Жексенбі, 13 Қазан 2024
2031 0 пікір 16 Ақпан, 2022 сағат 17:20

ЛРТ ісі: Мәсімов айыпталушы емес

Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековтің ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің жанжал тудырған LRT ісін тергеуге кедергі келтіргені туралы ақпаратына түсініктеме берді.

Қанат Сұлтанбеков қаңтар айында әлеуметтік желіде Кәрім Мәсімовты жазықсыз адамдарды заңсыз қудалады және жолдастарының қылмысын жасырды деп айыптаған болатын.

«Енді сіз, Мәсімов, «Астана LRT» жобасының тергеуіне неге қатты араласып, өзіңізге берілген бар өкілеттікпен менің айғақтарыма жол бермей, жобаның ақшасын жымқырды деген айыптың барлығын маған жауып тастағаныңыз белгілі болды. Өйткені, 2015 жылы желтоқсанда осы жобаның несиелік құжаттарына қол қойған кезде Қытай даму банкінен несие алудың бастауында өзіңіз тұрдыңыз»,- деп жазды Сұлтанбеков.

Прокуратура Астана LRT ісі бойынша Мәсімовтен жауап алынды ма? деген сұраққа өз жауабын берген.

«Сұлтанбековтің ҰҚК-нің бұрынғы басшысы К. Мәсімовке қатысты жариялауына қатысты, соңғысының іс бойынша айыпталушы болып табылмайтынын, сондықтан одан жауап алудың қажеті жоқ екенін хабарлаймыз», – деп түсіндірді прокуратура.

Прокуратураның Қанат Сұлтанбековтің өзі АҚШ-та, ал Astana LRT компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан Түркияда деген болжам бар екенін айтады.

«Осыған байланысты Арданды экстрадициялау материалдары Түркияға жіберілді. Онда бұл елдің құзырлы органдары оны анықтау және ұстау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сұлтанбековке де экстрадициялау туралы сұрау салу жіберілді. Оны Қазақстанға беру мүмкіндігі бар. АҚШ-тың құзырлы органдары қарастыруда», – деді Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасы.

Еске сала кетсек, Сұлтанбеков пен Арданға қатысты оларды күдікті деп тану туралы шешім қабылданған еді.

Abai.kz

0 пікір