Ақиқатын айтсақ ащы, Балалар дәрігері тапшы...
Он жылдың ішінде елімізде бала өлімі 14,9 пайызға төмендеген. Ал 2010 жылмен салыстырғанда, 1000 грамға дейінгі, яки өте қауіпті салмақтағы шараналардың тірі қалып, өмір сүруі 1,6 пайызға ұлғайыпты. Әйтсе де, медицинаға енгізілген жаңа технологиялармен жұмыс істейтін білікті маман тапшы. Бұл жөнінде еліміздегі балалар дәрігерлерінің VII съезінде белгілі болды.
Он жылдың ішінде елімізде бала өлімі 14,9 пайызға төмендеген. Ал 2010 жылмен салыстырғанда, 1000 грамға дейінгі, яки өте қауіпті салмақтағы шараналардың тірі қалып, өмір сүруі 1,6 пайызға ұлғайыпты. Әйтсе де, медицинаға енгізілген жаңа технологиялармен жұмыс істейтін білікті маман тапшы. Бұл жөнінде еліміздегі балалар дәрігерлерінің VII съезінде белгілі болды.
Биылғы балалар дәрігерлерлерінің VII съезі Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Жиынға еліміздің бас дәрігерлері ғана емес, арысы - Германия, Венгрия, берісі - Тәжікстан, Қырғызстан, Украина Ресейден білікті дәрігерлер қатысып, балалар денсаулығын жақсарту жолдары һәм дертті ерте анықтау мәселелерін ортаға салды. «Соңғы он жылда денсаулық сақтау саласын қаржыландыру он есе ұлғайды. Соның арқасында метариалдық-техникалық база жақсарып, бірқатар жаңа технологиялар енгізілді» дейді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Сәуле Нұқышева. Елімізде балалар денсаулығын барынша жақсарту мәселелері жан-жақты қамтылып отыр. Мәжіліс депутаты Айткүл Самақованың айтуынша, елімізде қабылданған мемлекеттік бағдарламалар ұлт денсаулығын қалыптастырып, сақтауға барынша оң ықпал етіп отыр. Соңғы үш жылдың ішінде бала өлімі 11 пайызға қысқарса, туу көрсеткіші 25 пайызға артқан. «Бүгінде елімізде бірқатар ірі денсаулық сақтау мекемелері көптеп ашылуда. Денсаулық сақтау саласына жаңа технологиялар енгізіліп, барынша жағдай жасалып жатыр. Дегенмен әлі күнге білікті мамандар тапшы. Бұрыннан еңбек етіп, білігі мен білімінің арқасында жетістікке жеткен аға буын дәрігерлерді құрметтеуіміз керек. Алдыңғы буын кейінгі толқынға өз дәрежесінде білім беріп, үлгі болуы тиіс. Қанша жерден ғылыми тұрғыда озық дәрежеге жеткен техника болғанымен, оны басқара алатын маман болмаса, бәрі бекер» дейді Айткүл Самақова.
Әрине, балалар денсаулығын сақтау саласы бірқатар жетістікке қол жеткізді. Мәселен, балалар кардиохирургиясы дамып, биыл елімізде тұңғыш рет шеміршек майын трасплантациялау бойынша үш операция жасалды. Әйтсе де, шешімін таппаған мәселелер де жетерлік. Елімізде балалар жаппай С гепатитіне шалдығып, халықты біраз дүрліктіргені есте. Осы орайда, съезге қатысушылар түрлі гепатит дерті мен ЖҚТБ-ны ертерек анықтау жағы ақсап тұрғанын жасырмады. Қателіктердің белең алуына дәл осы мәселе себеп болып тұр. Әлі күнге дейін елімізде түрлі сырқаттарды жұқтыру мәселесі толыққанды зерттелген жоқ.
Денсаулық сақтау саласының ең өткір тұсы - ана мен баланың денсаулығы. Еліміздің бас педиатры Гүлнар Кенжетайқызының айтуынша, 2008 жылы еліміз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесімен өлі-тірі туылу ұстанымын қабылдады. Яки, аз салмақта немесе мерзімінен бұрын туылған сәбилердің өмірін сақтап қалу аса маңызды болып отыр.
2008 жылдан бері сәби өлімі 20 пайызға төмендесе, 5 жасқа дейінгі бала өлімі соңғы он жылда 37,8 пайызға қысқарған. «Еліміздің педиатрия саласында проблемалар бар. Дәл қазір кадр тапшылығы анық байқалады. Әсіресе, неонотологтар мен реаниматологтар жетіспейді. Өйткені аталмыш екі саланы меңгеру оңай емес. Қазір 500,700,1000 грамм салмақпен туылған балалардың өмірін сақтап қалу үшін барлығын жасаудамыз. Әрине, балаларды тудырып, күту өте қиын. Осы ретте неонотологтардың жетіспеушілігі анық сезіледі» дейді Гүлнар Кенжетайқызы.
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ
"Айқын" газеті