Сенбі, 23 Қараша 2024
Сұхбат 3163 0 пікір 10 Тамыз, 2022 сағат 12:28

Теймур Атаев: Қазақ елінің бет-бейнесі осындай...

Абай туралы кітап жазған әзербайжан тарихшысы Теймур Атаевтан алған сұхбатым «Қазақ әдебиеті» газетінің 5 тамыздағы №30 (3820) санында жарияланды.

Теймур Атаев – әзербайжандық публицист, тарихшы, саясаттанушы, дінтанушы. 1962 жылы 3 қыркүйекте Бакуде туған. 1984 жылы қазіргі Баку мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдаған. Осы уақытқа дейін түрлі саяси және экономикалық құрылымдарда жұмыс істеген. 2007 жылдан бастап публицистикаға келді. Ол – оннан астам кітаптың авторы. Сондай-ақ, мыңнан аса мақала жазған. Еңбектерінде геосаясат, тарих, дін, әдебиет, мәдениет салаларын зерттеген. Абайдың қара сөздерін де зерделеп, кітап жазған. Тұсаукесері жақында Нұр-Сұлтанда өтті. Т. Атаев – Әзербайжан Журналистер одағының мүшесі. Сонымен бірге, ол – Бірінші Қарабақ соғысының ардагері.

– Теймур мырза, «Абайдың ұлылығы немесе ойшылдың ХХІ ғасырдағы портретін жасауға талпыныс» деген кітап жаздыңыз. Жақында аталған еңбегіңіздің тұсаукесері Нұр-Сұлтанда өтті. Абайдың шығармашылығымен қашан таныстыңыз және сізді несімен қызықтырды?

– Мектеп кезінде бізге «КСРО халықтарының мәдениеті» деген пән оқытылды. Абайдың есімін алғаш сол сабақта естідім. Университетте де ұстаздарымыз бізге Абай әлемін таныстырды. Бірақ мен ол кезде ұлы ақынның шығармашылығына терең бойлай қойған жоқпын. 2018 жылы Қазақстан халқы ассамблеясы өткізген іс-шараға қатысу үшін сіздің еліңізге бірінші рет бардым. Сонда ұйымдастырушылар шетелдік қонақтарға «Абайдың қара сөздері» жинағын сыйлады. Бұл кітапты бізге қаланы аралатып жүргенде, автобуста отырып-ақ оқып бастадым. Ойшыл көтерген философиялық, әлеуметтік мәселелер маған қатты ұнады. Қара сөздерді оқып бітірген соң, осы тақырыпта мақала жазуға ниеттеніп, тереңірек іздене бастадым. Қазақтың бас ақыны туралы кітабым осылай дүниеге келді.

– Үш бөлімнен тұратын кітаптың алғашқы бөлігінде қазақтың тарихы жөнінде жазасыз. «Қасым ханның қасқа жолына», «Есім ханның ескі жолына», Ахмет Яссауи іліміне, Ислам дінінің қазақ даласында таралуына т.б. жәйттарға тоқталасыз. Неге Абайды зерттей отырып, қазақтың өткенін де қаузадыңыз?

– Өйткені, Абайдың не жөнінде айтып отырғанын толық түсініп, сіңіру үшін алдымен қазақтың тарихын жалпылай болса да, оқуымыз керек екенін түсіндім. Қазақтың тарихы өте бай. Сонымен қатар, менің әуелден бергі ұстанымым – белгілі бір тұлға жайлы кітап жазсам, тұсаукесерін оның туған елінде өткіземін. Мысалы, Ғабдолла Тоқай жайлы еңбегімді алғаш Қазанда таныстырып, оқырмандар назарына ұсындық. Ал Әмір Темір туралы зерттеуім басылып шыққанда, тұсаукесерін Өзбекстанда ұйымдастырдық.

– Абайдың қара сөздерінен қандай адамзаттық құндылықтарды кездестірдіңіз?

– Абай мейірім мен махаббат туын көтереді. Өзіңе қандай жақсылықты қаласаң, өзгелерге де соны тілеуге шақырады. Оның ойларының қайнар көзі – Алланың кітабы. Ақын қара сөзінде «Құраннан» мысал келтірмегенмен, адамзатты сүю, бауырмалдық, ғылым-білімге ұмтылу – мұның бәрі де «Құран» аяттарында айтылған. Сөйте тұра, ол дін атын жамылып, елді алдап жүргендерді сынға алады. Бұл жерде біз Абай Исламды емес, діннің атын жамылып, дүниелік арам пиғылдарын іске асыратындарды шенегенін ұғынуымыз керек. Әзербайжанның Мирза Фатали Ахундов, Теймурбек Байрам-Әлібеков секілді ағартушылары да осындай мәселелерді көтерген. Олар да бұқараның көзін ашып, ғылымның мән-маңызын түсіндіруге тырысқан. Халықтарымыздан шыққан ойшылдар төл дәстүрің мен мәдениетіңді, тарихыңды құрметтеп, әлемдік өркениеттен де керегіңді алуға үндеген. Абайдың еңбектері әлі де өзектілігін жоймағанын айта кету керек. Себебі адамдар әлі де өзгерген жоқ, қоғам әлі де сол баяғыдай. Заман дамығанмен, кісілердің бір-біріне деген көзқарасы, қарым-қатынасы әлі сол қалпында. Жердегі тіршілік басталғаннан бері осылай болған және, өкінішке қарай, осылай бола береді. Сондықтан Абайдың нақылдары ескірмейді. Абайдың өзі өткен ғасырдың басында өмірден өтіп кетсе де, оның ізгілік үшін күресі толастамайды.

