Берік Әбдіғалиұлы: «Әрбір істе ұлттық мүддені алға қоя білу керек»
Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,
Арқалық қаласының әкімі:
- Берік аға, Арқалықтың қордаланып қалған мәселелерін шешуді неден бастау керек екен? Қала бюджетін қай іске көбірек жұмсап жатырсыз?
- Қазір ғаламтордағы Арқалыққа қатысты кез келген мақаланы қарап отырсаңыз, бұл жер туралы «өлген қала» деген мағынаға саятын қоғамдық пікір қалыптасып кеткен. Ең сыпайы айтқанның өзінде де, сырт көз «дағдарыста тұрған қала» деседі. Шын мәнінде, Арқалық басқа өңір орталықтарынан еш кем емес. Шағын да, жайлы мекен. Бұл жерде ешқандай да «адамдардың бәрі кедей, жұмыссыз» дегендей ұғым жоқ. Жұрт жағымсыз имиджді кезінде облыс ыдырап, зауыттардың жұмысы тоқтап, жергілікті тұрғындар сыртқа қарай үдере көшіп, қаланың үштен бір бөлігі босап қалғаннан кейін қалыптастырған ғой. Ал күні бүгінге дейін қаланың дамуына кедергі келтіріп келген жалпы мәселені үш тұрғыдан алып қарауға болады.
Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,
Арқалық қаласының әкімі:
- Берік аға, Арқалықтың қордаланып қалған мәселелерін шешуді неден бастау керек екен? Қала бюджетін қай іске көбірек жұмсап жатырсыз?
- Қазір ғаламтордағы Арқалыққа қатысты кез келген мақаланы қарап отырсаңыз, бұл жер туралы «өлген қала» деген мағынаға саятын қоғамдық пікір қалыптасып кеткен. Ең сыпайы айтқанның өзінде де, сырт көз «дағдарыста тұрған қала» деседі. Шын мәнінде, Арқалық басқа өңір орталықтарынан еш кем емес. Шағын да, жайлы мекен. Бұл жерде ешқандай да «адамдардың бәрі кедей, жұмыссыз» дегендей ұғым жоқ. Жұрт жағымсыз имиджді кезінде облыс ыдырап, зауыттардың жұмысы тоқтап, жергілікті тұрғындар сыртқа қарай үдере көшіп, қаланың үштен бір бөлігі босап қалғаннан кейін қалыптастырған ғой. Ал күні бүгінге дейін қаланың дамуына кедергі келтіріп келген жалпы мәселені үш тұрғыдан алып қарауға болады.
Біріншіден, қаладағы Жылу орталығы мазутпен жұмыс істеп тұрғандықтан, біз үкіметтік резервке тәуелдіміз. Мазут бағасының қымбаттығына байланысты, ол тараптан жыл сайын миллиардқа жуық қаражат бөлінгенде ғана қыстан аман-есен шыға аламыз. Егер Үкімет сондай сомамен үнемі қамтамасыз етіп отырмаса, тұрғындардың жылуға жинаған тарифі қыс бойы жағылатын мазутқа мүлде жетпейді. Сондықтан облыс басшылығы мен осындағы маған дейінгі әкімдер де жоғары жаққа көмірмен жұмыс істейтін жаңа Жылу орталығын салу жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Қазір де біз осы мәселені шешу жағын қарастырып отырмыз. Шұбаркөлге тартылып жатқан теміржол құрылысы аяқталса, сондай ЖЭО-ның тиімділігі артар еді. Қазіргі ЖЭО-ны мазуттан көмірге ауыстыру өте қымбатқа түседі. Демек, ғылыми институт мамандарының «жаңасын соққан жөн» деген шешіміне тоқтам жасап отырмыз.
