Өз қолын кесе алмайтын Президент
Ертең президент Тоқаев кезекті Жолдауын жариялайды. Елде үміт те бар, күдік те жоқ емес.
Бірі – «Қаңтардан кейін елбасының «қамқорлығынан» құтылған Қаскең осы жолы өзін танытады! Ескі Қазақстанның быт-шытын шығарып, Жаңа Қазақстанды шындап қолға алады!» деген оптимистік ой, секемсіз сенім. Ол да орынды.
Екіншісі – «Жоқ! Бұл биліктің қолынан ешнәрсе келмейді. Бәрін шешіп отырған баяғы Назарбаев, Тоқаев оның қолбаласы ғана!» деген пессимистік пайым, төңірегінен түңілген пікір. Ол да орынды.
Неге?
Оның басты себебі – бүгінгі биліктің халықтың «қайда жүрміз, қайда бара жатырмыз, ертеңгі күніміз не болады?» деген нақты сұрағына нақты жауап жоқ!
Әрине, ертең президент өз Жолдауында осынау дағдарыстан шығар жолдың өзі жобасын ұсынар. Соған сенгім келеді. Соған осы елдің қатардағы бір азаматы ретінде үміт артам.
Бірақ...
Мені толғандыратын басқа нәрсе.
Президент баспасөз қызметінің анонсына салсақ, ертеңгі Жолдау басты тақырыбы әлеуметтік-экономикалық мәселелер болмақшы екен.
Әрине, бұл – бітеу жара жарылар кезіндегідей бұрқ ететін дүние. Арты жақсы болсын дейік.
Осы орайда Жолдау жарияланар қарсыңында көп адам «мына оңбаған үкіметті отставкаға жіберсе, барлық мәселе шешілер еді, президент ел үмітін ақтар еді» деген пікір белең алып бара жатқандай.
Менің қарсы уәжім мынадай: олай болуы мүмкін емес!
Неге дейсіз бе?
Себебі бір: Біз, Қазақстан, бір партиялық жүйенің құрбанымыз!
Иә, жақында президент «Нұр Отан» («Аманат») партиясының төрағалығынан бас тартты.
Иә, формальды түрде билік партиясы көп партияның бірі.
Бірақ, «естуші мемлекет» бүгінгі билікке оппозициялық ұстанымдағы партияларды тіркемей жатыр. Өмірге көп адам басшыларының аты-жөнін, саяси позициясын білмейтін партиялар келуде. Ол да қызық. Сол баяғы қуыршақ, биліктің ашса, алақанында, жұмса, жұдырығындағылар.
Ондай декоративті демократиямен қазақ көгермейді.
Сол себепті бір партиядағы президент өзімен бір партиядағы парламент (ол жақтағы бір-екі бейшара партиялар есептелмейді) пен дәл сондай үкіметті таратпайды.
Жолдауды жақсы сөздер айтылады.
Бірақ кезекті парламент сайлауы жарияланбайды. Үкімет те өз орнында қалады. Шынымды айтсам, дәл осы болжамым қате болса, қуанар едім.
Әміржан Қосан
Abai.kz