12 генералдың қазасы: АҚШ қандай ақпарат беруде?
Батыстық БАҚ Ресей мен Украина соғысына қатысты тың деректер мен болжамдарды шығаруда. Ресей әскерінің озбырлығы, Буча қырғыны, Мариуполь қорғанысы мен қаладағы театрды бомбалау және «Азовсталь» айқасы ең бірінші болып Батыстық БАҚ-та жазыла бастады.
The New York Times жазуы бойынша, АҚШ әскери барлаушылары Украинаға басқыншы Ресей әскерінің қимылдары мен орналасқан жері жайлы ақпарат беріп келген. Нәтижесінде Украина әскері қарсы соққы жасап, шабуылды үдетуге мүмкіндік алған. Ресей әскерінің генералдары арасындағы шығынды да осы себеппен түсіндіріпті.
Украина бұған дейін Ресейдің 12 генералы қаза тапқанын мәлімдеген болатын. Бұл әрине әскери сарапшыларды таңдандырып отыр. Аз ғана уақыттың ішінде әлемнің екінші әскері саналатын Ресейдің генералдары қырылып жатыр. Бұл барлау мен ақпараттың нақтылығын және шабуылдың жоспарлы, жүйелі болғанын көрсетеді.
Байден әкімшілігі басқыншы Ресей әскерін тоқтату және тойтарыс беру мақсатында Украинаға жан жақты көмекті аямауда. Қаржылай және қару-жарақ түріндегі көмектен бөлек, ақпараттық көмек те артып келеді. Ол Ресей әскерінің құрамы, басқыншы әскердің орналасқан аймағы мен қозғалуы мүмкін болжамды бағыттар, қару түрі мен әскердің психологиялық сипаты және тағы басқа ақпараттардан тұрады.
АҚШ тарапы: «барлық ақпаратты тек біз беріп отырмыз деуден аулақпыз», - дейді. Вашингтон Украина барлау қызметінің жұмысы өте жоғары деңгейде екенін айтады. Соңғы көмек партиясы бойынша Украинаға Switchblade соққы жасаушы барлаушы-дрон снарядтар келіп жетті. Бұл тек қана соққы жасау емес, сонымен қатар ақпарат жинау мақсатында да беріліп отырған көмек дейді АҚШ.
АҚШ әскери сарапшыларының мәліметінше Ресей әскерінен ақпаратты жинау қиындық тудырмайтынын айтады. Себебі әскердің ақпараттық қорғанысы төмен және психологиялық жағдайы нашар. Ұрыс даласындағы жеңілістер мен қолға түскен Ресей жауынгерлерінің көптігі ақпарат жинауға себепкер болуда. Вашингтон қандай ақпаратты Украинаға бергенін нақтылап айтпады, себебі ол Ресей мен АҚШ арасындағы шиеленісті тіпті күшейте түсуі бек мүмкін дейді.
Асхат Қасенғали
Abai.kz