Жарияланбаған мақала: 1919 жылғы Наурыз
Біздің қазақ халқының жаңа жылы басталатын ай – наурыз. Жалғыз қазақтың емес, жалпы түрік елдерінің жаңа жылы басталатын ай.
Ескі жыл өтіп, жаңа жыл кіргенде, өткен жылда жұрт қандай күйде болды, басынан қандай кейіптер кешірді, қандай қуаныш, қандай күйініш көрді, жаңа жылға қай түрде кездеседі, шолып, қысқаша жазып, жұртдың құлағына салатын газеттердің әдеті.
Орыс, ноғай газетдері январ айын жыл басы санап, жылдық есептерін жазғанда, біз өзіміздің жаңа жылымызды – наурызды күтіп, үндемеген едік. Жаңа жылымызды бастайтын наурыз айы туған соң бізде өткен жылда басымыздан не кешіріп, қандай күйде болдық, ұлттығымызды тірілту жолында не қылдық, соның жайынан тисе қазып жазбасақ да, ептеп шолып өтіп, жұртымыздың алдына салуды борыш көрдік.
Былтырғы наурызда қазақ халқының қабағы кірбең еді. Ұлттық, жұрттық істеріміз қағынған көпшілдердің кір қолында, азаматтарымыз қуғында, сөйлеуге тіліміз, алысуға қолымыз, айтысуға жолымыз байлауда еді.
Уақытша хүкүметті қуып, құрылтайды таратып, жол, жоба, ережені таптап, қараңғы надандарды азғырып, соңынан ерткен қаһарлы көпшіл дертінің толқыны қаптап келе жатқанын көрген, ежелден сыналып сенімді болған азаматдардың еліміздің іргесін сақтап, басымыз бен малымызды қорғап көпшілдердің «Ортақшыл» құрығына ілінбеске шара іздеп, жалпы қызақ-қырғыз жұртын жиып, өз батасын беріп жасаған Алаш-Орда іске кіріспей тұрғанда, алдында екі ай бұрын лепірген жүрек тасыған көңіл былтырғы наурызда қамығуда еді.
Өзімізден шыққан азғындар, талай сыннан өткен, жұрт үшін отқа күйіп, оққа тұрған шыдамды, ер, көсем азаматдарымызды бұғып жүріп бүркеу іс қылуға ділгер қылғаны өткен жылы еді.
Қазақ, қырғыз елінің оқыған, білгіш азаматдары бағынатын өз ордамыз болу үшін, көпшілдерден елді қорғап жуытпайтын күш болу үшін «Бақылаушы» деген ат қойып, Алаш әскерін жасамаққа қылған алғаш өз батасы бойынша, Семейдің обласной қазақ камитеті оқыған жастарды басшы қылып, қазақ жігітдерінен әскер жасай бастағаны өткен жыл еді.
Өзімізден шыққан бұзақылар көпшілдерге барып, сыбырлап айтып, үйренуде жүрген жігіттерді атқылатып, қуғызып, өткен наурызда «Тұңғыш құрбан» марқұм Қазидың қанын төккізгені өткен жыл еді.
Ақша берсе әкесін сатқан аңқау, арамза көпшілдерден астыртын сатып алған аз қару-құралымызды көпшілдерге олжалатып өзімізден шыққан бұзақылар талатқаны өткен жыл еді.
«Семей обласындағы бес дуан қазақтарының өкілдеріміз», қара құлақ қасқырдың шамы дегендей, «Қазақ камитетіндегі адамдар байшыл, қазақ кедейлерінің қамын ойламайтындар» деп өзімізден шыққан бұралқы бұзақы арамзалар көпшілердің күшті жерлеріне шағым телеграмдарды жаздырғаны өткен жыл еді.
Жұртымыз: «Ісімізді атқарып мұң мұқтажымызға ие бол» деп сайлағанда «Көпшіл хакімшілігін таны!» деген жоқ та «Сендерді хакім дейміз ба, демейміз ба, - оны майда құрылатын қазақдың обласной сиезі шешеді» деп, көпшілдердің қысуынан, Семейдің обласной камитеті бұлтарғаны былтырғы жыл еді. Сонымен жан сақтап елдің еркін көпшілдерге бере қоймай, обласной қазақ камитеті астыртын ұйым жасап, ақшаға әкесін сатқан көпшілдердің қызыл жарандарынан қару-құрал сатып алып қар кете, жаз шыға көпшілдерге қарсы қимыл қылмаққа белін бекем байлағаны былтырғы жыл еді.
