Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Билік 2905 0 пікір 13 Мамыр, 2022 сағат 15:01

«Конституциялық референдум: эксперттік пікір»: «Sarap» клубының отырысы өтті

13 мамыр күні Өскемен қаласында «Конституциялық референдум: эксперттік пікір» атты «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті.

Шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.

Отырысқа қатысушылар ел дамуындағы Конституцияның рөлі мен жаңа Қазақстанды құрудағы конституциялық реформаның маңыздылығын талқылады.

Алдағы референдумның өткізілуі – талқылаудың негізгі тақырыбы болды. Атап айтқанда, спикерлер дауыс беру белсенділігі елдің одан әрі даму бағытына қалай әсер ететіні туралы пікір білдірді.

Іс-шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасы Қазбек Майгельдиновтың модераторлығымен өтті. ҚҚДИ басшысы өз сөзінде бүгінде еліміз жаңа Қазақстанның жаңа ережелерін белгілейтін тарихи кезеңді бастан өткеріп жатқанын атап өтті:

«Мемлекет басшысы 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Жаңа Қазақстан – әділетті Қазақстан. Президент атап өткендей, конституциялық реформалар барлығына тең мүмкіндіктер мен тең жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған. Біз мемлекеттік жүйені жетілдіреміз, қоғам мен биліктің тиімді диалогын орнатамыз. Осылайша біз Екінші Республиканы құрамыз. Конституциялық реформа барлық өзгерістерді сәтті жүзеге асыру үшін қажет. Қазіргі реформаның ерекшелігі – Президенттің өкілеттіктерін шектеу арқылы супер-президенттік басқару формасынан түпкілікті кету».

Отырысты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров ашты.

«Ата Заңымыздың 30-дан астам бабына енгізілетін өзгерістер мен 20-дан астам қабылданатын заңдар еліміздің ауқымды саяси трансформациясына бағытталып, саяси жүйемізді түбірімен өзгертпек. Енді жаңа парадигмаға сәйкес президенттің өкілеттігі қысқарып, Парламент пен мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейіп, белсенді азаматтарға саяси аренада жол ашылып, құқық қорғау саласы жүйелі түрде нығаймақ. Айтылған өзгерістерді тиімді жүзеге асыру үшін Конституциялық реформа қажет. Алдағы референдум Мемлекет басшысы айқындап берген «Екінші республиканың» – билік пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа, тиімді және теңгерімді моделінің құқықтық негізі. Бұл өте орынды және біз жүзеге асып жатқан мемлекеттік модельдің жаңаруын толықтай қолдаймыз».

Өз кезегінде Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит жергілікті атқарушы органдар азаматтардың ерік білдіруі үшін жағдай жасап жатқандығын, сондай-ақ алдағы референдум туралы ақпараттандыру бағытында жұмыстар атқарылып жатқандығын айтты.

«Өскемен қаласының тұрғындары әрқашан белсенді азаматтық ұстанымымен, еліміздің барлық саяси науқандарына қатысумен ерекшеленді. Біздің қаламыздың сайлаушылар саны 240 мыңнан астам адамды құрайды. Қазақстан халқы алдағы референдумға белсене қатысады деген сенімдемін».

Саясаттанушы Самат Нұртаза Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген елдің жүйелі трансформациясына ықпал ететін және оның одан әрі дамуын айқындайтын саяси реформалардың бағыттарына назар аударды. Ол сондай-ақ, конституциялық реформалар уақыт талабына сай елдің болашағы үшін маңызды саяси бастамалар болып табылатынын атап өтті.

«Жаңа Қазақстанды құру үшін әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Мемлекет басшысының міндеті – шынайы жолға нұсқау беру, ал азаматтардың міндеті – осы жолмен жүру. Егер қоғамда алауыздық болса, нәтиже болмайды. Егер қоғам Президентпен бірлессе, нәтиже көп күттірмейді.  Екінші Республика – бұл тағдырдың бізге берген екінші мүмкіндігі. Біздің буын осы мүмкіндікті пайдаланып, өз ұрпақтарына әркімнің дауысы естіліп, әркімнің құқығы қорғалатын, либералдық құндылықтары бар демократиялық мемлекетті қалдыруға міндетті».

«Қазақстанның Халық партиясы» ШҚОФ Төрайымы Анжела Горностаева Жаңа Қазақстанды құрудың ең мықты тәсілі алдағы конституциялық реформа болады деп есептейді. Бірақ оны жүзеге асыру үшін бүкілхалықтық қолдау қажет, дейді спикер:

«Қазақстанның Халық партиясы алдағы референдумды және Конституцияға енгізілетін барлық түзетулерді толық қолдайды! Жарияланған бастамалар мен саяси жаңғырудың барлық аспектілері партиямыздың идеологиясы мен бағдарламасымен үндес. Ең маңызды түзету – Конституцияда халықтың жер мен табиғи ресурстардың иесі екендігі туралы норманы бекіту».

Іс-шараға Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттері де белсене қатысты. Еліміздің саяси өміріне жоғары деңгейде қызығушылық таныта отырып, олар алдағы референдум бойынша өз ойларын ортаға салып, іс-шара спикерлеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

Студенттер тарапынан осындай белсенділікті бақылай отырып, ҚҚДИ Төрағасы қазіргі жастардың еліміздің болашақ әл-ауқатының негізін қалайтынын атап өтті.

«Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар жобасын талқылау ең алдымен жастар үшін маңызды. Бүгінгі жастар – еліміздің жаңа ұрпағы. Оларға азаматтық бірегейлік, кәсіби құзыреттілік, инновациялық мүмкіндіктер және елімізде болып жатқан саяси үдерістерге өз көзқарасы тән», - деп қорытындылады Қазбек Майгелдинов.

«5 маусымда өтетін Референдум көптеген өзгерістер алып келеді деп ойлаймын. Қазіргі таңда бұл Президент бастамасын түсіндіруде жақсы жұмыстар атқарылуда, осы түсіндіру жұмыстары қарқынды түрде жалғасын табу керек. Себебі, 1995 жылғы Референдумнан бұл Реферндум ерекше болмақ, сондықтан да халықтың, мына жастардың оянатын кезі келді»,- деп саясаттанушы, қоғам қайраткері Әділ Сайлаубек өз пікірін білдірді.

Спикерлер өз сөздерінде конституциялық референдум – бұл саяси бағдарламаның қисынды жалғасы және оны өткізу қолданыстағы саяси модельдің жүйелі түрде өзгеруіне негіз болады деген пікірге келді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1560
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3358
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6303