Тоқаев латын әліпбиі жайлы айтты
Тілді дамытудың тікелей жолы - тілді заман талабына сай трансформация жасай білу. Тіл өзгеріп, жаңа терминдер еніп, дамып отыруы тиіс. Тілді дамытудың бір жолы да осы. Қазақ тілі бір ғасырдың ішінде бірнеше мәрте өзгеріске ұшырады. Араб әрпіне негізделген әліпби, артынша латын әліпбиіне көшіп, араға он жыл уақыт салып кириллицаға көшті. Бұл КСРО кезеңінде іске асты және әкімшілік-әміршіл жүйенің әрекетінен жүзеге асты.
Қазақстан бірнеше жыл бойы латын әліпбиіне көшуді талқылап жатыр. Бірнеше нұсқасы да ұсынылды. Латын әліпбиіне көшуде жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Бұл туралы Ұлытау облысында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Тілге байланысты тағы бір маңызды мәселе. Бұл – латын әліпбиіне көшу туралы. Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп, алаңдаушылық білдіруде. Бірақ, ең алдымен, бұл лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент бұған дейін біз 2 рет латын графикасына көшуге тырысқанымызды еске салды.
«Алайда, соңы сәтті болған жоқ. Сондықтан, бұл мәселеге жан-жақты, терең талдау жасап барып, түбегейлі шешім қабылдаған абзал. Кириллицадан латын әліпбиіне жасанды түрде, тек сәйкес әріптерді өзгерту арқылы көшуге болмайды. Әйтпесе, бұл үлкен қателікке апарып соғады. Ең бастысы, азаматтар, әсіресе, жастарымыз қазақ тіліндегі барлық сөздердің латын графикасындағы жазылу тәртібін анық білуі керек. Яғни, тілімізге арналған орфографиялық қағидаларды қайта қараған жөн», - деді Мемлекет басшысы.
Abai.kz