Жұма, 22 Қараша 2024
2588 0 пікір 28 Қыркүйек, 2022 сағат 15:52

Қырғыздар наразылыққа шығып жатыр

Қырғызстанның Баткен қаласындағы жергілікті тұрғындар екі күннен бері қырғыз-тәжік шекарасындағы мәселеге қатысты акция өткізіп жатыр.

Азаттық радиосы Қырғыз қызметі тілшісінің хабарлауынша, драма театр ғимараты алдына жүзден астам адам жиналған. Олар билік өкілдерімен кездеспек.

Бір күн бұрын, 27 қыркүйекте, жергілікті тұрғындар облыс әкімдігінің алдына жиналып, шекарадағы мәселені шешуге қатысты қабылданған соңғы шешімдерді түсіндіруді талап етті. Акцияға шекара маңында орналасқан Ақ-Сай және Самарқандек ауылдарының тұрғындары да қатысты. Олар ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Тәшиевпен кездесуді талап етті.

Бұның алдында Қырғызстан ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Тәшиев тәжік арнайы қызметінің басшысы Саймүмін Ягимовпен бірге хаттамаға қол қойғанын хабарлады. Оның айтуынша, шекарада жанжал болмас үшін үнемі жанжал туындайтын шекара бекеттерін уақытша жабу туралы шешім қабылданды. Қырғыз жағы "Тамды", "Бұлақ-Башы", "Қатта-Тұз" және "Дача" бекеттерін, ал тәжік жағы "Бедак", "Кех", "Қарақшықұм" және "Шаршара" бекеттерін жабады.

14-17 қыркүйек аралығында Қырғызстан мен Тәжікстан әскерлері арасында қарулы қақтығыс болды. Жанжал салдарынан Қырғызстанның 62 азаматы мерт болып, 200-ге жуық адам жараланды. Жүздеген үй мен әскери нысан қирады. Шекара бойындағы аудандардың 140 мыңнан астам тұрғыны қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр болды. 18 қыркүйекте Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Тәжікстанды қарулы агрессия жасады деп айыптады.

Тәжікстан сыртқы істер министрлігі шекарадағы жанжалдан 41 адам қаза болғанын хабарлады. Озоди радиосының дереккөздері тәжік-қырғыз шекарасында мерт болған 74 тәжікстандықтың аты-жөнін жариялады. Тәжік жағында мерт болғандар мен зардап шеккендер туралы мәліметті басқа да тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін болмай отыр.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320