Дүйсенбі, 28 Қазан 2024
Араша 2793 2 пікір 4 Сәуір, 2022 сағат 15:39

«Рахат» базары кәсіпкерлері: Әкім бізге тыныштық берсін!

Алматыдағы «Рахат» базарының дауы әлі басылмай тұр. Өткен аптаның аяғында Алматының әйдік «барахолкасындағы» базар саудагерлері, жеке кәсіпкерлер митинг өткізді. Олар Жетісу ауданы әкімі Гүлнар Қоқабаева тарапынан «қонақ-лоқы» көріп жатқанын айтуда. Кәсіпкерлердің айтуынша, әкім Қоқабаева кәсіпкерлерге келіп: «1 айда жерді босатпасаңдар, бульдозер әкеліп, бұзып тастаймын», - деген. Тіпті, базар орналасқан жердің электр жарығы да өшірілген. Қазір кәсіпкерлер күніне 60 мың теңге төлеп, арнайы генетатор жалдап отыр.

Ләззат Тілеухан, жеке кәсіпкер:

- Біз 4 жыл бойы «Almaty CPS» ЖШС-мен соттасып келдік. Олар біздің базарымыз орналасқан орынға жиһаз фабрикасын салмақшы болды. Бірақ, біз 19 қаңтарда сотта жеңіп шықтық. Сот шешімі Досаев мырзаның қарауында.

Енді Жетісу ауданының әкімі басқа жұмысы жоқтай, өзі бастап осы жаққа келіп, бізге: «Жұмыс орнынан кетіңіздер, мен бульдозер әкеліп бұзамын»,- деп қоқан-лоқы жасап отыр. Бұл жерге көлік тұрағын салмақшы екен. Неге? Егер сіздің бізге шынымен жаныңыз ашитын болса, 4 жыл бойы сіз қайда болдыңыз? Біз өте күрделі жолдан өттік, соңына дейін баратын боламыз.

(Суретте әкім Г.Қоқабаева)

Біріншіден, бұл қазір Досаев мырзаның қарауындағы мәселе. Ол Қоқабаева ханымның шешетін мәселесі емес. Досаев мырза шешім шығаруы керек.

Екіншіден, біз өз күресімізді жалғастырамыз. Біз басқа орынға көшіп бармаймыз. Өйткені кезінде біз осы жерді 15-20 мың доллорға сатып алдық. Бізге: «Көрші базарлардың жертөлесіне көшіңдер, 3 ай тегін береміз», - дейді. Бірақ, оның ішіне жөндеу жұмысын өзіміз жасауымыз керек екен. Оған қомақты қаржы керек. Сонда президент Тоқаев мырзаның айтқан сөзі қайда қалды? Орта және шағын кәсіпкерлерге тиіспеу керек! Біз барлық салықты уақытылы төлеп отырмыз. Әрқайсымыз жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенбіз. Біздің жалғыз талабымыз: Қоқабаева ханым бізге келіп қоқан-лоқы көрсетпесін! Ол неге өзі келіп «мына жерді босатыңдар» деген талап қояды? «Жарықты өшіреміз», - деді. Өшіріп тастады. Бұл да Заңға қайшы нәрсе. Біз бәрібір күресімізді тоқтатпаймыз.

Тамара Жұманова, жеке кәсіпкер:

- Мен осы базарда 20 жылдан аса жұмыс істеп келемін. О, «баста жиһаз фирмасын саламыз» деді, енді қазір айналып келіп, «көлік тұрағын саламыз» деп жатыр. Біз салық төлеп отырмыз, жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенбіз. Бұл жерде 300 кәсіпкер жұмыс істейді. Қазіргі уақытта сауда да жақсы жүріп жатқан жоқ. Бізді неге қайта-қайта мазалай бергенін түсіне алмадым?

