Ғибратты ғұмыр: Софья Бадаева
Солист, вокалист, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген әртісі
Бадаева Софья Абдулқызының 101 жылдығына арналады.
Бүгін наурыз айының 10-күні солист, вокалист, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген әртісі Софья Бадаеваның туғанына 101 жыл толды. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында қызмет атқарған халыққа танымал өнер тұлғаларының бірегейі С. Бадаеваның өмірі мен шығармашылығына жайында мақала Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде сақталған құжаттардың негізінде жазылды. Бадаева Софья Абдулқызы өз өмірбаянында 1921 жылы наурыздың 10-күні Алтай өлкесі, Бийск қаласында дүниеге келгендігін, ата-анасы қарапайым жұмысшы адамдар болғандығын, 8 кластық білім алып, 1938-1940 жылдары Музыкалық училищеде оқығандығын баяндаған.
Бұрын көп айтыла бермейтін солисттің қызметіне қатысты бірнеше деректерде оның 1937 жылдан бастап филармонияға жұмысқа қабылданғандығын, Томск қаласындағы музыкалық училищені бітіргендігін, қызметін хор әртісі ретінде бастағандығын және ол қазақ музыкасының шығармаларын, халық әндерін, кеңес композиторларының туындыларын, орыс және батыс европалық классиктерінің, опереттадағы ариилерді т.б. жанрдағы әндерді түпнұсқалы орындаушы деп жазған.
С. Бадаева тағдырдың жазуымен Қазақстанға келіп алдымен 1938 жылдан солист, вокалист ретінде Қазақ мемлекеттік филармониясында жұмыс істейді. 1949 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясының ән факультетіне тапсырып, жеке ән мамандығы бойынша білім алып, 1954 жылы маусымның 23 күні мемлекеттік емтихан комиссиясының шешімімен концерттік-камералық әнші деген квалификация берілді.
(ҚР ОМА, 1823-қор, 3-тіз., 254-іс.)
Архив құжаттарында солисттің гастрөлдік сапарлары 1943 жылдан басталып, ал 1947 жылдан жеке бригадасымен бірге Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Шымкент т.б. Республиканың барлық қалаларында және Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина елдерінде де көрермендерге өнер көрсеткен.
1955 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасының орынбасары К.Крюкова мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының хатшысының міндетін атқарушы Ш.Ермағамбетованың Жарлығымен С. Бадаева КСР-ының еңбек сіңірген әртісі атағымен марапатталды.
Софья Бадаева 1960-1964 жылдары Қазақконцертте қызмет атқарды. Солисттің 1964 жылға дейінгі репертуарындағы әндерінің жалпы саны 80-ге жуық, мысалы, «Кестелі орамал» М.Төлебаев; «Каромболина» Кальман; «Тос мені тос» музыкасы М.Төлебаев, сөзі Н.Баймұхамедов; Абай операсындағы «Ажардың ариясы» Л.Хамиди, А.Жұбанов; Біржан мен Сара операсындағы «Сараның ариясы» М.Төлебаев; «Ни слово о, друг мой» П.И. Чайковский; «Фазыл чичмасэ» татар халық әні; «Мазурка», «Шла девица» поляк халық әндері т.б.
(ҚР ОМА, 1823-қор, 3-тіз., 254 -іс.)
Біз шағын мақаламыз арқылы солист, вокалист, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген әртісі Бадаева Софья Абдулқызының тегін қайта жандандырып, еске алуды жөн көрдік. Белгілі өнер иесі жөнінде естелік немесе мақала жазған да ғана тұлғаларымыздың есімі ұмытылмайды деп ойлаймыз.
Гүлназ Рахмет Шамқызы,
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі
Орталық мемлекеттік архивінің
жеке тектік архивтермен және тарихи-құжаттық
топтамалармен жұмыс жасау
бөлімінің архивисі
Abai.kz