Ғарифолла ЕСІМ, сенатор: Латын әліпбиін биыл анықтап, қабылдауымыз керек
Латын жазуына көшу - EXPO - 2017 көрмесіне дайындықтың бір бағытына айналуы керек. Бұл туралы сенатор, академик, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім «Айқын» газетіне айтты. Ол алдағы бес жылда кейбір салаларды латын графикасына ауыстыруға болады деп есептейді. - Латын әліпбиіне көшу, әлде көшпеу туралы әңгіме енді мүлдем жоқ. Бұл мәселе Елбасының биылғы Жолдауынан кейін күн тәртібінен алынып тасталды, - дейді Ғарифолла Есім. - Ендігі сұрақ: Латын әліпбиіне қашан және қай кезде өтеміз?
- Сонда қалай өтеміз?
- Біздің алдымызда басқа елдердің тәжірибелері бар. Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан сияқты елдердің латын графикасына көшу тәжірибелерін қарап, олардың жетістіктері мен кемшіліктерін саралаған жөн. Мамандар арнайы осы елдерге барып, ондағы латын графикасына қатысты жағдайды жан-жақты талдап, зерттеулері тиіс.
- Бұл жұмыстармен кімдер айналысады?
Латын жазуына көшу - EXPO - 2017 көрмесіне дайындықтың бір бағытына айналуы керек. Бұл туралы сенатор, академик, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім «Айқын» газетіне айтты. Ол алдағы бес жылда кейбір салаларды латын графикасына ауыстыруға болады деп есептейді. - Латын әліпбиіне көшу, әлде көшпеу туралы әңгіме енді мүлдем жоқ. Бұл мәселе Елбасының биылғы Жолдауынан кейін күн тәртібінен алынып тасталды, - дейді Ғарифолла Есім. - Ендігі сұрақ: Латын әліпбиіне қашан және қай кезде өтеміз?
- Сонда қалай өтеміз?
- Біздің алдымызда басқа елдердің тәжірибелері бар. Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан сияқты елдердің латын графикасына көшу тәжірибелерін қарап, олардың жетістіктері мен кемшіліктерін саралаған жөн. Мамандар арнайы осы елдерге барып, ондағы латын графикасына қатысты жағдайды жан-жақты талдап, зерттеулері тиіс.
- Бұл жұмыстармен кімдер айналысады?
- Тіл білімі институты. Олар барлық жұмыстарын осы мәселеге арнауы керек. Өйткені, тіл, оның лексикасы, этимологиясы, тарихы, әліпбилердің тарихына қатысты зерттеулерді солар жүргізіп келеді. Бұл бойынша құжаттар, зерттеулер, еңбектер бар. Тіл білімі институты латын әліпбиіне көшу бойынша қоғамдағы негізгі күшке айналып, Үкімет ұйғарымымен оларға сондай құқық берілуі керек. Ал Тіл білімі институтының осы бағыттағы шешімдері мемлекеттік деңгейде талқыланып, іске асуы қажет.
- Сонда бұл институт латын жазуына көшу бойынша ғылыми орталық бола ма?
- Ия, латын әліпбиіне қатысты ғылыми орталық Тіл білімі институтында болады. Олар кімдерді қажет деп санаса, соларды осы сараптамалық жұмысқа тартуы қажет. Бұл жұмыстарға арнайы қаражат бөлінуі тиіс. Ал олардың үстінен латын әліпбиіне көшу мәселелері бойынша мемлекеттік комиссия құрылғаны жөн. Тіл комитеттері де осы жұмысқа атсалысады
деп ойлаймын. Тез арада жұмысқа кірісу керек.
- Жұмысты неден бастау қажет?
- Сараптама, зерттеу кезеңінен кейінгі бірінші мәселе - әліпбиді анықтау. Түркі елдерінің Кеңесі 34 әріпті латын әліпбиіне тоқтағанға ұқсайды. Бірақ Президент тамаша бір мәселені айтқан еді. Әліпби жасаған кезде жаңа символдар қосу қажет емес. Мәселен, ң, ү, ұ, ө тәрізді дыбыстарды беру үшін жаңа символ ойлап таппай, бірнеше әріпті қосарлана пайдалануға болады. Неміс, ағылшын тілдерінде де кейбір дыбыстар 2-3 әріппен беріледі. Яғни қазіргі қолданыстағы латын әліпбиі шеңберінен шықпауға болады. Қосымша символ жасап, латынды ерекше етіп жіберсек, онда қазақтың латынын оқу көпшілік үшін қиынға соғады. Сонымен бірге бірнеше латын әліпбиін таратып, халықты шатастырмаған абзал. Халық талқылауына тек 1-2 нұсқа ұсынылғаны жөн.
Әліпбиді анықтағаннан кейін насихат жұмысына кірісуіміз керек. Жаңа графиканы пилоттық жоба ретінде белгілі бір мектептерде, гуманитарлық ғылыми-зерттеу институттарына енгізген жөн. Басылым беттерінде жаңа жазумен материалдар беріле бастауы тиіс. Латын графикасы қалай тез тарайды? Мақал-мәтелдер, аңыздар, афоризмдер, қызықты, шытырман оқиғаларды, күнделікті жаңалықтарды латынша беруге болады. Сонда жаңа жазу қоғамға біртіндеп сіңе бастайды. Осы дайындық кезеңінде әрбір ұжымда үйірмелер, курстар ашылуы керек. Ал орта мектептерде алғашқы сыныпқа келген балаларды латын әліппесіне үйрете бастаған жөн. Менің ойымша, елімізде он жылдай латын мен кирилл жазуы қатар жүруі мүмкін.
- Латын жазуына көшуді қош көрмейтіндердің басты уәжі: келешекте латын графикасымен оқитындар кирилл жазуындағы мәдени, әдеби мұрадан түгелдей айырылып қалады. Өйткені кітаптардың барлығын жаңа графикаға ауыстыру мүмкін емес. Сіз бұл жөнінде не ойлайсыз?
- Бұрын шығарылған еңбектерімізді латынға ауыстыру бойынша бағдарлама жасалуы қажет. Қазіргідей компьютерлік заманда бұл қиынға соқпайды. Әрбір тұлға, ғалым, жазушы осы жұмысқа атсалысып, өзінен кейін қалатын еңбектерін, кітаптарын латынға аудара беруі тиіс. Себебі келер ұрпақ әдебиеттерді латын жазуымен оқитын болады. Сонда бұл жалпы іске көмек болады. 3-4 жылдың ішінде бі-раз еңбектер жаңа жазуға көшірілер еді. Мәдени құндылықтарымыз, мемлекеттік құжаттарымыз латын графикасына аударыла бастауы керек.
- Бұл жұмыстарды қашан бастаған жөн?
- Биылдан. Ол үшін әліпбиді анықтауымыз қажет. Әліпбиді 2013 жылы анықтап, қабылдап алуымыз керек. Оның заңдылық жағы қалай болмақ? Парламентте заң арқылы мақұлдана ма, әлде Президент Жарлығымен, яки Үкімет шешімімен бекітіле ме? Себебі жаңа әліпби мемлекеттік, ұлттық рәмізге айналатыны анық.
- Жалпы, бұл жазу реформасы қыруар қаржы талап етпей ме? Зерттеу жұмыстары, барлық әдебиеттерді жаңа жазуға ауыстыру...
- Қанша қажетті қаржы қажет болса, сонша бөлінуі керек. Егер еліміздің болашағы мен мұқтаждығы үшін қаржы шығындамасақ, оны қайда шығарамыз?! Біз заман талабына сай, фонетикамызға сәйкес келетін әліпбиге көшеміз. Латын жазуы - өркениетті алаңда өзін көрсеткен әліпби. Оны қолдану арқылы көптеген қателіктерден арыламыз. Мәселен, жазудағы кемшіліктердің салдарынан бізде адамның аты, елді мекен, жер-су аттары да екі түрлі жазылады. Менің аты-жөнім - Ғарифолла Есім, орысша - Гарифолла Есим деп жазады. Қазақша - Қарағанды болса, орысша - Караганда деп жазып қояды.
