Байқоңырдағы акцияның астары не?
Бізде өзі билік, басшылық деген бар ма? Ақорда, сол Ақорданың айналасындағы қаптаған шенді-шекпенділерді, құзырлы министрліктерді айтамыз. Бар болса неге үнсіз? Айдай әлем көргенді, Қазақстан билігі көрсе де көрмегендей, үнсіз жатуы қалай? Дәл осылай сұрау салуымызға себеп бар.
Күні кеше ғана Байқоңыр ғарыш айлағында Халықаралық деңгейдегі сеператистік акция өтті. Ресей президенті Владимир Путиннің Украина территориясына басқыншылық жорығын қолдау акциясы. Шамамен 30-ға жуық көлік Путиндік соғыс символы – «Z» және «V» белгілерін бейнелеген.
Оны «Роскосмостың» бастығы Дмитрий Рогозин деген дәу шеке сүйіншілеп, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында таратты.
«Бүгін Байқоңыр қаласы мен Байқоңыр ғарыш айлағында РФ президенті В.Путин мен РФ Қарулы күштерін қолдау акциясы өтті. Акцияны ұйымдастырушылар – Байқоңыр қаласы әкімдігі, «Роскосмос» МК қызметкерлері мен «Байқоңыр Болашағы» жастар қозғалысы. Айта кетейік, Қазақстандағы елдік толқулар кезінде Байқоңыр қаласы әкімдік, қала тұрғындары, «Роскосмос» қызметкерлері және Ресейлік ҰҚШҰ күштерінің көмегімен қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтап қалды», - деп жазыпты.
Бірінші мәселе - Ресей президентінің басқыншылық жорығын һәм қан-қасап соғысты қолдаушылар тек «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы «Роскосмос» қызметкерлері емес. Байқоңыр қалалық әкімдігімен ондағы оқушы жастар! Рогозин солай дейді.
Әуелі олар – Қазақстандық оқушылар. Желіде тараған ақпараттарға сүйенсек, олар 10-11 сынып оқушылары, М.И.Неделин атындағы Байқоңыр Электрорадиотехникалық техникумның тәлімгерлері екен.
Осы жерде екі Заңды атап көрсетейік. Біріншісі – ҚР Конституциясының 20 бабы, 3 тармағы. Онда «соғыс пропагандасына» үзілді-кесілді тыйым салынған.
Ал Байқоңырда қазақ балаларының, Қазақстан балаларының Путиндік соғыс пропагандасына тартылуын қалай түсінеміз? Бұл заңсыздыққа кім жауап береді?
Екінші Заң – «ҚР Бала құқығы туралы» Заң. Оның 36 және 39 баптарында «балаларды нәсілдік, ұлтаралық, әлеуметтік араздық, соғыс, терроризм т.б.» насихаттайттарынан қорғау туралы тайға таңба басқандай жазылған. Аталған Заңға сәйкес, кәмелет жасқа толмаған балаларды (ал кешегі Рогозиннің акциясына қатысқан балалар 15-17 жас шамасында) соғыс пропагандасына тартуға – қылмыстық жауапкершілік көрсетілген.
Екінші мәселе – соғысты қолдау акциясын ұйымдастырушылардың бірі – Байқоңыр қалалық әкімдігі.
Байқоңыр қаласы – 77 мың жан саны бар қала. Ол – Қазақстанның территориясы. Қаланы Ресей 2050 жылға дейін «Байқоңыр» ғарыш айлағымен бірге жалға алған.
Қазақстандағы статусы – Республикалық маңызы бар қала. Алайда, Байқоңыр қаласы орналасқан Қызылорда облыстық әкімдігінің ресми сайтында облыстың құрамы ретінде көрсетілмеген.
Ресейдегі статусы – Федералдық маңызы бар қала (жалға алу мерзімі аяқталғанға дейін). Бірақ, Ресей Федерациясының субьектісі емес!
Енді жоғарыдағы мәселеге қайтып оралайық. Қазақстан билігі Украина мен Ресей арасындағы 24 ақпанда басталып, 15 күннен бері жалғасып келе жатқан қан-қасап соғысқа қатысты позициясын ресми жариялады. Қазақстан бұл мәселеде – бейтарап екенін, соғысты тоқтатып, тараптарға келіссөз үстелін ұсынатынын айтты. Тіпті, Украинаға гуманитарлық көмек те жіберетін болып келісті. Ал бүгін Анталияда өтетін Украина-Ресей Сыртқы істер министрлерінің кездесуіне арағайындық айту үшін Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аттанғаны белгілі болды.
Яғни, Қазақстан – соғысты қолдамайды! Алайда, Ресей жалға алып отырған Байқоңыр басшылығы Қазақстанның бұл позициясына пысқырмайтынын кеше нақты іспен көрсетті. Ол аз десеңіз, соғыс пропагандасына қазақ балаларын, Қазақстан балаларын араластырды. Сөйтіп, ҚР Заңдарын тағы бұзды.
Бізше болса, бұл бассыздыққа ҚР Бас прокуратурасы құқықтық баға беруі тиіс. Байқоңыр қаласы орналасқан Қызылорда облыстық әкімлдігі, Қазақстандағы облыс басқарып отырған жалғыз әйел деп дәріптелетін Гүлшара Наушақызы, Мұхтар Тіреуберді тізгінін ұстаған ҚР Сыртқы істер министрліктері үнсіз қалмауы керек!
Әзірге біз бұл аталған лауазымды кісілердің аталған фактіге қатысты «ләм-мим» деп үн қатқанын естіген жоқпыз. Сондықтан, сауалымызды жоғарыда төтесінен қойдық!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz