Қазақстан ҰҚШҰ құрамынан шыға ма?
«Қазақстан 2023 жылдың басында ҰҚШҰ құрамынан шығады» деген әлеуметтік желілерде тараған хабарлама жалған болып шықты.
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі түсініктеме беріп, ақпаратты жоққа шығарды.
– Қазақстанның ҰҚШҰ-дан шығуы туралы жекелеген әлеуметтік желілерде тараған ақпарат – фейк және шындыққа жанаспайды. Қазақстан ҰҚШҰ құрылғалы оған мүше, осы ұйымның белсенді қатысушысы болып табылады. ҰҚШҰ-ға мүше болу еліміздің ұлттық мүдделеріне толық сай келеді. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартта оған қатысушы мемлекеттер үшін, оның ішінде Қазақстан үшін де қауіпсіздікті қамтамасыз етуге заңды түрде міндеттейтін кепілдіктер көзделген. Бұдан басқа, ҰҚШҰ шеңберінде халықаралық терроризмге, заңсыз көші-қонға, есірткінің заңсыз айналымына, трансшекаралық қылмыстылыққа, ақпараттық саладағы қатерлерге бірлесіп қарсы іс-қимыл жасау дағдылары пысықталады. Яғни, ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыты болып табылады, еліміздің ҰҚШҰ-ға қатысуы Қазақстанның ұзақ мерзімді стратегиялық құжаттарында қарастырылған. Жалпы, Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан шығу мүмкіндігін қарастырып жатқан жоқ,-деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Abai.kz