Асылнұр Орынбек. Бал арасын өсіріп байып отыр
Бiлуiмiзше, кәдiмгi бал ара өсiрiп, одан келер "өнiмдi" баптағандардың қатарында орекеңдер, иә, орыс азаматтары ең алдымен ауызға алынатын. Олар тау бөктерiнде, шаруашылықтардың далада жайқалып тұрған жоңышқалық алқаптарында немесе 25-50 соттық жер телiмдерiндегi бау-бақшалардың бiр шетiне бал арасы бар жәшiктерiн жайғастырып жататын. Кейiн бiлдiк қой, мұндай көршiлердiң жәшiктегi "құпиясын". Жоңышқа гүлдеп, жемiс ағаштары төңiрекке ерекше жұпар иiсiн шашқан тұста әлгi жәшiктерден құжынай ұшып шыққан аралар айналаны ерекше бiр "симфонияға" бөлеп тұратын. Қарап тұрып, қызығасың бұл тiрлiкке. Тыным таппас кiшкентай ғана тiршiлiк иесiнiң еңбекқорлығына, "жанысiрiлiгiне" таңданасың. Сөйте тұрып, нағыз жанкештi еңбектiң осындай титтей ғана тiршiлiк иесiне қалай жұғысты болғанына қайран қаласың...

Манкент ауылында бал арасын өсiрiп, баптап, одан өнiм жинаудың тарихы сонау 1963 жылдан бастау алады. Осындағы шаруашылықты Олжа Құрбанов басқарып тұрған кезде қолға алынған бұл шаруа бiрте-бiрте өркен жайыпты. Ал, жасы қазiр 90-ға иек артқан Қадырқұл Тұрақұлов бұл өте кiрпияз нәзiк әрi күрделi iстi көршiлес жатқан Аққала ауылында тұратын тамыр орыс азаматынан үйренiптi. Әу баста бес омартаның шаруашылығын жүргiзiптi. Кейiн оның санын 100-ге жеткiзген. Әр омартада бес-он мың арасы бар тiрлiктiң көзiн тауып, бабын баптау оңай емес. Кейде "қиямет-қайымдай" көрiнетiнiн жасырмайды Қадырқұл қария. Алғашында жалғыз өзi бiраз қиналып жүрушi едi, шүкiр, қазiр ұлдары Рахманқұл, Хайдарқұл, Назымбек көмектеседi, тiптi, бұларды нағыз омарташылар деуге болады. Келiнi Мархаба да үнемi көмек қолын созып, шаруаларын дөңгелетiп жүр. "Халықтың бiр қажетiн өтесек, жарағаны". Отбасы мүшелерiнiң басты ұстанымы осы. Өнiмдерiнiң жұрт қалтасына қарай бағасын нақтылау да естерiнен шықпайды.
Қарт омарташы Қадырқұл Тұрақұловтың отбасы мүшелерi өздерiн қаржыландырып отырған бiр "институт" дерсiз! Қарияның айтуынша, 98-99-шы жылдары бiр маусымда 6-7 тоннадай бал жинаған екен. Қазiр мұндай көрсеткiшке жету арманға айналған. Өйткенi, бал араларының қорек жинайтын жайылымдық жерлерi тарылған, жоңышқалық шабындықтар бұрынғыдай жайқалып тұрған жоқ. Бұл сайып келгенде, аралардың қажеттi "шикiзат қорын" жинауына, хош иiстi, дәрумендiк шөптерден толыққанды шырындарды алуына мүмкiндiк бермейдi екен. Сондықтан да қазiр бұрынғыдай емес, бiр маусым аралығында 30-50 арнайы ыдыс (фляга) өнiм жинап жүрген жайлары бар. Балды қажет еткендер үйiне келiп сатып алады.
- Үкiметке алақан жайып отырғанымыз жоқ. Шүкiр, балаларым нағыз еңбекқор. Ара өсiрiп, бал баптаймыз, бұдан бөлек егiн салып, мал бағып дәулетiмiздi өзiмiз асырып отырмыз. Әрекеттiң берекетi бар ғой,- дейдi тоқсанға аяқ басса да әлi ширақ Қадырқұл қария.
Айтпақшы, омарта өсiрiп, бал баптайтын қариямыз әңгiме арасында бал арасының бiр секундта қанатын 500 мәрте қағатынын айтып қалды. Алғашында елең еттiк, сенiмсiздеу қарадық. Сосын ойланып қалдық, несi бар, адамның денсаулығына шипасы зор, түрлi сырқаттың дәруменiне айналған тiл үйiрер балдың негiзiн қалау үшiн кiшкентай ғана тiршiлiк иелерiнiң бұл үлкен мақсатқа асыққаны болар. Кiм бiлiптi оны...