Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Дей салдым-ау 5339 19 пікір 31 Мамыр, 2022 сағат 17:19

Сапарбаев тағы да әкім болмақ па?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорда сайты жариялады. Сапарбаев Президенттің бастамалары мен саяси реформаларын халықтың кеңінен талқылап жатқаны туралы мәлімет беріпті.

«Бердібек Сапарбаев өзі қызмет атқарған Жамбыл облысында орындалып жатқан Президент тапсырмаларының нәтижелерін кеңінен баяндады. Атап айтқанда, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға, қоғамның ынтымағы мен бірлігін нығайтуға бағытталған «Асар», «Туған жерге тағзым», «Жомарт түлек» және «Бейбітшілік пен келісім» атты жобалар жайлы айтылды. Сонымен қатар Жамбыл өңірінде жүзеге асырылған пилоттық жоба туралы мәлімет берілді. Бұл бастамалар әрбір отбасының өзін-өзі асырауына жағдай жасауға негізделген.

Кездесу барысында жастар арасындағы жұмыссыздықты шешу мәселесі де талқыланды», - делінген президенттің ресми сайтында.

Жалпы, әлеуметтік желілерде Бердібек Машбекұлы жаңадан құрылған Абай облысын басқаруы мүмкін деген ақпараттар да жүр. Сапарбаевтың бұл жолғы Президентпен кездесуі нені білдіреді?

«Жаңадан құрылмақ Абай облысына әкім болады дегендердің ішінде Бердібек Сапарбаевтың да аты аталып қалатын. Кеше Тоқаев Ақордада Сапарбаевты қабылдапты. Ешқандай жерде қызметте жоқ Мәшбекұлын президент қал сұрау мақсатында қабылдаса жұмыстан тыс уақытта ресми орыннан бөлек жерде қабылдар еді ғой. Жоғарыдағы сыбыс расқа айнала ма деп ойлаймын.

Колодадағы 36 картаны сапыра бермей жастарға да сенім артар уақыт келді ғой», - деп болжам білдіріпті журналист Оңғар Қабден.

69 жастағы Бердібек Сапарбаев биыл сәуір айында Жамбыл облысы әкімі қызметінен босатылды. Ол еліміздегі жасы үлкен облыс әкімдерінің бірі болатын. Сапарбаев ұзақ жылдарға созылған саяси қызмет жолында Қызылорда, Оңтүстік Қазақтан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстарының әкімі болып қызмет істеген. Ол екі рет ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды. Сонымен қатар, қаржы министрлігінің вице-министрі , экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, Премьер-министрінің орынбасары сияқты лауазымды қызметтерді атқарды.

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963