Көпшілдерден қашқан орыс афитсерлерін, жәй кісілерін алып, ел елден ер көңілді жігіттерді жинап, төбелесу әдісдеріне үйреттіріп, көпшілдерді қуып жіберуге хакімшілікті тартып алуға дайарланғанымыз өткен жылы еді.
Көпшілдерге қарсы орыс таптарының жасырын жасаған ұйымы біздің қазақ ұйымына қосылып, тілеулес болып, бірге қызмет қылысқаны өткен жыл еді.
Олардың да, біздің де жолымыз бір болғандықтан ат болсын, ақша болсын, қару-құрал болсын көпшілдерге қарсы орыс ұйымына берілгені өткен жыл еді.
Соны мен келіп, майға жетіп, обласной қазақ сиезіне 5 дуаннан 316 кісі келіп, кеңес ашылғанда арамызға ірткі салмақ мақсатпен, қыстай бой көрсетпей бұғып жүріп, көпшілдерді жауықтырып, бізге айтақтаған Нұрғали Құлжанов құлдық ұрып, Совдебтің бастығы Ветсуагерге барып, сырлас болып, Алаш қалсында «Митинг» (топ) жасап, топтың көбі сайламаса да, аңғармаған аңқау 10 шақты кісінің «Кедейшілмін» деген қызыл тілін айырып, «Обласной қазақ сиезінде Алаштағы кедейлердің атынан сөйлеуге өкіл етеміз» деген өкілдік қағаз алып, көпшілдерге қару асындырып, қылыштарын кезетіп, сиезге ертіп келіп, кезексіз сөз сөйлемек болғанына көнбеген сиезді Нұрғали Құлжановтың қудырғаны өткен жыл еді.
Көпшілдерге қопақ кіргенін сезіп, сиезге келген өкілдердің ішінде жүрегі лоблығандары қашқанда, шын ұлтшылдарын қайтармай алып қалып, Алашта неше дүркін кеңес жасап, айағында азғын көпшілдердің азуға, жамандықтың тозуға бет алғанына көздерін жеткізіп, қаруландырып, Семей мен Алаш қалаларын тұс-тұсынан қамаған өткен жыл еді.
Жаңбырша жауған мылтық оқтары үстімізден де, қасымыздан да өтіп жатқанда, жұртымыз үшін шыдап, көпшілдер мен атысуға ант ішісіп, бата қылысқан өткен жыл еді.
Біз қашып, қырға барып, әскер жасап жатқанда, көпшілдер мен бір жола қоныстасып, қазақ камитетінің кеңсесі мен баспаханасын көпшілдерді ертіп барып, Нұрғали Құлжановтың талаттырғаны өткен жыл еді.
Құдай ійіп, көз жасымызды көріп, бір тамшы қанымызды ағызбай, көпшілдерді дүркіретіп, Алаш пен Семейден қуған өткен жыл еді.
Қырда, Шыңғыс тауында, әскер жасаған Әли-хан, Халел, Әлім-хан, Жақып, Тұрағұл, Ахметжан, Имам, Міржақып, Садық, Шаһкерім тағы басқа Алаш азаматтарының Алаштың ақ туын көтеріп, айға бата, күнге салам қылып, мерейі үстін масайрап, лек-лек Алаш жігіттерімен Семейге келген өткен жыл еді.
Құлынды даласында босып жүрген көпшілдерді қуып жетіп, мыңына бір Алаш қарсы тұрып, қайрат қылған өткен жыл еді.
Ақ түйенің қарны жарылғандай қуанып, Алаш балалары ат, ақшасын айамасдан Алаш жолына, ұлт ісіне бергені өткен жылы еді.
«Бағынатын Ордаң, қарайтын хүкіметің өзіңнің өз тобың сайлаған мен» деп қазақ-қырғыз хүкіметі – Алаш-Орда жария қылғаны өткен жыл еді.
«Көтерілген Алаш туын жықтырмасқа мал түгіл, басымыз құрбан» деп, Алаштың азаматтары әскерлікке түскені өткен жылы еді.
Алаштан соң туса да, зор туып, Алаштың өрісін тарылтпаққа, марқұм ағаларының тұтынған жолын ұмытбай өксіген азбандардың Алаш Орданың айағына күрмеу салып, сөндірмекке тырысқаны өткен жылы еді.