Екіншіден, тас жол құрылысын ретке келтіріп алуымыз керек. Әрине, халыққа үлкен серпіліс берген темір жолдың дамуына бәріміз бір кісідей қуандық. Енді «Жезқазған-Арқалық» тас жолын жөндеу жөніндегі Үкіметтің 2011 жылғы Қаулысына сәйкес жұмыс істелсе игі. Жоспар бойынша, құрылысы 2014 жылы басталуы тиіс еді, бірақ, оны уақытша тоқтатып қойды.«Арқалық-Торғай», «Арқалық-Есіл-Астана» жолдарын да жасау керек. Әсіресе, ара қашықтығы 200-ақ шақырым Арқалық пен Ұлытаудың жолын жөндеп, «Қызылорда-Жезқазған» жолдарын қоссақ, осы өңірлер бір-бірінің қарышты дамуына септесіп тұрар еді. Қажетті жеміс-жидекті Астана, Қостанай арқылы тасымай, тікелей келсе, бағасы да төмен болады.
«Арқалық-Шұбаркөл» темір жол құрлысы 2015 жылы аяқталмақ. Бұрын бұл жердің қазба байлықтарын сыртқа тасымалдау қиындық тудырса, енді оларға жол ашылады. Сол кезде инвесторлар да көптеп тартылады деп сенемін.
Үшіншіден, қаңырап бос қалған үйлерден құтылудың амалын таптық.Үкімет пен облыс басшылығы қолдап, «Алюминий Қазақстан» қаржылай көмектессе, барлық ескі ғимараттардан бір-екі жылдың ішінде құтылуға болады.
- Олардың орнына не салмақсыздар?
- Халыққа жеке меншік үй салып алуына 9-шы шағын ауданнан жер бөліп береміз де, орталықтағы 6-шы, 7-ші шағын аудандарды абаттандырып, саябақ жасамақ ойымыз бар. Сондай-ақ, 5 жылдың ішінде 5 қабатты 12 тұрғын үйді қалпына келтіріп, біраз адамды баспанамен қамтамасыз етпекпіз. Одан кейін ептеп жаңа үйлерді салуға да қам-қарекет жасай береміз.
Алдымен осы үш мәселені шешіп алсақ, қаланы «дағдарыста тұр» деп атамауға зор мүмкіндік ашылады. Қазірдің өзінде жаңа әлеуметтік мекемелер ашылып жатыр. Халық уақтылы еңбекақыларын алып тұрады. Су, жылу, электр жарығы жеткілікті.
- Демек, халық толықтай жұмыспен қамтылады ғой?
- Жұмыссыздық барлық жерде болып тұрады ғой. Дегенмен, басқа өңірлерге қарағанда, біздегі жұмыссыздардың қатары 8 пайызды ғана құрайды. Бүгінде теміржол құрылысының өзінде сырттан келгендерді қоса есептегенде, 1 мыңға жуық уақытша жұмыскерлер қамтылады деген жоспар бар. Құрылыс аяқталғаннан кейін оған тұрақты түрде жұмыс істейтін 500-дей адам қабылдануы тиіс. Алдағы уақытта қала тұрғындарының дені басқа да жұмыстармен қамтылады деген үміттеміз. Себебі, мұнда шағын және орта бизнес жақсы қолдауға ие. Елді мекендерді де дамыту туралы арнайы бағдарлама дайын.
- Қазір Арқалыққа қарайтын ондай қанша елді мекен бар?
- Бізге қарасты 19 елді мекен және 16 әкімдіктеріміз бар. Жалпы, кезінде Торғай облысының орталығы болған бүгінгі Арқалық - 1,5 миллион гектар жерді алып жатқан, оның 300 мың гектарында егіні бар үлкен аудан орталығы саналады.
- Сіз қай қызметте жүрсеңіз де, ұлттық ұстанымнан бір танған емессіз. Қазағы үшін құрбан болған Торғай өңірінің біртуар тұлғалары жөнінде де ойға алған тың дүниелеріңіз бар шығар?
