Министр Аймағамбетовке үшбу хат!
Редакция: Abai.kz ақпараттық порталының электронды поштасына бір топ оқытушыдан ҚР Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің атына жазылған үшбу хат келіп түсті. Онда оқытушылар ғылыми атақ алу үшін шетелдік басылымдарға ақылы мақала жариялау туралы талапты алып тастауды сұрайды.
ҚР Білім және ғылым министрі
Асхат Аймағанбетовке!
ҚР Парламенті депутаттарының назарына!
Біз ЖОО саласында істеп жүрген оқытушылармыз. ЖОО саласына арналған кейбір заңдар мен құжаттарда, біздің ойымызша, қателіктер бар.
1. Ғылыми атақ алу үшін біз өте көп жұмыс атқаруымыз қажет. Бізді ҚР Білім және ғылым министрлігі бірнеше жыл заң ретінде шетелдік қымбат жеке-меншік басылымдарының журналдарында ғылыми мақала жариялауды міндет қылып отыр. Бір мақаланы шетелде жариялау үшін 2000-3000$ қажет. 150$ еңбекақы алатын оқытушылар, қалай 2000$-ға бір мақала жариялайды? Сонда ҚР-ның профессор атағын алу үшін шетелдік қымбат жеке- меншік компанияларына қазақ ғалымдары кем дегенде 6000$ төлеулері керек пе?
«Профессор ғылыми атағы ғылыми атақ беру туралы өтініш берген ұйымда толық «ставкада» жұмыс істейтін қауымдастырылған профессор (доцент) немесе аға ғылыми қызметкер ғылыми атағы бар үміткерлерге мынадай жағдайларда беріледі:
1) қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағын алғаннан кейін ғылыми және (немесе) ғылыми-педагогикалық қызметте 5 жылдан кем емес, оның ішінде жоғары оқу орнында профессордан төмен емес лауазымда немесе ғылыми ұйымда тиісті лауазымда, жоғары оқу орнының немесе ғылыми ұйымның басшысы, жоғары оқу орны басшысының орынбасары, бөлімшелер басшылары лауазымдарында 2 жыл үзіліссіз өтілі;
2) қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағын алғаннан кейін үміткердің мамандығына сәйкес келетін мерзімді ғылыми басылымдарда жарияланған 28 (жиырма сегіз) ғылыми мақаласы (тезистер емес), оның ішінде уәкілетті орган ұсынған басылымдарда 20 ғылыми мақала және халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда (Clarivate Analytics (Кларивэйт Аналитикс) компаниясының Journal Citation Reports (Жорнал Цитэйшэн Репортс) деректері бойынша 1 және 2 квартильге кіретін немесе Scopus (Скопус) деректер базасында CiteScore (СайтСкор) бойынша процентиль көрсеткіші үміткердің мамандығына сәйкес ғылыми сала бойынша кемінде 50 болатын 3 ғылыми мақала. Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласында ғылыми атаққа үміткер тұлғалар үшін Clarivate Analytics (Кларивэйт Аналитикс) компаниясының Web of Science Core Collection (Веб оф Сайенс Кор Коллекшн) деректер базасында Arts and Humanities Citation Index (Арт энд Хьюманитис Цитэйшэн Индекс), Science Citation Index Expanded (Сайенс Цитэйшэн Индекс Экспандид), Social Sciences Citation Index (Сошиал Сайенсиз Цитэйшэн Индекс) индекстелетін мақалалар мен шолулар да есепке алынады. Халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдардағы мақалалар "Мақала" (Article (Артикль) немесе "Шолу" (Review (Ревью) түрінде болады және көрсетілген базалардағы журналдың тақырыптық бағытына сәйкес келеді. Бұл ретте Journal Citation Reports (Жорнал Цитэйшэн Репортс) деректері бойынша квартиль немесе Scopus (Скопус) деректер базасында CiteScore (СайтСкор) бойынша процентиль көрсеткіші тиісті деректер базасында көрсетілген жариялау жылына ескеріледі. Егер Scopus (Скопус) және/немесе Web of Science (Веб оф Сайенс) базасында халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдың индексациясы бұзушылықтарға байланысты тоқтатылған жағдайда, осы журналдағы үміткердің барлық мақаласы ескерілмейді. Мақаланың мазмұны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 12 қаңтардағы № 20 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13409 болып тіркелген) бекітілген Ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдар тізбесіне қосу үшін ғылыми басылымдарға қойылатын талаптардың 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес болады.