Алғы ығай мен сығай жиналып, іріген Росияға ұйытқы – кіндік хүкүмет жасау тобында Уфада болған мемлекет кеңесінде, алаштың байгеге қосылып, мүше алғаны өткен жылы еді.
Росиядағы тоқсан түрлі халықта тыныштық, бірлік, бүтіндік болуын ойлап, құрылтай ағызаларының жасаған хүкүметі – Самар камитеті Алаш автономиасын танып декларация – баяндама шығарғаны өткен жылы еді.
Талай күн толғанып тоқырағанда жасалған дирокторяны – жалпы Росия хүкүметін, қолындағы істігі мен шоқпарына сүйенген бір топ казак-орыс афитсерлерінің қуғаны өткен жылы еді.
Құламас бұрын бытыраған Росияны жиып, бауырына баспақ болған директорияның біздің Алаш автономиасының жұмбағын шешуді кідіртіп, алты Алаштың жұмысын басқаратын бас өкіл, оған бірнеше серік, Алаш құрылтайының заң жобасын жасайтын камиссия бермек болып, баяндама шығарғаны өткен жылы еді.
Саясат ауасының ағымын аңдып аңғарған қазақ-қырғыз хүкүметі Алаш-Орданың дағдарыс қылғаны өткен жылы еді.
Ордасының қабағына қарап, шашау шықпай қымталып, ақырған азбандардың айбарынан қорықпай, зәресі кетпей, бүрсектеп алдына түспей, Алаш балалары кідіріс қылған өткен жыл.
Ұйымды қазақ халқының аңызын байқап, өзі тіленіп тіккен Ордасына көңіл берік, бойы бекем, сенімі мол екенін сезіп, адыраңдаған ауылдың арбасуға шақырып, аңдаспаққа, сөйлесіп келіспекке кіріскені өткен жыл.
Сөйлескелі екі ай болып, сөз айағы неге тоқтап, немен тынып бітпестен жаңа наурызға – жаңа жылға шығарып салған өткен жыл.
Алажаздай әуіреленіп, жинаған азғантай Алаш жігіттерін «Жетісуға бар, ондағы ағайындарыңды көпшілдердің қыруынан құтқар!» деп, ақсарбасты айтып, түн ішінде мешітке апарып, ақсақалдар батасын беріп, оқығандар өнеге айтып, қолдарына көсеу ұстатып, майданға аттандырған өткен жыл.
Қостанайда екінші, Жаман қалада 3 нші, төртінші, Оралда 5 нші, 6 ншы қазақ полктері жасалып, ел қорғауға шыққаны өткен жыл.
Бұлардан басқа Алашда ер көңілді қазақ жігітдерінен 1 нші полк пен афитсер шығаратын медресені өзіміздің қазақ капитан Хамид Тоқтамишовтың, Өскеменде бізден биліксіз бастасада, біз қырын көзбен қарамайтын болған соң екінші ер көңілді қазақ полкі жасала бастап, жаңа наурызға шығарып салған өткен жыл.
Алашта мұғалімдік курсы ашылып, шала шарпы қазақ оқытушыларын шығарып, елге таратып, ұлттық жұрттық намыстарының тұқымын жас қазақ балаларының жүрегіне еккен жыл.
Ел ішін сүзек жайлап, талай ұлтшыл, қыршын жастарды кемеліне келтірмей, талай кеменгер ақсақалдарды еліне ұйытқы болдырмай, желкесін қиған өткен жыл.
Жат ауылдың жүгенсіз тентектері еліріп, елімізге шығып, қатын баламыздың үрейін қашырып, қарсы келгенді өлтіріп, өлміші қылып, дүре салып, малымызды талап, жолсыз айып алған өткен жыл.
Сөйтіп, қамыққан, дағдарған күйде өткен жылдың айағын шығарып салып, жаңа жыл, наурызға кездесіп тұрмыз.
Өткен жылдың басында мұңайып, ортасында масайрап, айағында қамығып тұрмыз.
Жаңа наурыз құтты болып, құдай жұртымызды аман қылса, Алаш-Ордамыз тігілмей қалмас деген үміт бен жаңа жылға кіріп тұрмыз.
Наурыз құтты болсын, Алаш! Жасасын Алаш-Орда! Жасасын қазақ!
«Сары Арқа» газеті. №74. 26 март 1919.
Абай Мырзағали