Хат жазып тұр
Қазіргі цифрлы заманда түрлі байланыс құралдарының пайда болуы дәстүрлі хат жазуды ығыстырып тіпті ұмыттырып бара жатқандай. Көпшілігіміз телефон барда қолға қалам алып, қағаз бетіне түсіріп әуре болудың қажеті қанша дейміз. Дегенмен де телефондағы жазған хаттар есте ұзақ тұрмайды, техниканың аты техника, жиі ауыстырамыз, хабарламалар өшіп кетеді немесе біреуден келген хатты сол күйі екінші біреуге жіберіп жатамыз. Ал, қағаз хаттың құдіреті де сонда, жылдар өтсе де, келген хаттарды қайта қарап, көп естеліктерді еске түсіріп, шабыттандырып, сол кездегі эмоцианы сақтап қалады.
Биыл қазақтың көрнекті қайраткері Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің жеке тектік қорында сақталған Ғ. Мүсіреповтің құжаттарының арасынан әйгілі жазушы Сәбит Мұқановтың «Бір өтініш, мұны өзіңнен басқаға сирек көрсет» деп жазғаны көзге түсті. Екеудің достықтарынан сыр шертетін бұл хатты назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз.
Хаттың өте бағалы қазына екеніне, өзегіне құнарын енгізген, жадыратқан тұстары, мызғымас махаббат, құпия мәлімет пен сырлардың куәсі екеніне тағы да көз жеткізе түсетініміз анық.
Аз күн айрылғандағы ескерткіш
Ғабит!
Сен білмейтін ішімде сырым барма?
Сен сезбейтін қайғы мен мұңым барма?
Тап сенен жасыратын, көлтелейтін,
Не өтірік, болмаса шыным барма?
Саған мәлім мен жүрген жас баламын,
Болмашы іске шаттанып қуанамын,
Көзімнен жасым ағып жылап тұрып,
Минутта қайта күліп уанамын!
Бір уақыт аласұрған дуанамын,
Бір уақыт батыр болып туа аламын.
Бір уақыт желді мініп есіп, кешіп,-
Жын, шайтан, албастыны қуаладым
Бір уақыт әлде қандай есті жағын,
Бір уақыт пері соққан жандай бармын,
Бір уақыт шідер үзер тентек болып,
Бір уақыт жуас момын бола қалдым.
Бұл сырымның бәрі де саған мәлім,
Он саусақтай білесің мұның бәрін,
Әсіресе қазіргі сағатымда-
Көзім болсаң, жүрегім жанған жалын
Сенде, менде ұмытпай ескерерміз,
Қызық, қайғы бәрінде тексерерміз,
Көріспей сағынысқан уақыттар,
Жазылған ескерткішті сеп көрерміз.
Шын достық еш уақытта ұмытылмас,
Қайнаған шын махаббат суытылмас,
Әлде қандай көре алмас заман болса,
Осыны оқып жылада, мауқыңды бас.
Жаныңа жанын балайтын бауырың: Сәбит
18/XII.1923 жыл
ҚР ОМА 1864 қор, 1 тіз., 706- іс, 2 п.
Даут Кулай
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің
Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің
«Орталық мемлекеттік архив» РММ
Жеке тектік архивтермен және
тарихи-құжаттық топтамалармен
жұмыс жасау бөлімінің
жоғары деңгейдегі архивисі
Abai.kz