Сенбі, 23 Қараша 2024
Жазылған жайдың жалғасы... 5872 13 пікір 9 Наурыз, 2022 сағат 10:42

«Жаңартылған оқу бағдарламасы» деген не?

Үстіміздегі жылдың төртінші ақпаны күні Білім және ғылым министрлігінің әлеуметтік парақшасында: «Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында министр Асхат Аймағамбетов қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқу бағдарламасы жаңартылатынын айтты»,-деген ақпарат халық арасында, әсіресе қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдері арасында желдей есті. Тіпті, бір-бірінен сүйінші сұрап, араларында мені де құттықтап жатқандары да бар.

Мені құттықтаудың негізгі себебі: «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасы жаңартылады»,-деген әлеуметтік парақшадағы министрлік жазбасынан тура екі күн бұрын, яғни 2022 жылдың 2-ақпаны күні «Abai.kz» порталында жарияланған «Сіз қателесесіз, министр мырза» атты мақаламда «Жаңартылған оқу бағдарламасын» сынап, «Орта мектептерде білім беру мен қазақ тілі және әдебиеті пәнін оқытудың Ұлттық тұжырымдамасының» жобасын ұсынған болатынмын. Мақаланы екі күнде 38000-нан (отыз сегіз мың) астам адам оқып, 800-ден (сегіз жүз) астам адам өз пікірлерін жазды. Жазылған пікірлерді сараптай отырып айтпағымыз: Ұлттық мектептерде білім беру мен қазақ тілі және әдебиеті пәнін оқытудың «Ұлттық тұжырымдамасын» қабылдауға ешкім де қарсы емес. Керісінше, бәрі де бір ауыздан қуана қолдаған. Сегіз жүзден астам, дәлірек айтқанда 886 (сегіз жүз сексен алты) пікірдің бесеуі ғана мақалада көтерілген «Білім берудің Ұлттық тұжырымдамасына» емес, «Жаңартылған білім бағдарламасының» кейбір мәселелеріне қатысты өз қолдау-пікірлерін жазған.

Қарсы пікір жазған бес адамның аты-жөніне дейін білемін. Сол бесеудің біреуі – Али Назарбек деген азамат.(«Фейсбук» парақшасында аты-жөні қалай жазылса, сол жазу бойынша келтіріп отырмын) Али Назарбектің: «Грамматика оқытылған алдыңғы 25 жылда неге қазақша үйрете алмадық? Мақала қате деректерге сүйеніп жазылған»,-деген пікіріне Айжан Сағымжан атты қарындасымыз Али Назарбектің сұрағына жауап бере келе, мақалада көтерілген мәселелерді қолдайтынын айтып, өз пікірін нақты мысалдармен дәлелдеген.

Жанат Нұрлыбаева есімді азаматша: «Жаңартылған оқу бағдарламасында грамматика бар. Мақала жұртты елең еткізу үшін жазылған»,-десе, Алия Дусчанова: «Мұндай үндеулер тек мұғалімдер арасында резонанс тудырып, министрлікке қарсы қою үшін жазылады»,-дей келіп: «Жаңартылған оқу бағдардарламасын» қолдайтынын айтқан. Сондай-ақ, «Жаңартылған оқу бағдарламасын» Ақерке Кайырова және Ешимова Ұлтай есімді азаматшалар да қолдайтынын жазыпты. Үстіміздегі жылдың 2 ақпаны күні «Abai.kz» порталында жарияланған «Сіз қателесесіз, министр мырза» атты менің мақаламда көтерілген мәселелерге орай «Фейсбук» парақшасы мен «Abai.kz» порталында жазылған 886 пікірдің 5-еуі ғана, тағы да қайталаймыз: «Білім берудің Ұлттық тұжырымдамасына» емес, мақалада көтерілген кейбір мәселелерге байланысты ғана өз қарсылықтарын білдірген. Әрине, азаматтық қоғамда пікір қайшылығының болуы – заңды құбылыс. Сондықтан да, менің мақалама қарсы пікір білдірген жоғарыда аты аталған азаматттарға алғыстан басқа айтарым жоқ.

Тек қана Жанат Нұрлыбаеваның: «Жаңартылған оқу бағдарламасында грамматика бар. Мақала жұртты елең еткізу үшін жазылған»,-деген пікіріне орай менің айтарым:

–  Айналайын, Жанат! Жұртты елең еткізіп, танымалдылыққа ұмтылатын жастан мен әлдеқашан өтіп кеткенмін. Егер, сен менің мақаламды мұқият оқысаң онда: «Жаңартылған оқу бағдарламасында» грамматика бар деп те, жоқ деп те айта алмайсың», –  деп жазғанмын. Одан ары қарай: «Жаңартылған оқу бағдарламасында» қазақ тілі грамматикасы белгілі бір ғылыми жүйемен жазылмағандықтан да оқушылар қазақ тілі грамматикасын естеріне сақтай алмайды. Мысалы: 5-сынып қазақ тілінде «Фонетика», «Лексика», «Морфология» салаларының басын бір жерге қосып, қойыртпақ быламық жасап жіберген. Міне, осындай белгілі ғылыми жүйе болмауы себепті де «Жаңартылған оқу бағдарламасында» қазақ тілі грамматикасын бар деп те, жоқ деп те айта алмайсың»,-деп жазғанмын. Сол пікірімнен әлі айнығам жоқ.

Көп пікірдің ішінен Мұрат Қойшыбайұлы жазбасында айтылған ой мүлдем бөлек. Сөзбе сөз келтірейін. Мұрат Қойшыбайұлы: «Нұрғали, «Жаңартылған оқу бағдарламасы» секілді білім реформалары арқылы еліміздің қалыптасқан білім жүйесін тас-талқан етіп, ұлт болашағын жойып, тәуелсіздігіміздің тамырына балта шауып жатқандай болып көрінеді,-депсің. – Бұған Аймағамбетов кінәлі емес. Егер диктанттан өзің сабақ беретін 11-сыныптың 48 оқушысының бесеуі – «3», қалғаны «2» алса өзің кінәлі емессің ба? Отыз жыл бойы білім саласында сәтсіз реформалар жасалғаны рас. Оны екі-үш жылда түзете қою мүмкін емес»,- деп жазады. Өте дұрыс! Көзі ашық, көкірегі ояу, санасы жоғарғы деңгейдегі білімді азамат екендігі көзге анық көрініп тұр.

Ұлттың болашағын білім шешеді. Бұл – аксиома! Сондықтан, білім саласында жасалынатын кез-келген реформаны қалай болса солай емес, ғылыми негізде, мұқият зерттей келе, түрлі деңгейдегі мектептерде ұзақ уақыт сынақтардан өткізе отырып, аса сақтықпен жүзеге асырған дұрыс,-деп есептеймін. Себебі, білім саласында жасалынған реформалардың кішкене ғана қателігінің құнын – кейінгі ұрпақ өмір бойы төлеп қалуы бек мүмкін!

Мұраттың сөзіне толық қосылам! Елімізде сәтсіз жасалынған «білім реформалары» үшін Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов кінәлі емес. Кінәлі – мектептерді «реформалардың» сынақ алаңына айналдырған біздің жемқор жүйе! Сол «жемқор жүйенің» дегеніне көніп, ұлт болашағына немқұрайды қарап келген біз, зиялы қауым кінәліміз! Өткенде, әлеуметтік желіде министр А.Аймағамбетовті орнынан алып тастау керек деген мәселе көтерілді. Тіптен кейбіреулер осы жағдайға байланысты адамдардан қол да жинап жатты. Менің де түсінбейтінім осы мәселе: Жүйе өзгермей, бір адам не өзгерте алады? «Аймағамбетов» кетсе орнына «Баймағамбетов» келеді. Бұдан не өзгереді?!

Білім саласының жүйесін дұрыстау үшін осыдан бір ғасыр бұрын Ұлттық демократиялық «Алаш» партиясының бағдарламасында айтылған: «Оқу жолы өз алды автономия түрінде болуы, үкімет оқу ісіне кіріспеуі керек»,-деген ұстанымды (Ә.Бөкейхан. Шығармалары. 256-бет. IX том. «Сарыарқа» Астана, 2016 жыл) заңнамалық негізде жүзеге асыруға тиістіміз,-деп ойлаймын.

