Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Саясат 39484 0 пікір 20 Тамыз, 2022 сағат 13:29

Сочи сапары: Тоқаев Путинмен кездесті

Президент Тоқаев Ресейге барды. Сочи қаласында Ресей президенті Владимир Путинмен екі сағаттан астам уақытқа созылған кездесу өтті.

Бұл кездесуді ресейліктер жіті қадағалады. Себебі де жоқ емес. Соңғы кездесуде Қазақстан президенті Ресейдің агрессиялық саясатын жақтамайтынын білдірген еді. Луганск пен Донецк сепаратистерін мойындамайтынын, санкцияларды айналып өтуге жол бермейтінін, Ресей саясаткерлерінің арандатушы сөздері Ресейдің өзіне зиянды екенін айтты. Бұл мәлімдемені Ресей қоғамы мен билігі "соққы" деп қабылдады. Бұл жолы ондай өткір мәлімдемелер айтылмайтыны анық еді.

Тоқаев сөз арасында шекараны құжатпен бекітіп алғанын айтты. Бұл ресейлік саясаткерлердің үнемі аумақтық тұтастығымызға қарсы мәлімдемелеріне қарсы жасалғандай. "Геосаяси жағдайдың ерекшелігі үкіметтерімізге қосымша нұсқаулар беру үшін келісіп алу қажет екенін көрсетіп отыр. Олар бір-бірімен табысты қызмет етіп келеді. Дегенмен өмірдің өзі жаңа міндеттер қояды және олар шешуді қажет етеді. Жалпы, біздің ынтымақтастығымыздың дамып келе жатқанына қанағаттануға толық негіз бар. Мен бұл тұрғыда сізбен келісемін. Бізді ортақ шекара біріктіреді. Ол – әлемдегі ең ұзын, құрлықтағы толығымен делимитацияланған шекара. Біздің ынтымақтастығымыздың болашағына қатысты пессимистік болжамдар жасауға, әрине, негіз жоқ! Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде барлық салалардағы екіжақты ынтымақтастығымызға қосымша серпін беруге ниеттімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Путин де екі ел арасындағы қатынастың аса маңызды екенін баса айтып, былай деді: "Шақыруымды қабыл алғаныңызға рақмет. Біз екеуіміз үнемі кездесіп тұрамыз. Жақында ғана жүздескен едік, бірақ Сочиде кездесуге келістік. Алдымызда өте ауқымды жұмыс бар. Ал биыл ерекше жыл. Біз қазан айында дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өтеміз. Осы датаға орай түрлі іс-шаралар жоспарланып отыр. Біздің министрліктер мен ведомстволар белсенді жұмыс істеп жатыр. Үкіметаралық комиссия қарқынды жұмыс істеп келеді. Сыртқы істер, қорғаныс министрліктері бірлесіп түрлі іс-шараларды, соның ішінде ҰҚШҰ аясындағы бірлескен оқу-жаттығуларды және тағы басқаларын дайындап жатыр. Тауар айналымы өсіп келеді. Былтыр 34,4 пайызға өссе, биыл бес айда 9 пайызға дерлік, 8,8 пайызға өсті. Инвестициялар екі жақтан да артып келеді. Меніңше, Ресей инвестициясы 18 миллиард долларға жетті, ал Қазақстанның Ресейге салған инвестициясы төрт жарым миллиард шамасында. Қазақстанның сауда-экономикалық серіктестері арасында Ресей бірінші орында тұр. Бізде сондай-ақ жақсы ірі жобалар дамып жатыр. Жоғары технологиялық салаларда, соның ішінде ғарыш саласында жұмыс істейміз. Жалпы, жұмыс барлық бағыт бойынша айтарлықтай қарқынды әрі оң бағытта жүріп жатыр. Біздің кездесуіміз, әрине, сенімді стратегиялық серіктестігімізді дамытуға қосымша серпін беретініне өте қуаныштымын", – деді Ресей басшысы.

Кездесу тым ұзаққа созылмайды және қандай да бір маңызды құжаттарға қол қойылмады. Салтанатты кешкі ас та болмады.

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1958