- Жалпы, Торғай өте қасиетті жер ғой. Бұл өңірдің қазақ тарихындағы рөлі, әсіресе, ХІХ ғасырдың ортасынан бастап, ХХ ғасырдың басында қатты артты. Азаттық үшін Ресей империясына қарсы күрескен Кенесары ханның серіктері, атақты Шақшақ Жәнібек батырдың ізбасарлары - Иман батыр, Жәуке батыр, Балуанкөл жақтағы Жеке батыр, Терісаққаннан Жанайдар батыр - әйгілі бір толқын. Екіншіден, оқу-ағарту толқынын торғайлық Ыбырай Алтынсарин бастады десек, одан кейінгі кезекте «Алаш» қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ахмет Бірімжанов, Нәзипа Құлжанова мойындарына зор жауапкершілік артып, әрқашан да барша қазақ жұртынан қолдау тауып отырды. Ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшілері - «көзмерген» Амангелді және «қолмерген» Кейкінің де қазақ ұлтының дамуына қосқан үлестері орасан. Оны жұрттың бәрі мойындайды. Бірақ, коммунисттер белгілі бір тұлғаларды ғана кеңінен насихаттап жіберді де, қалғандарының атын ауызға алуға қатаң тыйым салды. Мысалы, бүгінде еліміздің аудан, көше, мектептеріне Амангелді Иманов пен Әліби Жангелдиннің атын берді. Ал, олармен үзеңгілес болған Кейкі Көкембайұлының, Әбдіғапар ханның аттарын насихаттау жағы әлі күнге дейін бір қалыпқа түспей жатыр. Бәрі өзінің лайықты бағасын алған сәтте ғана ел түзеліп, ұлттық мінез қалыптасады. Арқалықтың өзінде Восточный, Фурманова, Целиный, Молодежный, Мирный деген ауыл атаулары баршылық. Солардың бәрін өзгертіп, әрбір істе ұлттық мүддені алға қоя білу керек. Осы жағын баса ескерсек деймін.
- Ерлан Қарин мен Айдос Сарым «Алаш» үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай алдағы уақытта қабылданар мемлекеттік жоба жасамақ ниетте екен. Мүмкін, бұл тұрғыдағы ұсынысыңызды соларға қосарсыз?
- Президент әкімшілігінде қызмет істеп жүргенімде, осы Ерлан Қарин бәріміз «Алаштың» 90 жылдығына орайластырып үлкен жоба дайындағанбыз. Өкінішке қарай, оған толық қолдау таппадық. Астананың төрінен «Алаш» зиялыларына ескерткіш орнату үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі 80 миллион теңге қаржы бөліп, арнайы жер де бөлініп қойған болатын. Содан, ескерткіш соғатын мүсіншілер арасында байқау ұйымдастырылып қойғаннан кейін, аяқ астынан мемлекеттік хатшының 100 жылдық қарсаңында ғана рұқсат деген тапсырмасы келіп, оған тиесілі қаржыны басқа жобаларға жұмсау керектігі айтылды. Біз онымен қоймай, зиялы қауымның көмегімен дабыл қағып едік, ескерткішті Семейге ауыстыратын болып шешті.
Өкінішке қарай, Әлихан Бөкейхан әлі де өзінің толыққанды тарихи орнын ала алмады. Шын мәнінде, ол - ұлт көсемі, Қазақ мемлекетінің тұңғыш басшысы. Қазіргі Қазақстан Республикасы - Алаш Республикасының мұрагері болып есептелуі керек. Өйткені, коммунисттер: «Сіздер бізді қолдасаңыздар, автономиялық республикаларыңызды құрып береміз», - дегенді сол Алаш Республикасын мойындағандықтан айтқан. Сондықтан да, Республикамыздың туған күнін бертіндегі тәуелсіздік алған жылдан емес, «Алаштың» құрылған күнінен бастап тойласақ, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл дегеніңіз - азаттық жолындағы алғашқы қадам. «Алаштың» асыл мұраларын жеткілікті деңгейде зерттеу шарт. Ең басты маңыз той өткізіп, ескерткіш орнатып отыруға емес, Әлихан Бөкейхан бастаған зиялылардың артында қалған алтын арқау сөздері арқылы ұлттың адаспауын қамтамасыз етуге берілу керек. Елбасына да, министрлерге де, депутаттарға да, әкімдерге де... кім болса да, «Алаш» тұлғаларының рухы әрқашан да темірқазық сияқты жол көрсетіп тұруы тиіс. Қасым, Есім, Тәуке, Хақназар, Кенесары хандар туралы көркем фильмдер түсірілсе, сондай-ақ, әрбір бидің, батырдың ұлтқа қызмет етудегі ерлігі сипатталатын шығармалар көбейсе, қазақ содан рухани нәр алып, жан-жақты дәрежеде күшейе түседі.