Жиһаз фирмасын салатындардан әрең дегенде соттасып, жеңіп алған кезде, тағы да келіп тиісе бастады. Сотта жеңдік деп енді қуана бергенде, Жетісу ауданының әкімі Қоқабаева келіп, «көлік тұрағын саламыз», деп қуып жатыр. «Жарықты өшіремін, бульдозер әкеліп бұзамын», - деп жатыр. «Сізге базардың несі кедергі келтіріп тұр», - десек, «контейнерлер», - дейді. Біз қанша жыл соттасып жүріп уақытымызды кетірдік. Егер ол жағдай болмағанда, біз баяғыда базар ғимаратын салып алатын едік. Біз жаңа ғана «Almaty CPS» ЖШС-дан базарымызды алдық. Ол кісінің бізге бұлай істеуге қақысы жоқ. Бізге ультиматум қойып, «болмаса басқа базардан орын сатып аласыңдар», - деп быт-шытымызды шығарып жатыр.

Жамиля Туленова, «ТКМ» ЖШС-нің өкілі, заңгер:

- Аудан әкімі өз құзырына жатпайтын мәселені мойнына жүктеп отыр. Өйткені жерді жалға беруді жаңа мерзімге ұзарту – ол қалалық әкімдік пен жер комиссиясының құзырында.  Бұл Жер кодексінің 17-бабында бекітілген. Аудан әкімінің оған өкілеттігі жоқ.

Не себептен қоқаңдап келіп: «1 айда жерді босатыңдар», - деген заңсыз талап қойып отырғаны біз үшін жұмбақ. Мүдделілік жайла айтар болсақ, менің өзім осы базардың дауымен айналысып жүргеніме жетіншы жыл. Соттасып жүргенімізге де 5 жылға кетіп барады. 2018 дылдан бері біз соттан көз ашқан жоқпыз. Кімнің көзі түсіп, кімнің сөзіне біздің базардың жері сүйелдей боп отырғанын мен нақты атап айта алмаймын. бірақ, аудан әкімі Қоқабаеваның мамандығы заңгер. Бірінші жолы мемлекеттік қызметте емес. үстіне жай түскендей келіп, мынадай талап қою үшін қандай негіз болуы керегіне өзі жауап беруі тиіс.

Мына жерге авто тұрақ салу үшін қаланың бас жоспары өзгертілуі керек. Атап өтетін жайт - «ТКМ» ЖШС мен «Рахат» базарының кәсіпкерлерінің осы біз тұрған жерге өзгедерден артықшылық құқығы бар. Бізді осы күнге дейін осыартықшылық құқықтан ешкім айырған жоқ. Ондай сот шешімі жоқ.

Заңда жерді пайдаланушы егер пайдаланып отырған уақытта Заң талабын бұзбаса, өзгелердің алдында артықшылық құқығы бар. Қазір басқа біреу бұл жерді алу туралы өтініш берген күнде де, тек ТКМ бұл жерден бас тартса ғана қанағаттандырылуы мүмкін. Ал біз жерден бас тартып отырған жоқпыз.

Бұл жер жаңа мерзімге 2018 жылы 3 наурызда ұзартыолуы қажет болатын. Бірақ, «санитарлы қорғау аймағына жатады», - деп,  бізге беруден бас тартты. Егер ол негізге келсек, «Ялян», «Байсат», «Адем» базарлары да санитарлық қорғау аймағына еніп кетеді. Ол тек сылтау. Қазір біздің қолымызда бас тарту туралы берілген архитектураның қорытындысы бар. «Almaty CPS» ЖШС-ға беруге болады», - деген қарама-қайшы қорытынды шығарылған. Әкімдік өзі қалаған кәсіпкердің мүддесін қорғап тұр. Біз мұны сотта дәлелдеп шықтық.

Сот қарағандықтан, біздің арыз тек әкімнің алдына баруы керек. Біз қазір тиісті Заң нормаларын табуымыз керек. Бұлар жер комиссиясына жібереміз деді. Ол жерде жерді орналастыру жобасын қарастырады, сонымен ол екі айға жуық уақытты алады. Жер комиссиясына жіберсе, оған да көніп отырмыз. Біз тек Заң аясында артықшылық құқығымызды бұзбай, мәселені шешсе дейміз.