Мұрат бауырым! Пікір жазбаңның соңында: «Өзің сабақ беретін 11-сыныптың 48 оқушының бесеуі – «3», қалғаны «2» алса оған өзің кінәлі емессің ба?»,-деп жазыпсың. Тағы да келісемін. Сөзің орынды. Сабақ беретін оқушысының білімі мен тәрбиесі үшін ата-анасынан кейін жауапкер – мұғалім! Мен де бұл міндетті өз басымнан алып тастап, жауапкершіліктен қашқан емеспін. Қашпаймын да. Иә, мен кінәлімін! Бірақ, ең басты кінәлі – күнәһар, ол – біздің билік! Еліміздің білім саласындағы ешкіммен санасып ақылдаспай, диктатуралық  түрде күштеп жасалынған сауатсыз «реформалар» үшін, «жоғалған ұрпақ» алдындағы ең басты кінәлі жауапкер – еліміздің авторитарлы диктатуралық жүйесі!

Өзім сабақ беретін 11-сыныпта мен үшін кішкене бір «мәселе» бар. Ол мәселе мынау: Диктант алынған 11-сыныптарға мен осы оқу жылының басынан бері қарай яғни, өткен 2021 жылдың қыркүйегінен бастап сабақ беріп келе жатырмын. Бұл – олар үшін мен жауапкер емеспін деген сөз емес. Мәселе мынада: Олар осы жылдың ақпан айының бас жағында ҰБТ тапсырды. Диктанттан «2» алғандардың көбі сол ҰБТ-да «Оқу сауаттылығындағы» 20 сұрақтан – 20,18,17 балл алды. «Оқу сауаттылығынан» сыныптағы ең төменгі балл – 17. Менің болжамым расқа шықты. Мен өз мақаламда: «Диктанттан «2» алғандардың көбі ҰБТ-дағы «Оқу сауаттылығынан» «4» не «5» алады. Бұл сонда қандай білім?!»,-деп жазған болатынмын.

Бұл жердегі басты мәселе; оқушылардың ҰБТ-дан алған жоғарғы балында емес, мәселе: Тіл білімінің грамматика заңдылықтарын меңгермеген мектеп оқушыларының шала сауатты түрде орта мектепті бітіріп шығуында болып тұр. Грамматиканы білмегені үшін олар кінәлі емес! Десек те, білімсіз қалған «жоғалған ұрпақ» үшін кім жауап береді? Обалы кімге? Жазығы не олардың? Міне, мәселе қайда жатыр?! Кейінгі ұрпақ – бүгінгі мектеп оқушыларының кебін киіп қалмас үшін, біз осы мәселені бүгін ойлануымыз керек!

Мен қазір 11-сыныптармен қатар 10-сыныпқа да дәріс жүргіземін. Бүгінгі 10-сыныпқа 8-сыныптан бастап сабақ беріп келе жатырмын. Олар 5-сыныптан бастап, 8-сыныпқа дейін жүйелі түрде қазақ тілі грамматикасын оқымағандықтан, олардың «грамматикасын» жетілдіруді басты назарда ұстадым.

Мамандығыма сәйкес,  мен қазақ тілі пәнінен 15 жыл бойы, ақылы негізде ҰБТ-ға оқушы дайындаған адаммын. «Орта мектеп бағдарламасындағы Қазақ тілі грамматикасының қысқаша курсы» атты оқулық та жаздым. Бұл оқулығым кезінде үлкен сұранысқа ие болып, сол кездегі Оңтүстік Қазақастан облысы білім басқармасының нұсқауымен облыс мектептеріне таратылып, осы күнге дейін 15000 (он бес мың) данасы сатылып кетті. Дәл қазіргі күнге дейін бұл оқулық мектеп мұғалімдері тарапынан да үлкен сұранысқа ие. Мектеп бағдарламасындағы қазақ тілі грамматикасын қалай оқытуды бір кісідей білемін деп ойлаймын. Қазір өзім сабақ беретін 10-сыныпта да қазақ тілі грамматикасын басты назарда ұстап, олардан жазбаша диктантты да жиі-жиі аламын. Бірақ, нәтиже бәрібір ойымдағыдай емес. Неге? Себебі, білім берудің өз жүйесі бар. Мысал үшін: жас бала енді өсіп келе жатқан өсімдік секілді. Сол өсімдіктің су ішетін, топырағын өңдеп, тыңайтқыш беретін өз уақыты бар емес пе? Міне тап сол секілді мектеп оқушыларының да жасына лайық, өз уақытында игеретін тақырыптары бар. Мысалы, 5-сынып оңай игерген тақырыпты, 8,9-сынып өте ауыр түсінеді.  Сондықтан да, білім саласына байланысты менің мақалаларымда көтеріліп жүрген ең негізгі мәселелердің бірі, ол – орта мектептегі жалпы білім, оқушының жас ерекшелігіне байланысты белгілі жүйемен берілуге тиіс. Ал, ол жүйе – ғылымға негізделген ғылыми жүйе болуы шарт.

