Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 2666 2 пікір 29 Қыркүйек, 2022 сағат 15:14

Жаңа саяси дәуір: ашықтық, әділдік және өзара сенім

​Бүгін, 29 қыркүйек күні Жезқазған қаласында «Жаңа саяси дәуір: ашықтық, әділдік және өзара сенім» атты «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті. Шараны ұйымдастырушы – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ.

Жиынға Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали, Ұлытау облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Мереке Мырзабекова, «Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті» АҚ Президент-Ректоры Әбділмәлік Тәкішев, «Жезқазған Бизнес және көлік колледжі» ЖММ директоры, Жезқазған қалалық мәслихатаның депутаты Светлана Жумкина, Жезқазған қаласы Бизнес және көлік колледжінің оқытушысы, тарихшы Машикар Дисекенова, «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің маманы, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Ғазиз Ештанаев, мемлекеттік органдардың өкілдері, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері, Жезқазған қаласының белсенді жастары және ҚҚДИ сарапшылары қатысты.
Жиында Президент Жолдауының негізгі ережелері, жаңа саяси дәуірді айқындайтын бастамалары талқыланды. Сондай-ақ іс-шара қатысушылары реформаларды талдап, Жолдауды сапалы жүзеге асырудың түрлі аспектілері бойынша пікір алмасты.
Іс-шара Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Олжас Бейсенбаевтың модераторлығымен өтті. Ол Қазақстанда Президенттің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтетінін еске салды.
Отырысты Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали ашты.
«Президент Жолдауында барлық маңызды саяси мәселелер айтылды. Халықтан келіп түскен барлық ұсыныстар зерделенді және ескерілді. Мемлекет басшысының ұзақ мерзімді, стратегиялық бастамалары мен реформалары әрбір қазақстандықтың қатысуын талап етеді, өйткені азаматтардың ерік білдіруі Жолдаудың тиімді іске асырылуына кепіл болады», - деді әкім орынбасары.
Жезқазған университетінің оқытушы-профессорлар қауымы мен білім алушы жастары Президент жолдауын ыждағатпен тыңдап, онда айтылған саяси реформалардың жаңа бағдарламасын бірауыздан қолдады. Бұл туралы Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің Президент-Ректоры Әбділмәлік Тәкішев мәлімдеді:
«Жолдауда Қазақстан азаматтарының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған негізгі міндеттер атап өтілді. Білім беру сапасын арттыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Білім беру гранттарын, оқуға жеңілдетілген несие бөлу жоспарлануда. Бұл шаралар жоғары білімді мейлінше қолжетімді етеді, сондай-ақ қоғамдағы серіктестік пен өзара жауапкершілік идеологиясын нығайтады. ЖезУ ұжымы Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған жаңа саяси реформаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға дайын».
«Халық пен биліктің арасын жақындастыратын осындай алаңдарды көбейту керек. Мемлекет басшысының халыққа жақын болуға ниетін білдіретін бастамаларын, қадамдарын байқап жүрміз. Сол бастамаларды жүзеге асыру үшін үлкен күш, бірегейлік керек. Біз осы Президент реформаларын қолдауға дайынбыз», - деді «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің маманы, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Ғазиз Ештанаев.
ҚҚДИ сарапшысы Олжас Бейсенбаевтың пікірінше, сайлауды алдын ала, Жарлыққа қол қойғанға дейін бір ай бұрын жариялауы, Мемлекет басшысы билік тек қоғамдық саясатты ғана емес, сонымен бірге «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыратынын көрсетті:
«Біз мұны билік пен қоғамды жақындастыруға бағытталған тағы бір қадам ретінде қабылдаймыз. Осы арқылы өзара сенімді қарым-қатынас қалыптасады. Жыл басынан бері билік экономиканың әр саласында олигополия, әлеуметтік теңсіздік орнағанын да ашық айтып келеді. Сонымен қоса ашық айтылып қана қоймай, оны талқылаудың қоғамдық кеңес, Ұлттық Құрылтай түріндегі механизмдері ұсынылып, Президент Жолдауында бірқатар өзекті мәселелердің шешу жолдары көрініс тапты. Биылғы жаз айларында ҚҚДИ өткізген эксперттік сауалнамада мамандар әлеуметтік-экономикалық блоктың қоғамдық дискурста өзекті екенін ескерген еді».
Модератордың пікірімен Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы, саясаттанушы Бауыржан Серікбаев та келісті.
«23 қыркүйекте Қазақстанда президенттікке кандидаттарды ұсыну басталды. Республикалық қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялардың кандидаттар ұсынуға және олардың үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге әлі де уақыты жеткілікті», - деді саясаттанушы. Сондай-ақ Қазақстанда саяси реформаларды кезең-кезеңімен іске асыратын прагматикалық жолдың негізі қаланғандығын және осы жолда бастысы – мемлекеттілікті күшейтіп, тәуелсіздігімізді нығайтып, геосаяси күрделі кезеңде елімізді жаңа саяси, экономикалық, әлеуметтік даму сатысына көтеру екендігін атап өтті.

 

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320