Ғылыми мақалалар халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда талап етілген мақалалар санынан артық болған жағдайда, осындай журналдағы 1 (бір) мақала уәкілетті орган ұсынатын басылымдардағы 2 (екі) мақала ретінде саналады. Америка құрама штаттары, Еуропалық одақ және Жапония елдерінің Clarivate Analytics (Кларивэйт Аналитикс) компаниясының Web of Science (Вэб оф Сайнс) деректер базасындағы Derwent Innovation Index (Дервент Инновэйшн Индекс) енгізілген патенттер халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдардағы ғылыми мақалалар ретінде саналады. Бұл ретте патенттер ғылыми мақалалардың 20%-дан көбін алмастыра алмайды.
Өнертабысқа патенттер уәкілетті орган ұсынған басылымдардағы мақалалардың 20%-дан көбін алмастыра алмайды;
3) Ғылыми кеңес ұсынған және қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағын алғаннан кейін жарияланған монографиясы (авторлығы кемінде 6 баспа табақты құрайтын), не Ғылыми кеңес немесе Республикалық оқу-әдістемелік кеңес немесе уәкілетті мемлекеттік орган ұсынған жеке жазылған оқулығы (соңғы 5 жылда басылған, жалпы көлемі 6 баспа табақтан кем емес, білім беру процесінде кемінде 1 оқу жылы пайдаланылады), не оның басшылығымен диссертация қорғаған және ғылыми дәрежесі (ғылым кандидаты, ғылым докторы, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор академиялық дәрежесі немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі бар 3 тұлғасы.
Осы Ереженің 5-тармағының 2) тармақшасында көрсетілгендерге қосымша (кем дегенде бір ғылыми саладан Clarivate Analytics (Кларивэйт Аналитикс) компаниясының Journal Citation Reports (Жорнал Цитэйшэн Репортс) деректері бойынша 1 және 2-ші квартильге кіретін немесе Scopus (Скопус) деректер базасында CiteScore (СайтСкор) көрсеткіші кемінде 50 болатын) халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда жарияланған 5 ғылыми мақаласы болған жағдайда осы Ереженің 5-тармағының 3) тармақшасының талаптарын орындау талап етілмейді.
5-1. Профессор ғылыми атағы ғылыми атақ беру туралы өтініш берген ұйымда толық ставкада жұмыс істейтін үміткерлерге мынадай жағдайларда беріледі:
1) диссертация қорғағаннан кейін ғылыми және (немесе) ғылыми-педагогикалық қызметте 8 жылдан кем емес, оның ішінде жоғары оқу орнында қауымдастырылған профессордан (доценттен) төмен емес лауазымда немесе ғылыми ұйымда аға ғылыми қызметкер лауазымында, жоғары оқу орнының немесе ғылыми ұйымның басшысы, басшысының орынбасары, бөлімшелерінің басшылары лауазымдарында 2 жыл үзіліссіз өтілі;
2) диссертация қорғағаннан кейін жарияланған сұратылған мамандық бойынша 42 ғылыми мақаласы (тезистер емес), оның ішінде уәкілетті орган ұсынған басылымдарда 30 және осы Ереженің 5-тармағының 2) тармақшасының талаптарын қанағаттандыратын халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда 5 ғылыми мақаласы;
3) Ғылыми кеңес ұсынған және диссертация қорғағаннан кейін жарияланған кемінде 2 монографиясы (авторлығы кемінде 10 баспа табақты құрайды), не Ғылыми кеңес немесе Республикалық оқу-әдістемелік кеңес немесе уәкілетті мемлекеттік орган ұсынған жеке жазылған оқулықтар (соңғы 5 жылда басылған, жалпы көлемі 12 баспа табақтан кем емес, білім беру процесінде кемінде 1 оқу жылы пайдаланылады), не оның басшылығымен диссертация қорғаған және ғылыми дәрежесі (ғылым кандидаты, ғылым докторы, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор академиялық дәрежесі немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі бар 4 тұлғасы.