Аудан әкімінің бұл талабының өзі заңсыз. Модернизация жұмыстарын жүргізу үшін ең бірінші меншік құқығын анықтау керек. Біз сол меншік құқығын бекіту үшін міне, бес жыл бойы соттың табалдырығын тоздырдық. Ал, қазір жерді жалға беру уақытын ұзартатын болса, біз осы жердің бедеріне, кәсіпкерлердің талабына сай модернизация жұмысын жүргізуге дайынбыз. Өзіміздің жобамызды 2018-19 жылдары қала әкімдігіне ұсынған болатынбыз. Олардың талаптарына сай біздің жобамыз екі рет өзгертілді. Міне, іске кірісеміз деп тұрғанда, 2019 жылғы мамыр айында «Almaty CPS» ЖШС-ға беріп қойған. Сондықтан бұл жердегі құйтырқы әрекет жергілікті басқару органдарынан болып отыр.

Бақытжан Базарбек, заңгер:

- Аудан әкімі басқа базарлардың басшыларымен бірге келді. Олардың басты талабы: сатушылар солардың көрсеткен жеріне көшуі керек. Айтулары бойынша осы тұрған жерден де жақсы екен. Базардың орнына көлік тұрағын салмақшы. Біз қанша жыл соттасып жүріп, әкімдіктің сөзіне сенуден қалдық. Басында басқа, сотта басқаша айтады. Көлік тұрағы деген сылтау. Ертең бұл жер басқа адамға учаскі ретінде беріледі. Бұл жер өте ыңғайлы жер. Басқаша базар не болмаса сауда ғимаратын салып тастайды. Ешқандай көлік тұрағы салынбайды.

Кәсіпкерлер қандай себеппен орындарын босатуы керек? Сот шешімі кәсіпкерлердің пайдасына шешілді. «Almaty CPS» ЖШС-ның жер пайдалану құқығы Алматы қалалық сотының қаулысымен 19 қаңтарда бұзылды. Бұзылғаннан кейін бастапқы жағдайға қайтып келуі керек. «ТКМ» ЖШС тиісті арызды әкімдікке берді, «ТКМ» тарапынан жер игеру кезінде заңбұзушылық болмаса, жер пайдалану құқығын жаңа мерзімге ұзарта алады. Бұл жерде сот шешімі «ТКМ» ЖШС-ның емес, әкімдіктің пайдасына шешілгендей болып тұр. Солай келтіріп отыр. Бұл дұрыс емес. Сот шешімі кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын ескере отырып, әділ шығарылды. Біз сот шешімі толық орындалмай жұмысымызды тоқтатпаймыз. «ТКМ» ЖШС-ның жер пайдалану құқығы толық қалпына келтірілуі керек.

Бизнес лобби де болуы мүмкін. Себебі, білесіздер «Almaty CPS» ЖШС-ның артында кім тұрғанын. Ұзақ жылдар бойы мемлекет органдары «Almaty CPS» ЖШС-ның жағына шығып келді. Бізге Алматы қаласының әкімдігі, Сәулет қала құрылыс басқармасы, Жер қатынастар басқармасы қарсы тұрды. Мемлекеттік органдар тарапынан бізге қатысты бір жөнді сөз айтылған жоқ. Біз мұны жоғарыдан түскен бұйрық деп санаймыз. Яғни, «ТКМ-нан» қалайда жерді тартып алып, «Almaty CPS» ЖШС-ге беруі керек. Осы мақсатты мемлекет органдары неше жыл бойы атқаруға тырысты. Бірақ, сот біздің пайдамызға шешім шығарды. Соттың шешімі әділетті.

Сондықтан да, Жетісу ауданының әкімі Қоқабаева халықтың мұң-мұқтажын ескеріп, халықтың жағдайына қарай қадам жасайды деген ойдамыз. Ал қазір ол кісіден ондай қадам байқалмайды. «Сіздерге бұдан да жақсы жер тауып қойдық, босатыңыздар»,- деп отыр. Бірақ, сөздің астарын түсінетін адамдар біледі, мұнда бір қысым бар.

Abai.kz

2 пікір