Естеріңізде болса өткен мақаламдағы мен ұсынған «Білім берудің Ұлттық тұжырымдамасында» грамматиканы меңгеру үшін оқушы қай сыныпта Тіл білімінің қандай саласын, аптасына қанша сағаттан оқу керектігіне дейін бөліп тұрып атап көрсеткенбіз. Айта кететін бір мәселе: мен бұл жерде «ғылыми жаңалық» ашқан ешнәрсем де жоқ. Мен ұсынған «Білім берудің Ұлттық тұжырымдамасындағы» қазақ тілі грамматикасын оқыту – ғасырлар бойы жинақталған ғылыми тәжірибелерге негізделген тұжырымдама болатын. Бұл аталған қазақ тілі грамматикасын оқытудың «Ұлттық тұжырымдамасының» бастауында Қазақ Тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы, Т.Шонанұлы, Құдайберген Жұбанов, Аманжол Сәрсенов, Қордабаев, К.Аханов, І.Кеңесбаев секілді «алыптар тобы» тұр. Ғылымға негізделген оқулық – осы «алыптар тобының» ғылыми еңбектерін бағдаршам етіп ұстануға тиіс. Бұл – бір!

Екінші, 2022 жылдың 2 ақпанында «Abai.kz» порталында жарияланған «Сіз қателесесіз, министр мырза» атты мақаламда көтерілген мәселелерге байланысты сараптамалық ойымды қорытындылай келе айтпағым: Мақалада айтылған «Орта мектептерде жалпы білім беру мен қазақ тілі және әдебиеті пәнін оқытудың Ұлттық тұжырымдамасын» оқыған 38505 ( отыз сегіз мың бес жүз бес) адамның бірде-біреуі «Білім берудің Ұлттық тұжырымдамасына» қарсы болмаған. Керісінше, тегіс қолдау білдірген. «Фейсбук» парақшасы мен «Abai.kz» порталында жазылған 886 (сегіз жүз сексен алты) пікірдің 5-еуі ғана «Жаңартылған білім бағдарламасын» қолдаған. 881 пікірге қарсы 5-ақ пікір! Өте үлкен пайыздық айырмашылық! Демек, бұл деген қазіргі таңдағы қазақ қоғамы «Білім берудің Ұлттық тұжырымдамасына» сусап отыр деген сөз!

2022 жылдың 4 ақпанындағы Білім және ғылым министрлігінің әлеуметтік парақшасында жарияланған: «Министр Аймағамбетов қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқу бағдарламасы жаңартылатынын айтты»,-деген жазба «Білім берудің Ұлттық тұжырымдамасына» сусап отырған қалың көпшілікке, «Abai.kz» порталында жарияланған «Сіз қателесесіз, министр мырза» атты менің мақалама орай министрлік жауабы секілді болып көрінуі де мүмкін. Алайда, менің мақаламның әлеуметтік парақшадағы министрлік жазбасына еш қатысы жоқ.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқу бағдарламасы жаңартылады,-деген пікірді Қазақстан Білім және ғылым министрі Аймағамбетов осыдан үш ай бұрын яғни 2021 жылдың 21 желтоқсанында астанада өткен Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің «Қазақ тілі мен әдебиеті: оқыту мәселелері және жаңа көзқарас» атты республикалық сиезінде айтқан болатын. (Сиездің ІІ бөлімінің толық нұсқасы «Youtube» каналында жүр) Сол сиезде министрдің айтқан сөзін сөзбе-сөз қайталасақ, министр: «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасын жаңарту керек. Оған күмән жоқ. Басы ашық мәселе: Жалпы бұл бағдарлама толығымен жарамайды деп айтуға болмайды. Солай ғой. Функционалдық сауаттылық – қажет мәселе. Біз сөйлеп үйренуіміз керек. Бұл бағдарламаның идеологиясын, философиясын ешкім жоққа шығармайды. Біз осы бағдарламаны жетілдіруіміз керек. Грамматика мәселесін біз ескереміз. Барлық мәселелерді ескеріп, біз жақсы бағдарлама жазып шығуымыз керек»,-деді. Бір сөзін де өзгертіп отырғанымыз жоқ. Министр сол сиезде дәл осылай деді. Бүкіл халық болып, мұғалімдер болып: «Білім берудің Ұлттық тұжырымдамасын» жасау керек. Өскелең жас ұрпағымызды мәңгүрт ететін «Жаңартылған оқу бағдарламасының керегі жоқ»,-десе, министр А.Аймағамбетов: «Біз осы бағдарламаны жетілдіруіміз керек»,-дейді. Халық бір жақ, министр бір жақ!