Осы Ереженің 5-1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілгендерге қосымша (кем дегенде бір ғылыми саладан Clarivate Analytics (Кларивэйт Аналитикс) компаниясының Journal Citation Reports (Жорнал Цитэйшэн Репортс) деректері бойынша 1 және 2-ші квартильге кіретін немесе Scopus (Скопус) деректер базасында CiteScore (СайтСкор) көрсеткіші кемінде 50 болатын) халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда жарияланған 7 ғылыми мақаласы болған жағдайда осы Ереженің 5-1-тармағының 3) тармақшасының талаптарын орындау талап етілмейді.»
Барлық алдымызға қойылған, онсызда өте қиын талаптарды істеп, тек ғана шетелде шығаралмаймыз. Өйткені: 1. Бір мақаланы шетелде жариялау үшін 2000-3000 $ қажет.
2. Шетелдік журналдардың өздері айтылған басылымдарға бір жылы кіреді, екінші жылы кірмеуі мүмкін. Егер журнал шығып басылымнан кетсе біздің министрлік ондай мақалаларды ғалымға ескермейді.
3. Шетелдіктер ақшаны алып, мақаланы әртүрлі себептермен қайтарып жіберуі мүмкін. Төлеген ақшаны қайырмайды.
Біздің қойып отырған сұрақтарымыз:
Бұл не сұмдық, неге өз-өзімізді менсінбейміз? 150$ еңбекақы алатын оқытушылар, қалай 2000$-ға бір мақала жариялайды? Сонда ҚР-ның профессор атағын алу үшін шетелдік қымбат жеке-меншік компанияларына қазақ ғалымдары кем дегенде 6000$ төлеулері керек пе?
Егер әрбір қазақ ғалымдарының ақыл-ой жұмыстары, атағы шетелдік жеке меншік журналдардан тәуелді болса, ҚР Конституциясында жазылған, ҚР - тәуелсіз мемлекет қалай болады? Осы министрліктің заңдары мен талаптары ҚР Конституциясын бұзып отыр деп есептеле ме? Тәуелсіздігіміз қайда?
Басқа мемлекеттерде, мысалы: РФ-да профессор атағын алу үшін өмір бойы – 1 оқу құралын, 3 - ВАК журналдарында мақаласын шығару жетеді.
Бізге сонша не болды? Кімнен асып-түсіп отырмыз? Біздікі тіпті қорғаудан бұрын..., қорғаудан кейін ... деп, соңғы 5 жыл аралығында..., 1 жыл оқу үдерісінде қолданған.... деп мылжып та кетіпті!
Біздің мемлекетте тек ғана бір ЖОО-ның бар халықаралық атағы бар – Назарбаев университеті. Басқа ЖОО-лар республикалық, аймақтық болып саналады, яғни өз мемлекетімізге маман дайындаймыз. Осыған орай бізге ағылшын тілі магистратураға, докторантураға түсуге қажет емес. Бұндай оқу бітірген маман өз мемлекетімізде қалу қажет. Кім шет елде жұмыс істегісі келеді, халықаралық университеттерін бітірсін. Бізге бұндай шет елдерге бағыну талаптар тек ғана бір ой тудырады – қазақты қаңғыртып жіберу мақсатын. Өз елінен, өз жерінен кетіру! Ағылшын тілінен емтихан тапсыралмай жүрген қаншама дарынды қазақтың жастары бар.
Біздің өтінішіміз: ҚР қазақ ғалымдарына, министр ретінде, депутат ретінде, шетелден бостандық беруге көмек берсеңіздер. Талаптардың ішінен осы шетелдік мақала жариялауды алып тастауға қөмек көрсетсеңіздер. Осы мәселені мемлекет басшыларының алдында көтерсеңіздер. Біз айтып-айтып шаршадық. Бізді ешкім тыңдамайды.
Abai.kz