- Қазақстан - орысша Казахстан деп жазылса, ағылшын тілінде сол орыс тілінде дыбысталатын нұсқасынан алынып жазылады...
- Егер латын қарпі болса, барлығы ретке келер еді. Қазіргідей орысша, қазақша, ағылшынша әрқилы жазылмайды. Латын әліпбиіне көшпесек, бауырлас елдермен байланыс қалай болады? Өзбек, түркімен, әзірбайжан, түріктермен қалай хат алысамыз? Латын әліпбиі түркі дүниесіндегі ынтымақтастықты арттыра түспек. Әлемнің әр түкпіріндегі қазақтар әртүрлі графиканы пайдаланып отыр. Ортақ жазу өзара байланыстағы кедергіні алып тастауға көмектеседі. Латын графикасына өту өркениетке, мәдениетке қатысты көптеген мәселелердің дұрыс шешілуіне апарады. Әрине, бір кезеңнен келесісіне өту әркез оңай емес.
- Сіз латын әліпбиіне көшуге қатысты екі сұрақ бар дедіңіз: қалай және қашан? Қалай екенін айттыңыз, ал қай уақытта жаңа жазуға көшеміз?
- Біздің алдымызда - басқа елдердің тәжірибелері бар. Яғни бауырлас елдердің осындай өзгерістер жасауға жіберген уақытынан қысқа мерзім алынуы тиіс. Бұл мәселеге инновациялық тұрғыдан қарау керек. Инновация - жаңалық. Жаңалық жылдамдықпен жүзеге асады. Созылып кеткен нәрсе жаңалық болудан қалады. Латын қарпіне көшу мәселесін созғаннан ешқандай пайда таппаймыз. Бұл бастаманы жүзеге асыру жылдамдығын, инновациялық қуатын ғалымдар анықтайды деп ойлаймын.
- Ал лингвист ғалымдар қазақ тілі 2017 жылға дейін латын әліпбиіне көшу керектігін қазірдің өзінде айтуда. Бес жылда мұны жүзеге асыру мүмкін бе?
- Бес жылдың ішінде негізгі салаларда латынға көшудің еш қиындығы жоқ.
- Қай салаларда?
- Көшедегі жазулар, дүкендердің атаулары, жарнамалар, вокзалдар мен әуежайлардағы анықтамалық жазуларды латынға көшіруге болады. Ресми іс-қағаздарды жаңа жазуға ауыстыру аса күрделі шаруа деп ойламаймын. Жаңа буынды латын графикасына бірыңғай дайындауымыз керек. Латын әліпбиіне көшу - EXPO - 2017 көрмесіне дайындықтың бір саласына айналуы тиіс. Осы көрмеде шығарылатын дүниелеріміздің барлығы латынша жазылуы қажет. Оған дейін латын графикасына көшудің негізгі бағыттары анықталуы керек. Латын әліпбиіне көшу - үлкен сарайлар салудан қиын емес.
- Ал баспасөзді жаңа жазуға көшіру жағы қалай болмақ?
- Басылымдарды латын графикасына ауыстыруда пилоттық варианттары болуы керек. Екі жазу қатар қолданылуы мүмкін. Кейбір ақпарат құралдары осы графикаға өтуі қажет шығар. Бұқаралық ақпарат құралдары жаңа жазуға тез өтуі үшін өз оқырмандарын осыған дайындау мәселесін өз мойындарына алуы керек. Латын әліпбиіне көшу - егеменді еліміздің жиырма жылдықтан отыз жылдыққа өту кезіндегі аса маңызды мәдени-идеологиялық жұмысы. Бұған Үкімет, Парламент, қоғамдық ұйымдар, зиялы қауым, бүкіл қоғам жұмыла кірісуі керек.
Сұхбаттасқан
Айжан КӨШКЕНОВА
"Айқын" газеті