Айналайын-ау, шек-шеті жоқ, түбі көрініп, таусылмайтын бұл не қылған диктатуралық бюрократия?! Бір жағынан қарағанда, бұған таң қалатын да ешнәрсе жоқ. Тәуелсіздігіміздің 30 жылында біздің үкіметтің Назарбаевтың авторитарлы-диктатуралық режимінен қапысыз үйренгені бір-ақ нәрсе! Ол – диктатуралық бюрократия! Бізде әр бастық өз саласынаң диктаторы. Мектеп директоры – мектептің, аудан әкімі – ауданның, облыс әкімі – облыстың, министр – өз министрлігінің диктаторы. Олардың сөздері: «керек», «қажет», «жасап шығарамыз», «жетілдіреміз»,-деген секілді болып келеді. Олардың білмейтін мәселесі жоқ. Олар бәрін де біледі. Олар үшін халық – тобыр. Сондықтан да олар қарапайым халықпен еш уақытта санасқан емес. Санаспайды да. Өз пікірін айтқан адам олар үшін жаңа заманды түсінбейтін, реформаға кедергі келтіруші – жау. Реформа дегеннен шығады, 30 жыл бойы, жан баласымен санаспай, еш кедергісіз үздіксіз жасалған «білім реформалары» қандай нәтиже көрсетті? Нендей табыстарға жеттік? Бұл сауалдарға 30 жылда ауысқан 17 министрдің бірде-бірі дұрыстап жауап бере алмасы хақ. 30 жылда 17 министр! Осыдан-ақ біздің мемлекетіміздің білімге деген елшілдік тұрғыдағы стратегиялық жоспары болмағандығы айқын көрініп тұр емес пе?! Көпшілік сөзімен санасып, олардың сөздерін пайымға алып, пікірлеріне сараптамалық қорытынды жасау – біздің елдің үкіметі мен министрлігінде еш уақытта болған емес. Әй, білмеймін... болмайтын да шығар. Міне, сондықтан да біз алға басып, дамымастан, тапжылмай бір орында тұрмыз. Әлі қанша уақыт тұрарымызды бір құдайдың өзі біледі... Бізде ешқандай даму жоқ. Мүмкін, мысықтабандап кері кетіп бара жатырмыз...

Адамзат тарихы дәлелдегендей, өркениетке жетіп, дамыған елдердің қатарына қосылудың бір-ақ жолы бар. Ол – демократия жолы! Демократияның негізгі талаптарының бірі – сөз бостандығы. Ол – халық сөзін пайымға алып, көпшілік пікірімен санасу деген сөз! Сондықтан да бізге халық үнін еститін үкімет пен министрлік керек! Бұл – бүгінгі күн талабы! Тықырыптан ауытқып барам білем. «Бір қайғы – мың қайғымды қозғайды»,-деген осы.

Министр А.Аймағамбетовтің сиезде айтқан сөзіне қайта оралсақ. Бас мұғалім А.Аймағамбетовтің сиезде айтқан сөзінен ұққанымыз мынау: Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасына өзгеріс енеді. Жалпы, «Жаңартылған оқу бағдарламасының» идеологиясы мен философиясы дұрыс. Тек, осы бағдарламаны жетілдіру керек екен.

Министр айтқан «Жаңартылған оқу бағдарламасының» идеологиясы мен философиясының мүлдем қате екенін 2021 жылдың 27 мамырында «Abai.kz» порталында жарияланған «Білім берудің Ұлттық концепциясы керек, министр мырза», 2022 жылдың 2 ақпанында тағы да сол «Abai.kz» порталында жарияланған «Сіз қателесесіз, министр мырза» атты мақалаларымда жан-жақты талдап, толық ашып көрсеттім деп ойлаймын. Сондықтан да, осы аталған мақалаларда айтылған ойларымды тағы да қайталап жатудың еш жөні жоқ!

