Кремльдің ақпараттық соғыста күйреуі
Ресей мен Украина арасындағы соғыс барлық салада жүріп жатыр. Әскери, экономикалық, саяси, ақпараттық деңгейде қақтығыс толастар емес.
Украина ақпараттық соғыста бір қадам алда екені де айтылуда. Украина Ресейдің әскери қылмыстарын әшкере етіп, қираған ғимараттар мен қаза тапқан бейбіт тұрғындарға қатысты ақпараттар легін беруде. Қолға түскен тұтқындардан сұхбат алып, олардың халықаралық журналистер алдында брифинг беруін ұйымдастыруда. Арнайы сайт жасап, қаза тапқан Ресейлік сарбаздардың құжаттарын жариялауда. Бұл Ресей аудиториясына да әсер етуде. Сондықтан, Ресей әлеуметтік желілерге шектеу қойып, бірқатарын бұғаттап тастады.
Ал Ресейдің ақпараттық соғысы өзінің ішкі аудиториясына бағытталған. Сондықтан, Ресей өзге ақпарат көздерін барынша бұғаттап тастауды қолға алған, себебі «мемлекеттік саясатқа күмән келтіретін ақпараттың барлығы да заңға қайшы», - дейді Кремль.
Украинаның ақпараттық соғысы Ресей азаматтарына да әсер етуде. Ресейдің ірі қалаларында соғысқа қарсы митингтер мен акциялар өтуде, жекелеген азаматтар пикеттер жасауда.
Күні кеше ғана Ресейдің «Бірінші арнасында» қызмет істейтін Марина Овсянникова телеарнаның тікелей эфиріне «Соғысты тоқтатыңдар. Бұл жерде сендерге тек өтірік айтуда» деген жазуы бар плакат алып шықты. Артынша телеарна басқа сюжет көрсетіп жіберуге мәжбүр болған. Маринаның өзін полиция бөлімшесіне апарып, жауап алған. Оның үстінен әкімшілік іс ашылған.
Маринаның видеосы әлеуметтік желілерде трендке айналды. Twitter желісінде бір күн ішінде ең көп таралған видео ретінде бірінші орынға шыққан.
Батыстық басылымдар Маринаның әрекетін «Кремльдің ақпараттық соғыста күйреуі» деп атады.
Abai.kz