БАҚ мәліметінше, 27 қыркүйекте наразылық білдірушілер мен полиция арасында қақтығыс болып, көптеген адам қамауға алынған. Демонстрация Тегеран, Тебриз, Коража, Кум және Йезд қалаларында өтіп жатыр.
Fars ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 16 қыркүйектен бері полициямен қақтығыста кемінде 60 адам қайтыс болған.
Құқық қорғаушылар бірқатар аудандарда интернет өшірілгеніне байланысты олар оқиға кезінде түсірілген видеолармен бөлісе алмай жатқанын айтады.
Бұл арада Ирандағы Адам құқықтарын қорғау ұйымы кемінде 76 адам өлгенін, 1200 адам ұсталғанын мәлімдеді. Tasnim агенттігі ұсталғандардың арасында Иранның бұрынғы президенті Али Акбар Хошими Рафсанжанидің қызы да бар екенін жазды.
22 жастағы Махса Амини Тегеранда хиджап кию жөніндегі заңды бұзды деген айыппен қамауға алынған. Ол абақтыда комаға түсіп, үш күннен кейін ауруханада қаза болды.
Abai.kz