Айта кететін бір мәселе: «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасын жаңарту керек. Барлық мәселелерді ескеріп, біз жақсы бағдарлама жазып шығамыз»,-деген министр сөзінің астарынан тағы да бір «білім реформасының» сұлбасын аңғарғандай болдым. Несі бар? Оған таң қалатын түк те жоқ. Қазақстанның әрбір білім министрі өз «реформасын» сүйреп алып келіп, оны оқу бағдарламасына күштеп енгізетініне біз, Қазақстан мұғалімдері әбден көндігіп, үйреніп кеткенбіз. Ал, біздің елдің шенеуніктері: «Реформаға бір жетсек болды, арғы жағы көктен саулап түсетін миллиондаған ақша...»,-деп ойлайды.

Министр айтқан «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жетілдірілген оқу бағдарламасы», ол қандай бағдарлама? Кімдер жазды? Нені оқытады? Оқулықтар баланың жас ерекшелігіне сай, түсінікті тілде, ғылыми негізде жазылған ба? Бағдарламаның мектеп оқушылары үшін пайдасы мен тиімділігі қандай болмақ? Бұл оқу бағдарламасының бұрынғы бағдарламаға қарағанда тиімді де пайдалы һәм нәтижелі болып шығатынына кім кепілдік береді? Осы және басқа да сұрақтар төңірегін зерттеген ғылыми орталық бар ма? Бар болса ол қандай орталық? Кімдер зерттеді?

Сұрақ көп. Жауап жоқ. «Бағдарламаны жетілдіреміз»,-деген министр А.Аймағамбетов сөзінен басқа біз, қарапайым мектеп мұғалімдері, ешнәрсе де білмейміз.

Елімізде ең көп реформа білім саласында жасалынды. Ол «реформаларға» халық қазынасы – бюджеттен миллиондаған бәлкім, миллиардтаған қаржы жұмсалды. Білім саласының мамандарымен ақылдаспағандықтан нәтижесіз аяқталған бұл «реформаларға» кеткен қаражатқа ешкім де есеп берген жоқ. Оны сұраған да адам болмады. Елімізде жасалынған «білім реформалары» - халық қазынасы бюджеттен ақша жымқырудың жоғарғы шенді мемлекеттік шенеуніктер ойлап тапқан тәсілі ғана секілді. Бар болғаны сол! Ақша бөлініп, «реформа» жасалынса болды. Нәтиже маңызды емес. Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов айтқан қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың «жетілдірілген» бағдарламасы осындай «реформаларға» ұласып кетпесіне кім кепілдік береді?

Осы сөздеріме қарап, мені орта мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытудың «жетілдірілген бағдарламасына» қарсы екен деген ой туындап қалуға тиісті емес. Керісінше, мен қазақ тілі және әдебиеті пәнін оқытудың, «жетілдірілген бағдарламасын» жан-тәніммен қолдаймын! Бірақ, білім саласындағы үздіксіз «реформалардан» әбден шаршап қажыған қарапайым мектеп мұғалімі ретіндегі менің талабым: «Жетілдірілген» бұл оқу бағдарламасымен және оқулық авторларының жұмысының «шимай нұсқасымен» (рабочий черновой вариант) біз, пән мұғалімдері алдын ала танысып шығуымыз керек! Тек пән мұғалімдері ғана емес, әдебиетші және тілші ғалымдарды қатыстыра отырып, көпшілік халық болып, министрлік айтқан «сайттарда» ғана емес, Ұлттық ақпарат құралдары арқылы да қазақ тілі және әдебиеті пәнінің «жаңартылған оқу бағдарламасын» кең көлемде талқылауға тиіспіз! Себебі, тіліміз бен әдебиетіміз – Ұлттық кодымыздың ғана емес, ұлт болып сақталып қалу жолындағы күреске біріктірудің де негізгі факторы болып табылады. Сондықтан да жалпы білім беретін орта мектептерде қазақ тілі және әдебиеті пәнін оқытуға еш уақытта жүрдім-бардым жеңіл көзбен қарауға болмайды!

Сөз соңында айтарым: Егер, ұлт зиялылары қатысқан кең көлемдегі халықтық талқылау болмаса, қазақ тілі және әдебиеті пәнін оқытудың министр А.Аймағамбетов айтқан «Жаңартылған оқу бағдарламасы» да алдыңғы «білім реформаларының» кебін киері хақ!

Нұрғали Махан,

Жоғарғы санатты «Шебер педагог»

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394