Жұма, 1 Мамыр 2026
Әдебиет 138 0 пікір 1 Мамыр, 2026 сағат 12:53

Өлген кітаптар

Сурет: massaget.kz сайтынан алынды.

***

Таңға жуық тас жолдан
Ауаны қақырата,
Машиналар зулап өтеді.
Мен мүрделердің арасында,
Шым-шырық түс көремін.
Адамзаттың арыстан жүректі ұрпақтары,
Тасқа айналып,
Даладан қалаға көшкен.
Мелшиген сорлы тас,
Өз зәузатының есінен, Ерлігімен қоса
Әлдеқашан көтерілген.
Мүрделермен бірге өмір сүремін,
Олар тірілуге талпынады,
Ауаны қармаған жанарларында,
Үміт, нала, өткеннің қайғысы бар.
Кітаптардың көбісі анасынан өлі туған,
Сондықтан олар жанның сезімін кешнеген.
Ал тірілері ше,
Олар да бүгін бәрібір,
Тілін тістеп архивке айналған.
Кітаптар өлді...
Құдайдан әлі хабар жоқ!
Мүмкін, ол да...

Іздер және мен

Қай мезгіл екені есімде жоқ,
Өң мен түстің арасында,
ілбіп келемін.
Артымда қалған іздерім,
Орындарынан көтеріліп,
Қайда бара жатырсың?-Деп дауыстайды
Менің оларға бұрылуға,
Дәрменім жетпейді.
Барынша жылдамдап,
Олар жетіп алатындай,
Қашып келемін,
Іздер өкшелеп қуады.
Ескілі-жаңалы іздер,
Мен сендерді жетелеп келемін.
Ал мені кім ертіп барады,
Ол маған жұмбақ.
Сәт сайын Артымдағы іздерім,
Қайда барасың?-деп үздігеді.
Білмеймін,
Мүмкін, адасып барамын.

Көктем бүрлегенде

Көктемде алма ағаштар бүршік атқанда,
Жүрегімде қайғы бүрлеп гүл ашады.
Былтырдан қалған жаралы жапырақтар,
Өмір мен өлімнің,
Арасындағы бейбақтар.
Жас өркендер алақан жайғанда,
Жадымда елесі ғана қалған,
Ескі бір сағыныш бас көтереді.
Ауеде әсем шеңбер сызып ұшқан.
Құстардың әуені,
Жанымды елітеді,
Олар еркіндік періштелері
көгілдір ауамен,
Көк аспанды аңсайды.
Ал менің танауыма оқ-дәрінің иісі келіп,
Аядай аулада тынысым тарылады.
Кеңістікте қарқылдаған қарғалар
Қанаттарынан ажал сусылы есіп,
Кеудеме қонақтауға ұмтылады.
... көктем бүрлегенде

Шеңбер

Біз көнсентрлі шеңберлерміз,
Сен менің ішімде жатасың.
Мен сенің сыртыңдамын.
Ал сен болсаң,
Бұған мойындағың келмейді.
Мен сыртыңдамын дейсің.
Онда мен де іште қалуды мойындамаймын.
Сентрді ауыстырсаң ғана сыртқа шығасың,
Алайда ол тым мүшкіл хал.
Әрине, екеміз де
Әлемнің қап-қараңғы құрсағының ішіндеміз.
Сырқа шығу үшін,
Сентрден ауытқуымыз керек.
Тек сонда ғана ғаламның сыртында,
Бізді бостандық қарсы алады.

Жолдар

Аспанда да жолдар бар,
Жердегі жолдардан аласа.
Көктей өткенде құс жолын,
Жұлдыздар табанымның астында
Жайрап жатады.
Бейне жалған маржан-моншақтар сияқты.
Олар енді жымыңдап алдай алмайды,
Себебі қазір зеңгірде емес,
Үйшіктің ішінде жылтылдайды.
Төбемде тек бос кеңістік,
Төменде иір-қиыр
Қара айдаһардай ысқырған жолдардан
Үрейім ұшады.
Адамзат баласы баспаған,
Шексіз кеңістікте тербеліп тұрған,
Ғайыптағы сол жолдар,
Тіршілікті қайда жетелеп барады.

Тұрдыхан Айдарханұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 138
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 169