- Тәуелсіздік алғаннан бері «ұлт, тіл, дін» деп қызылкеңірдек болып жатырмыз әлі. Осы мәселелерді айқайсыз-ақ шешудің алғышарттары бар ма?
- Біздің ұлтқа жаңадан дінге қатысты бөліну қаупі төніп келе жатқан шақта «тіл, тіл» деп айқайлап жүрдік. Қазақ тілінде сөйлесе де, лаңкестік іс-қимылға баратын адамдардың пайда бола бастағанын байқағандар үндемеді. Дұшпандық пиғылдылардың дін тасасынан сығалауы - қоғамның тыныштығын бұзып, тәуелсіздігімізге үлкен қауіп төндіретін үрдіс. Әрбір елді мекенде сондай үрей бар. Әрине, біз біраз уақытты жіберіп алдық. Қазақты бөле-жаратын ештеңесі жоқ, орыстілдісі мен қазақтілдісінің түбегейлі ұлттық мүдде жолында бірігетін реті баяғыда-ақ келген. Еліміздегі кез келген адамға қазақша оқытып, үйрету оңай. Ал, өзге дін сеніміндегі қазақтарды өз дініне қайтарып алу - өте күрделі мәселе. Демек, біздің Үкімет тарапынан Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәліге әрдайым үлкен қолдау көрсетіп, мектеп оқушыларын имандылық сауабын үлгі ете отырып тәрбиелеуді күшейту керек. Медреселердегі оқу-ағарту жұмысын нығайтып, мемлекеттік қамқорлыққа алған абзал. Ішкі саясатымызды өңірлерге көңіл бөлуге, халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытына бұрмасақ болмайды. Шалғайдағы ауыз суы, электр жарығы, жұмысы жоқ елді мекендерге әртүрлі ағымдағы діни өкілдер барып, алдап-сулап өз жағына тартып әлек. Ақшаның бәрін тек жылтыраған үлкен қалаларды дамытуға сала бермей, алыс аудандарға да көбірек аударса екен. Салық жағынан да аймақтарды көбірек қалдыру керек-ақ.
- Оған қоса, мемлекет тарапынан еңбек туралы да сөз айтыла бастады емес пе?
- Өкінішке қарай, ел аралап жүргенімде, ауылдарда жалқаулық белең алып кеткенін байқадым. Қазір көпшіліктің мал басын көбейтіп, баққысы келмейді. Одан басқа жұмыс та тапшы ғой енді. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» демекші, біреуден бірдеңені үйренгісі жоқ. Мың жерден «еңбек, еңбек» деп жалаулатып газеттерге жазып, телеарналардан көрсетіп жатсаң да, одан ешкім жұмыс істеп кетпейтін болып алған. Сондықтан халықты еңбекке тартудың нақты жолдарын қарастыру керек. Шаруашылыққа ақша аударғанмен, бірінен кейін бірі туындай беретін түрлі себептер көп. Алдымен сол жағын шешіп алған тиімдірек деп ойлаймын.
- Бізде шын мәніндегі ұлттық буржуазия бар дей аласыз ба?
