Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3150 0 пікір 7 Қыркүйек, 2012 сағат 07:35

Дәурен Сәкенұлы. Жұмыссыз жас маман қайтсе жариды?

«Дипломмен ауылға» бағдарламасын айтқанда, алдымызға қара салмаймыз. «Инемен құдық қазған» жастардың барлығы дерлік қазақтың қаратөбел ауылына «ауыл қайдасың!» деп аттанып бара жатқандай көрінетіні рас. Негізінде, қазіргі күннің сиқы мүлде бөлек. Жасырмайық. Сайып келгенде, «дипломмен ауылға» жолдама алғандардарға қарағанда, «дипломсыз қалаға» ағылып жатқан жастар көп. Ал олардың мәселелері әлі күнге шешімін тапқан жоқ. Жұмыссыздық...

«Дипломмен ауылға» бағдарламасын айтқанда, алдымызға қара салмаймыз. «Инемен құдық қазған» жастардың барлығы дерлік қазақтың қаратөбел ауылына «ауыл қайдасың!» деп аттанып бара жатқандай көрінетіні рас. Негізінде, қазіргі күннің сиқы мүлде бөлек. Жасырмайық. Сайып келгенде, «дипломмен ауылға» жолдама алғандардарға қарағанда, «дипломсыз қалаға» ағылып жатқан жастар көп. Ал олардың мәселелері әлі күнге шешімін тапқан жоқ. Жұмыссыздық...

Қазақта «сенімсіз ел сөнеді, сенімді ел өнеді» дейді. Біз осынау бұлжымайтын байламды болашақ тұрғысынан айтып отырмыз. Болашақ дегенде бүгінгі мемлекетіміздің бұлақ қайнары, бұлқынды күші жастар жайын сөз етпекпіз. Сенім керек дер едік...Түсінбесеңіз, талдап, таразылап берелік. Бүгінгі жастардың тұрмысы мәнді, тіршілігі сәнді емес. Біз, бұл арада әке-шешесінің қолтығының астынан қанат қағып, жұмсақ креслоны көркейтіп емес, жылытып отырған жастардан бұрын, «екі қолға бір күрек» таппай, дипломы «күресінде» жатқан жастардың жанайқайына құлақ түрелік. Ал, сонда сенім дегеніміз не? Оқырман қауымның ойына орнықты қонуы үшін былайша жіліктейік. Иә, өгей елде емес, өз елімізде өмір сүріп отырған жайымыз бар. Шүкір, тағдыры-талайлы қазақ Тәуелсіздік алды. Тізгін өзімізде. Қалай тартсақ та, төбеден төніп тұрған сұсты компартия жоқ... Бүгінгі тірлігіміз ертең түзелер-ау деген үмітіміздің де үзілер түрі көрінбейді. Бірақ, бар мәселеде сонда. Жалғыз үміт аздық етеді. Демек, тірліктің ағаш арбасы ертең темір тұлпарға айналмасына сенім болмаса, сыз жерде отырған адамның күйін кешеріміз айдан анық. Ал қазіргі жастардың басындағы аумалы-төкпелі хал, сыз жерде отырып, салқын тиген адамның күйіне қатты ұқсайды.

