"Келісім жасау үшін, Киевтен әскерімізді шығардық"
Ресей Президенті Владимир Путин күні кеше Иранға барды. Бұл Украинадағы соғыс басталғаннан кейінгі екінші рет шетелге сапарға шығуы.
Путин Иран президенті Ибрахим Раисимен және Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен, Иранның рухани көшбасшысы Аятолла Хаменеимен кездесті.
Сондай-ақ ол көшбасшылардың әрқайсысымен екіжақты келіссөздер жүргізді. Осы жиында Путин шетел журналистерінің сұрақтарына жауап берді.
Бүгінгі Сирия жағдайына қандай жаңа баға бересіз? Осы кездесуде көшбасшылар арасында қандай келіспеушіліктер болды? деген сұраққа, Ресей Президенті : «Бәріміз Сирия Араб Республикасының аумақтық тұтастығын сақтауға кепілдік беру және оны лаңкестерден құтқару керек екенін білеміз. Бұл ең бастысы және бұл бірлескен мәлімдемеде тағы бір рет расталды. Менің ойымша, бұл өте маңызды. Иә, кейбір жерде келіспеушіліктер болды. Бірақ бәріміз Конституциялық процесті қолдаймыз. Біз осы уақытқа дейінгі талай тайталасқа түскен әртүрлі тараптардың мәселесін келіссөздер алаңында шештік. Олардың ішінде оппозиция, Сирия Араб Республикасының ресми билігі, сарапшылар, қоғамдық құрылымдар, Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдері де бар. Менің ойымша, бұл өте маңызды. Бұл біріншісі.
Екіншіден, Сирияға гуманитарлық көмек көрсету жалғасуда. Сирия халқына енгізілген санкциялардың арты қайғылы жағдайға апарды. Сирияда қазір кедейлік шегінен шыққан 90 пайызға жуық халық өмір сүріп жатыр. Сирияның ахуалы өте күрделі. Әрине, гуманитарлық көмекті саясиландырып, кейбір топтарды бөліп көрсету әділетсіз деп ойлаймын.
Үшіншіден, гуманитарлық көмекті ұйымдастырудың әртүрлі тәсілдері бар. Біз әрқашан оның халықаралық гуманитарлық құқыққа толық сәйкес келетіндей етіп ұйымдастырылуы керек екеніне ден қоямыз. Олай дейтініміз, барлық гуманитарлық көмек Сирияның ресми билігі орналасқан Дамаск қаласы арқылы өтуі керек. Бірақ біз позицияларды келісуге қосымша уақыт алу үшін қолданыстағы ережені жарты жылға ұзартуға келістік», -деді Путин.
Ол сондай-ақ Заевфратия жағдайы бойынша мемлекет басшыларының ойы бір жерден шыққанын айтты.
«Америкалық әскерлер бұл аумақты жайына қалдырып, Сирия мемлекетін, Сирия халқын тонауды тоқтатып, Сириядан мұнайды заңсыз тасуды тоқтатуы керек деген ортақ ұстанымдарымыз бар. Алайда аймақтағы жағдайды тұрақтандыруға қатысты келіспеушіліктер бар. Өңірде Ресей-Түрік бақылау конвойлары бірлесіп жұмыс істейтіні белгілі. Біздің ойымызша, аймақта ұзақ мерзімді, тұрақты жағдайды қамтамасыз ету үшін бүкіл аумақты Дамаск ресми билігінің бақылауына, яғни, Сирия Араб Республикасы Қарулы күштерінің бақылауына беру керек. Осыдан кейін ғана Сирияның ресми билігімен диалог жүргізуге болады. Менің ойымша, бұл жағдайды тұрақтандыратын шешім.
Жалпы жұмыс жалғасуда. Менің бұрын да айтқанымдай, Ресей, Түркия, Иран үштігінің бірлескен жұмысының арқасында қазір Сирия аумағының 90 пайыздан астамын ресми билік бақылап отыр және халықаралық лаңкестікке тоқтау салынды. Бұл бірлескен жұмыстың жемісі», - деді Путин.
Ресей Президентінен «Еуропа энергетикалық дағдарысты бастан кешуге таяу. Олар "Газпромның" жақын арада газды өшіретінін де айтты. Айтыңызшы, Ресей осы энергетикалық дағдарысқа кінәлі ме және "Газпром" өз міндеттерін одан әрі жалғастыра ма?» деп сұралды.
Біріншіден, "Газпром" әрқашан өзінің барлық міндеттемелерін орындады және орындауға ниетті. Біздің серіктестеріміз өз қателіктерін еш себепсіз Ресейге, "Газпром" – ның мойнына іле салуға тырысады.
Бірақ энергия көзін тасымалдау саласында не болып жатыр? Қараңыз, өткен жылдың бірінші жартысында Еуропадағы газдың 1000 текше метрі 100 еуро болды. Өткен жылдың бірінші жартысында – 250 еуро, бүгінде 1000 текше метрі 1700 евроға жетті.
Мен бұл туралы бірнеше рет айтқан болатынмын. Энергияның дәстүрлі түрлерінің маңызын елемейтін және дәстүрлі емес энергияға сүйенген Еуропа елдерінің энергетикалық саясаты туралы тағы да айтқаным дұрыс па?
Дәстүрлі емес қатынастар саласына әбден маманданған олар энергетика саласында да энергияның дәстүрлі емес түрлеріне: күн, жел энергиясына сүйенуді қалады. Қыс ұзаққа созылды, жел тұрмады - бітті. Ал дәстүрлі энергетикадағы негізгі капиталға инвестициялар бұрын қабылданған саяси шешімдерге байланысты түсіп кетті: банктер қаржыландырмайды, сақтандыру компаниялары сақтандырмайды, ал жергілікті билік учаскелерді жаңа әзірлемеге сай бөлмейді, құбыр желісі және басқа көлік дамымайды. Міне, өткен жылдардағы, өткен онжылдықтағы саясаттың нәтижесі. Осыдан бәрі басталған. Ресей мен Газпромның қандай-да бір әрекеттерінің қатысы жоқ»,- деп жауап берді Путин.
«Президент Ердоған Владимир Зеленский екеуіңізге келіссөз ұйымдастырып бере алатынын бірнеше рет айтты. Украина Президентімен кездесуге дайынсыз ба?» деген сұраққа Путин жауап берді: «Иә, Президент Ердоған жағдайды қалыпқа келтіруге қажетті жағдай жасау үшін көп жұмыс атқарды. Стамбулдағы келіссөздер ұйымдастырылды. Біз келісімге келу үшін әскерлерді Украинаның орталығынан, Киевтен шығардық. Бірақ Киев билігі келісімдерді орындаудан бас тартты. Келіссөзге қол жеткізуге аз қалған еді. Сондықтан түпкілікті нәтиже, әрине, ара ағайындық қылғандарға емес, уағдаласушы тараптардың қол жеткізілген келісімдерді орындауға деген ниетіне байланысты. Біз бүгін Киев билігінің мұндай ниеті жоқ екенін көріп отырмыз»,-деді Путин.
Abai.kz