

Беларусь басшысы Лукашенок тек Ресеймен ғана қатынас ұстаудың қауіпті екенін жақсы түсінеді. Батыспен де келіссөз жүргізу алаңын ашпақ, алайда әзірге тым сәтсіз. Батысты босқындар дағдарысымен бопсалап көріп еді, түк шықпады. Польша, Балтық елдері шекараны тарс жапты, әскерді арттырып, қорғанысты күшейтті. Лукашенконың бопсасы Минскке жол ашпай, керісінше оны тарылтқан сияқты. Себебі Еуропалық қауымдастық жаңа санкциялар пакетін салуды талқылап жатыр.

Лукашенко енді Конституцияны өзгертемін деп мәлімдеді. Ол бұл туралы талай мәрте айтқан еді, енді міне жаңа конституцияның мәтіні де талқыға ұсынылып отыр. Қысқаша айтқанда маңызды деген тұстары келесідей:

Беларусь елінің президентінің өкілеттігі аяқталғаннан кейін оған қатысты президенттік иммунитет өз күшінде қалады. Демек ол президенттік қызметінде жасаған істері үшін жауапқа тартылмайды.

Беларусь президенті шабуылдан қаза тапса, онда елде төтенше әскери жағдай жарияланады. Билік қауіпсіздік кеңесіне өтеді, ал кеңесті Республика кеңесінің спикері басқарады.

Беларусь президенті елде қарсы акциялар, митингтер, наразылықтар болса елде төтенше жағдай енгізе алады.

Президентті Беларусь елінің жалпыхалықтың кеңесі тақтан тайдыра алады.

Беларысь елі ядролық бейтараптықтан бас тартуы мүмкін (бұл тармақ талқыланып жатыр).

Елде орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар қолданылады.

Президенттің өкілеттігі 5 жыл, бір адам екі мәрте ғана сайлауға түсе алады.

Маңызды деген тұстары осылар. Жаңа Конституция Лукашенко тақтан кетсе де, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жазылғандай. Ал ядролық бейтараптықтан бас тарту дегеніміз, Ресейдің ядролық оқтұмсықтарын орнатуға рұқсат беру дегенді білдіреді. Әрине, бұл Батысқа жасаған сесі мен бопсасы.

Лукашенко аталмыш Конституциясы арқылы Ресейге тағы да жақындай түспек. Оны жаңа заңдағы тармақтар анық көрсетіп отыр. Демек, алдағы таңда Беларусьтың Ресей құрамына еніп кету мүмкіндігі де артты. Осылайша Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP)  "2021 жылдың бас жемқоры" деп  атаған Александр Лукашенко өз елінің тәуелсіздігін әулетінің тәуелсіздігі үшін айырбастамақ сыңайлы.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

 

29 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321