- Құдайға шүкір, ұлттың дамуын өз жауапкершілігіне алып, қамқорлық танытып жүрген азаматтар бар. Ондай жандардың саясатпен де айналысатын мүмкіндігі болу керек. Бізде, керісінше, олардың саясат сахнасында жүруіне тыйым салынған. Кезінде «Казкоммерцбанк», «ТұранӘлемБанкі» төңірегінде жүрген жігіттер араласып еді, көбісі қудаланды, оппозициялық күшке айналып кетті. «Ұлттық буржуазия» деп солар сияқты тек қана қалталы азаматтардың тобы емес, сонымен қатар, саясатта өзіндік ұстанымы бар, өзіне саяси жауапкершілік алатын, ресми қалыптасқан тұлғаларды айтады. Бүгінде біздің елімізде ондайлар жоқ. Ал биліктің құндылығын қабылдаған банкирлер өздерін «буржуазия» деп атағанмен, саясатқа мүлде араласпайды. Бәрі де тек Үкіметтің инвестициялық бағдарламасымен «Нұр Отан» партиясының қарамағында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер. Оларды мен «ұлттық буржуазия» деп айта алмаймын. Ал «партиялық буржуазия», «демеуші» дей салуға әбден лайық. Ұлт - партиялық деңгейден әлдеқайда жоғары!
- Енді, әңгімеңізді кәдуілгі саясаттанушы азамат ретінде түйіндесеңіз... Мысалы, сіз Жезқазған, Ұлытау, Арқалық маңайындағы ауылдардың тамырына қан жүгіртіп, өңін кіргізуге тырысып келесіз. Ал мемлекет осындай бірді-екілі іскер азаматтардың әрекетіне қарап қалмауы тиіс қой. Бұл тұрғыда саясатты қалай жүргізген жөн? Қай елден қандай үлгі алуымыз немесе оларға қандай үлгі көрсетуіміз керек?
- Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Сингапурден, Түркиядан, тағы сол сияқты елдерден үлгі алу жолдары қарастырылып тұратын. Қазір ішкі саясаттағы өзіндік жолымыз қалыптасып қалды ғой. Біз таңдаған жолдармен кезінде барлық мемлекет өткен. Биліктің басымдылығымен, жеке тұлғаның ерекше орнымен, бір партияның басшылығымен саясат ұстанғандары көп. Бүгінде олардың әрқайсысының өз ерекшелігі бар.
Ал дәл қазіргі жағдайда біздегі ауыс-түйістің, белгілі бір құндылықтардың, заман талабына сай жаңа тұлғалардың қажеттілігі пісіп-жетіліп тұр. Бұны үлкен саяси науқан деп айтуға әлі ертерек сияқты. Ең бастысы, қоғамда сондай саяси тұлғалардың алмасуына сұраныс бар. Өйткені, таза демократиялық алмасулар болмаған соң, саяси салмағы басым тұлғалардың орын ауыстырып отыруына үлкен мән беріледі. Қай жерге қандай тұлға келсе, онда ол жерде өзгеше саяси күштердің балансы қалыптаса бастады деген сөз.
Біздің күн тәртібінде тұрған аса маңызды мәселе - қазақтың ел ретінде тұтас ұлт болып қалыптасуы. Сондықтан кез келген партиялар, кезекті ауыс-түйістер, белгілі бір дәрежеде қалыптасып жатқан саяси жүйе ұлттық мүдде жолымен жүріп отырса керек. Алдымен ұлтты дұрыс қалыптастырмайынша, мемлекеттің тәуелсіздігіне әрқашан да қауіп төніп тұратын болады. Өз-өзін құрметтейтін, өзін өзгелерге сыйлата білетін болсақ қана тұрақтылық орнайды. Ал бір ұлттың өзі іштей тілге, дінге, жүзге, өңірге бөліне беретін елдің іргетасы шайқалып, оның түбі жақсылыққа апармайды.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Еркеғали БЕЙСЕНОВ
«Ұлт Times»