«Бәрін айт та бірін айт, жұмыссыздың жырын айт». Бұл тұрғыда «жастар қайтсе жариды?» деген сауал оралады ойымызға. Сөздің шыны керек, Үкімет жастар саясатын жүйелі жүргізе алмай отыр. Жастар қоғамның қозғаушы күші деген төр ұғым тек сөз жүзінде айтылып, іс жүзіне келгенде басы да аяғы да қойыртпақталып кетіп отыр. Бүгінгі қоғамның сай-саласына үңіліп көрелікші кәне! Айталық, наша шегіп, нағыз  өзін-өзі өксітетін кім - жастар, жұмыссыздар - жастар, түрмені аузы-мұрынан лықа толтырып, әртүрлі ағымның жетегінде жүрген - жастар, бүгін басы қосылса, ертең -ақ шаңырағы шайқалып жатқан - жастар, қыл аяғы баспанасыз босып жүрген де - жастар. Атақты әлеуметтанушы Питирим Сорокиннің теориясы бойынша, әлеуметтік теңсіздікке (экономикалық, саяси, кәсіби) қоғамның кейбір топтары, әсіресе, жастар тап болатыны ақиқат. Созбақтай берсек сағыздай созылатын, жанынды қажап жеп, жүйкеңді жұқартатын жайт екені барлығымызға аян. Осы ретте алдымен әлемдік жариядан оқырманға қызықты көрінер деректерді алға тартсақ. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне қарағанда, әзіргі күні дүйім дүниеде 15 пен 24 жас аралығындағы азаматтардың 13 пайызы, шамалап айтқанда 75 млн. тепсе темір үзетін жас жұмыссыз. Ұйымның мына бір дерегі тіптен түршіктіреді. Олардың сөзіне сенсек, бұлардың 6 млн-ы жұмыс табудан біржолата күдер үзген екен. Айталық, былтырғы «Араб көктемінің» аласапыранынан кейін Солтүстік Африкадағы жастардың 27,9 пайызы жұмыссыз қалыпты. Жұмыссыздықтың пайызы Шығыс Азияда да оңып тұрған жоқ. Ұйым дерегінше, экономикасы серпінді дамып келе жатқан Шығыс Азияда да жастар арасындағы жұмыссыздық ересек адамдармен салыстырғанда 2,8 есеге жоғары. Ал Орта Азиядағы оның ішінде Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан кең байтақ Қазақстандағы жастар жұмыссыздығы қандай деңгейде? Бүгiнгi таңда елiмiздегi жұмыссыздардың 71 пайызын ауыл жастары құраса, сол жастардың 76 пайызының жоғары бiлiмi жоқ, тек мектептiк орта бiлiмi бар екен. Демек, оларды бір мамандыққа оқытудың өзі болашақта Үкіметтің күн тәртібінде талқыланып, таразылануы керек. Өткен жылы жұмыссыз жастардың (15-24 жастағы) жалпы саны 12,2 пайызды, немесе 57,9 мың адамды құрады. Бұл бір деңіз. Елімізде жыл сайын 600 мыңдай түлек ЖОО-ларды бітіріп шығады. Демек, жыл сайын кем дегенде 600 мың жұмыс орны құрылып отыруы тиіс деген сөз. Бірақ, осы мәселе түбегейлі шешімін таппай отырғаны жасырын емес. Бітірушілердің көпшілігі - Алматы қаласында екені айтып айтпай-ақ белгілі. Сандарды сөйлетсек, 21-29 жас аралығындағы жастардың, олардың ішінде жас отбасылардың 85 пайызының үй-күйсіз жүргеніне көз жеткіземіз. Бұл екі деңіз. Үшіншіден, әзіргі күні  құрылыста - 10 мыңға тарта, ауыл шаруашылығында - 10 мың, мәшине және жабдықтау технологиясында - 8 мыңға жуық, қызмет көрсету саласында - 7 мыңға жақын білікті кадр­лар жетіспейді. Ел болашағына ең қажетті салаларда білікті кадрге деген сұраныстың өсе беретіні де ешкімге жасырын емес. Осы жерде бар қажыры мен қайратын, қолдағы қаражатын жалғыз дипломға  салған жас маман мамандық бойынша жұмыс таппай сандалып жүргені еріксіз көңіл құлазытады. Айтпақшы, сөз орайы келіп тұрғанда айта кетелік, бұдан біраз бұрын Мәжіліс депуттары «алматылық жастар арасындағы жұмыссыздық қолдан жасалып отыр» деген сыңайдағы мін көтермес сын айтты. Халық қалаулыларының айтуынша, алматылық жастар, 100 мыңнан кем жалақыға көнбейтін көрінеді. Біздің бұл тұрғыда айтарымыз, «заманың түлкі болса, тазы боп шал». Айналып келгенде, қазіргі жастарды қолдауға арналған бағдарламардың барлығы жастардың тұрмысын түзеу үшін қолға алынып отырғаны шындық қой. Бү­гінде жастар саясаты саласында әлеуметтік маңызы бар 76 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде «Ауыл жастары», «Дипломмен - ауылға!», «Жастар кадрлық резерві», «Жастар - Отанға» және «Жастар тәжірибесі» сияқты жосықты жобалар бар. Ендеше, жас кадрлардың жоғары жалақыға ұмтылуы да бүгінгі тіршілікті таразылай білгенінен деп ұғамыз.

Сөзіміздің жуан қорытындасында айтарымыз, жастардың мыңсан әлеуметтік мәселелері әлі де тереңде жатыр. Өкініштісі, сол тереңде жатқан түйткілді су бетіне шығарып, шешімін табу кемшін соғып жатқан секілді. Біздің тараптан айтылар түйін, жастар арасында әлеуметтік зерттеулер жүргізу қажет. Бүгінгі жас нені қажет етеді? Жастар саясатымен жұмысты қалай жүргізген жөн? Оларды еңбекке баулу мәселесін қазіргі заманға қалай бейімдейміз? Анығы, әлі де созыла беретін осыншама сансыз сауалға Үкімет тарапынан жасалатын қарекет қана жауап береді.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5369