Тарихи шешім: Ленд-Лиз қабылданды
28-сәуір күні АҚШ тарихи шешім қабылдады. Адамзат тарихында екінші мәрте Ленд-Лиз заңы мақұлданды. Осылайша Конгресстегі қызу талқыдан кейін АҚШ билігі Украинаға қатысты Ленд-Лизді қолдады. Енді заңға қол қою үшін АҚШ президенті Байденге жіберіледі. Байден 60 күннің ішінде қол қоюы тиіс. Алайда сарапшылар АҚШ басшысы жылдам қол қоятынына сенімді, өйткені заңды ұсынушы президенттің өзі.
Ленд-Лиз заңы Украинаны қорғау жолындағы ең маңызды қабылданған шешім. Ол саяси және тарихи маңызға ие. Тарихи тұрғыдан екінші жаһан соғысында қабылданған шешім, араға сексен жыл салып қайта қабылданып отыр. Екінші жаһан соғысында АҚШ Еуропадағы одақтастары мен КСРО-ны барынша қолдап, арнайы заң қабылдап, жеткілікті қару-жарақты табыстаса, ендігі таңда Украинаға қатысты дәл сондай шешім қабылданды.
АҚШ билігі Ленд-Лиз заңын қабылдау арқылы Украинаға қару жеткізу процесін жылдамдатады. Енді ұзақ уақытқа созылатын келісім процесі қажет емес, сонымен қатар қару-жарақпен бірге азық-түлік, дәрі-дәрмек пен оқ-дәрі және өзге де қажеттіліктермен қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие болды. Ленд-Лиз бойынша АҚШ билігі қаруды ендігі таңда Еуропа мемлекеттерінен сатып алып, Украинаға табыстау мүмкіндігін қолданбақ. Бұл тасымалдауды жылдамдату үшін қабылданып отырған шешім.
Джо Байден АҚШ Конгрессінен Украинаға көмек көрсету үшін қосымша 33 млрд доллар бөлуді сұрады. "Сұранымды жылдам қарастырып, тез мақұлдау аса маңызды. Біз Ресейге шабуылдамаймыз. Біз Украина өзін қорғауы үшін оған барынша көмектесіп жатырмыз. Путин бұл қанқұйлы шабуылын тоқтатуға шешім қабылдай алады", - деді Байден. Қаржының 20 млрд доллары қорғаныс саласына жұмсалмақ.
АҚШ билігі 33 млрд долларды жылдам бөлу керектігін айтуда. Соңғы бөлген 3.5 млрд доллардың 250 млн доллары ғана қалған. Сондықтан қосымша қару-жарақ жеткізу үшін, Конгресс шешімді жылдам қарастыруы мүмкін дейді мамандар.
Ресей МемДумасының төрағасы Володин "Ленд-Лиз арқылы АҚШ Украинаны қарызға батырады" деп мәлімдеме жасап, КСРО Ленд-Лиз бойынша өз қарызын 2006 жылы (КСРО орнына Ресей) төлеп біткенін жазыпты. Алайда Ленд-Лиздің шығынынан Ресейдің шабуылы Украинаны еселеген шығынға батырды. Мысалы экономикалық тұрғыдан қазірдің өзінде 500 млрд доллар шығынға ұшырады.
Abai.kz