Гүлнәр Медет. Құжатсыз қызмет еткіңіз келсе, Құланға келіңіз!
немесе Өтегенова жұмысқа қалай орналасқан?..
немесе Өтегенова жұмысқа қалай орналасқан?..
Бүгінде Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан киелі Құлан өңірінде (Жамбыл облысына қарасты Т.Рысқұлов ауданы) кадр мәселесінің қадірі қашып тұр. Әсіресе, журналистика саласында. Кезінде осы жергілікті «Құлан таңы» газетіне халық «журналистер ұстаханасы» деп лайықты бағасын берген болатын. Онысы рас та еді. Өйткені, ол кезде қызмет еткен журналистер Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Кәріпжан Нүсіп, білікті журналист Тұрсынхан Жаманбаев ағалардың мектебінен өтті. Бүгінгі күні облыстық «Ақ жол», «Ар-ай» газеттерінде жемісті еңбек етіп жатқан Ардақ Үсейінова, Табиғат Абаилдаев, Қамар Қарасай сынды қаламының желі бар журналистер де осы Кәрекеңнің мектебінен тәлім алды. Ал, енді ше... Қазіргі аудандық газеттің жай-күйі жаныңды күйзелтеді. Оған себеп жоғарыда айтқан кадр мәселесі. Иә, бұл газетті (қазір Луговой ауылының әкімі) Мұрат Арыстанбеков бірнеше жыл тәп-тәуір басқарды. Бірақ оның да осал тұсы осы кадр мәселесінде анық байқалды. Осал тұсы деп әспеттемей-ақ ақиқатын айтар болсақ трайбализмге ашықтан-ашық жол берді. Мәселен, жерлестерін, руластарын айтпағанда келініне корректорлық қызметті тізгіндеп берді. Келіні демекші Мереке Өтегенованы қандай заңға сүйеніп алғанын Арыстанбековтың өзі түсіндіріп бермесе, біз түсіне алмадық. Қолында бірде-бір құжаты жоқ «келін» (Жеке іс папкасында еңбек кітапшасынан басқа бір де бір құжаты жоқ, оның өзі көшірмесі) қайны ағасының қамқорлығының арқасында «Құлан таңы» газетінде қызмет етіп, айлығын шайлығына жаратып келеді.
Арыстанбеков әкім болыпты дегенді естіген жұрт бас редакторлыққа белгілі журналист, аталмыш газетте журналистік қызметтен бас редактор қызметіне дейін өскен Тұрсынхан Жаманбаевты келеді деп күткен. Алайда экс әкім Абдалы Нұралиев бұл салада жұмыс істеген былай тұрсын, есігінен де сығалап көрмеген Серік Өтегеновты редактор етіп тағайындап, онсыз да оңбай тұрған кадр мәселесін одан сайын ушықтырды. Өзін идеолог санайтын Өтегенов келген бетте бұл саланы ұршықша иіретінін, газетке жаңа бір леп әкелетінін жеткізді. Дегенмен айтылған сөз айтылған жерде қалып қойды. Жаңа басшыдан жаңаша көзқарасты күткен журналистер үміттерінің ақталмайтынын арада апта өтпей-ақ аңғарды. Кеңестік жүйенің тәрбиесінде өскен Өтегенов журналистеріне шындықтың бетіне тура қарай алмайтын жігерсіз екенін байқатып алды. Оны былай қойғанда газет мазмұндық жағынан тоқырауға ұшырап, стилистикалық, грамматикалық қателерден көз ашпайтын болды. Ал, аудандық ішкі саясат бөліміне газеттің осы шалажансар күйі қолайлы секілді ме қалай, әлі күнге бұл мәселеге бас ауыртқан емес.
«Айы оңынан туды» деген осы шығар газетке бас редактор болып Серік Өтегенов келді де Өтегенова корректорлықтан орынбасарлыққа бірақ секірді. «Бақсақ бақа екен» демекші Мереке Өтегенова ханым бас редактор Серік Өтегеновтің де «келіні» екен. Бұнысы қалай деп бас қатырып жүргенде басқа да заңсыздықтар бұрқ ете қалды. Бұнысы тіпті сорақы. Газет дизайнері Расул Тогушақов бала күтіміне байланысты демалыста отырған Перизат Кабираеваның орнында жұмыс атқарған болатын. Ал, мамырдың 23 жұлдызынан бері П.Кабираева өз жұмыс орнына шықты. Соған қарамастан Р.Тогушақов жұмыстан кеткен жоқ және бүгінгі таңда программист болып қызмет атқарып жүр. Осы жерде үлкен қарама-қайшылықтың басы қылтияды. Себебі, аудандық газет сәуір айының 9 жұлдызында ЖШС болып қайта құрылды. Штаттың қысқаруына байланысты екі-үш қызметкерді жұмыстан босатты. Жаңа штат кестесі әлі бекітілген жоқ. Соған қарамастан Расул Тогушақовқа программист штатын ашып берген. Оны былай қойғанда екі қызметкерді тағы алып отыр. Сонда штат кестесі бекітілмей жатып ол қызметкерлерге штатты қайдан алды деген заңды сұрақ туады. Әйтеуір, аудандық газетте былық көп, бірақ соны көретін көз жоқ болғаны өкінішті. Сіз не дейсіз, құрметті оқырман.
«Abai.kz»