– Қазақстанның бірнеше қаласында болған екенсіз. Біздің еліміз жайлы қандай пікірдесіз?

– Иә, мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Түркістан, Талдықорған қалаларын көрдім. Әр шаһар өзінше сәулетті болғандықтан, бәрі де жақсы әсер қалдырды. Түркістан рухани орталыққа айналып келеді. Ал астана мені қатты таңғалдырып, елорда жайлы көлемді мақала жаздым, ол «Казахстанкая правда» газетінде жарияланды. Сонымен бірге, Алғыс айту күнінде ресейлік сайтқа қазақ халқы туралы мақала жазып, ұлтыңызға рахметім мен ризашылығымды білдірдім. Өйткені, өткен ғасырда көптеген ұлт жүк вагондарына отырғызылып, Қазақстанға күштеп көшірілген. Қазақстандағы әзербайжан диаспорасы да осылай пайда болған. Сондай қиын күндерде қазақтар әзербайжандарға соңғы нанын бөліп беріп, көмектескен. Мұндай жақсылықты біз ұмытпаймыз, бәрі есімізде. Қазақ халқына зор алғыс айтамыз. Қазақ елінің бет-бейнесі осындай.

– Әзербайжандар кітап оқи ма? Еліңізде қандай жанрлар кең тараған?

– Өкінішке қарай, қазір бүкіл әлемде адамзат бұрынғыдай кітап оқымайды. Бұрын жұрт кітап оқып, сол арқылы білім жинайтын. Ал қазір бәрі ғаламторда отырады. Онда ақпарат жеңіл әрі үстірт беріледі. Сондықтан тереңдіктен, терең білімнен айрылып бара жатқандаймыз. Ал кітап оқитын азшылыққа келсем, әркім өзінің талғамына сай әртүрлі жанрды жөн көреді.

– Бірінші Қарабақ соғысының ардагерісіз. Бұл майданда, өкінішке қарай, Әзербайжан біраз аумағынан айрылып қалды. Ал – Екінші Қарабақ соғысындағы жеңіс әзербайжандарға рухани тұрғыда қалай әсер етті?

– Бұл жеңіс – Бас қолбасшы, Президентіміз Илхам Әлиев бастаған қуатты әскеріміздің арқасы. Біз 30 жыл бойы мәселені бейбіт жолмен шешуге тырыстық. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымы да, халықаралық өзге ұйымдар да халықаралық құқық бойынша Әзербайжандікі саналатын жерді қайтару үшін 30 жыл бойы ештеңе істеген жоқ. Сондықтан халықаралық заңдарға сәйкес өзіміздің жерімізді күшпен қайтарып алуға мәжбүр болдық. Сөйтіп, әділдік салтанат құрды. Қазақстанның бұрынғы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та, қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әрдайым Әзербайжанның территориялық тұтастығын қолдады. Жеңіспен құттықтау да жолдады. Біз басқыншыларды өз жерімізден қуып шықтық. Олар біздің мешіттерімізді шошқа бағатын қораға айналдырған, мәдени ескерткіштерімізді қиратқан. Бірақ Шуша қаласы – әзербайжан халқының жаны, мәдениетіміздің ошағы. Бұл шаһар өзінің нағыз иесіне қайтарылды. Бұл біздің рухани-мәдени тұрғыдан ғана емес, саяси-экономикалық жағынан да өркендеуімізге әсерін тигізіп жатыр. Халықтың рухы көтерілді. Көпұлтты, көпдінді Әзербайжан халқының ынтымақ-бірлігі нығая түсті.

– Адамзаттың болашағы жөнінде не ойлайсыз?

– Қазір жер бетінде кереғарлық бар. Кей мемлекеттер ғарышқа дейін ұшып, техника мен технологияның қызығын көріп отырса, ал кей елдер кедейлік пен аштықтан, жұқпалы аурулардан көз ашпай отыр. Ғылым қанша дамығанмен, жан дүниеміз роботтанып бара жатыр. Егер адамзат бір-бірін сыйлауды, бір-біріне жанашыр болуды үйренсе ғана болашағымыз жарқын болмақ. Ал бір-бірімізді қанап, қыра берсек, бәріміздің ертеңгі күніміз қараң. Бұл ретте, әлемдік діндер шақыратын адамгершілікке ұмтылуымыз керек. Сондай-ақ, Абайдың ізгілік идеяларын ұстануымыз қажет. Бүкіл ғалам елдерін Абайды оқуға шақырамын.

– «Қазақ әдебиеті» газетінің оқырмандарына қандай тілек айтасыз?

– Ғылым-білімге құштар болыңыздар дер едім. Өз халқыңыздың рухани байлығын сіңіріп, әлемдік мәдениеттің де асыл қазыналарын игергеніңіз жөн. Сонда жан дүниеңіз байи түспек. Сонымен қатар, ата-анаңызды, ата дәстүріңізді де құрметтеңіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Алпамыс Файзолла

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434