Топ-менеджерлер тұтылды: Адам ауысар, жүйе өзгере ме?
Еліміздегі квазимемлекеттік сектордың алыптары бірінен соң бірі жемқорлық дауының құрсауында қалып жатыр.
«Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ізін ала, бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитеті әлемдік уран нарығының көшбасшысы – «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының топ-менеджерлерін құрықтағанын жариялады.
Бұл жай ғана кезекті ұстау емес. Бұл – ұзақ жылдар бойы «мемлекет ішіндегі мемлекетке» айналып, халықтың байлығын талан-таражға салған квазимемлекеттік жүйедегі терең дағдарыс пен былық-шылықтың беті ашылғанының айқын көрінісі.
«Жабық элитаның» күйреуі: Омарбеков пен Байгужин кімдер?
ҰҚК ресми хабарламасында «Қазатомөнеркәсіп» басқарма мүшесі Қуаныш Омарбеков пен өзге де тұлғалардың «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшылығы құрған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бары айтылды. Осы ақпарат тарай салысымен компания Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужинді басқарма құрамынан жедел түрде шығарып тастады.
«Төл өнімнің» тағдыры: Қуаныш Омарбеков 2011 жылдан бері осы салада қарапайым инженерден бастап, өндіріс жөніндегі бас директор және «Үлбі металлургия зауыты» директорлар кеңесінің төрағасына дейін көтерілген кадр. Яғни, бүкіл өндіріс тізгінін уысында ұстаған тұлға.
Сатып алудың «жілігін шаққан» маман: Ал Владислав Байгужин «Қазатомөнеркәсіпке» 2024 жылы «Самұрық-Қазынаның» өзінен келген. Ол қорда 12 жыл бойы сатып алу саласы мен бақылау департаментін басқарған. Жемқорлықтың ең үлкен ошағы – дәл осы тендерлер мен сатып алу жүйесі екенін ескерсек, бұл тағайындаулар мен ұстаулардың астарында не жатқанын бағамдау қиын емес.
«Самұрық-Қазына» торы: Аспаннан жауған доллар мен жүйелі жемқорлық
Бұл оқиғаны 12 қарашада ұсталған «Самұрық-Қазына» төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевтің ісінен бөліп қарау мүмкін емес. ҰҚК-ның «қордың бұрынғы басшылығы ұйымдастырған схема» деуі – ұлттық компаниялардың барлығы бір орталықтан басқарылатын алып жемқорлық тізбегіне айналғанын дәлелдейді.
Астанадағы «Atlant» тұрғын үй кешенінің 12-қабатынан терезеден лақтырылған бума-бума долларлар мен сегіз сөмке ақша туралы ел ішіндегі әңгімелер – сол жүйенің қаншалықты шірігенін көрсететін ащы символ іспетті. Халықтың ризығы мен жер асты байлығынан түскен миллиардтар ел игілігіне емес, санаулы топ-менеджерлердің қалтасына құйылып келген.
Биржадағы соққы мен ел беделіне түскен дақ
«Қазатомөнеркәсіп» – жай мекеме емес, әлемдік уран өндірісінің 20 пайызын қамтамасыз ететін стратегиялық алып. Оның акциялары Лондон қор биржасы мен АХҚО-да саудаланады. Басшылықтың жемқорлықпен ұсталуы бірден қаржы нарығына әсер етіп, KASE биржасында компания акциялары 1,49%-ға құлдырады.
Яғни, бір топ шенеуніктің ашкөздігі бүкіл Қазақстанның халықаралық инвестициялық беделіне нұқсан келтіріп, ұлттық активтердің құнын түсіріп отыр.
Адам ауысқанмен, жүйе өзгере ме?
Қазір компания тізгінін ұстап отырған Мейіржан Юсупов пен оның командасы биыл сәуірде басқарма құрамын қысқартып, оңтайландыру жүргізгендей болған. Бірақ соған қарамастан, ескі схемалар жұмысын тоқтатпағаны белгілі болды.
Ұлттық компаниялардағы мұндай былық-шылықты жою үшін тек топ-менеджерлерді түрмеге тоғыту жеткіліксіз. «Самұрық-Қазына» бастаған алып холдингтердің ашықтығын қамтамасыз етіп, халық байлығын бақылаудың нақты тетіктерін іске қоспасақ, ертең олардың орнына келген жаңа басшылар да сол ескі сүрлеуге түспесіне кім кепіл?!
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz