Жұма, 20 Қыркүйек 2024
46 - сөз 2694 10 пікір 18 Қазан, 2022 сағат 13:34

Боржомидегі "соғыс"

Бүгін қызық жағдай болды. Минерал ваннаның кезегін күтіп отырғамыз. Бір орыс азаматы коридордан әрлі-берлі өткен медбикелерге қайта-қайта "гамаржава, гамаржава" деп амандаса берген.

Осыны сырттай бақылап отырған бір қазақ әйелі:
- Қайдан келдіңіз? - деп сұрады әлгіден.
- Қазақстаннан.
- Қазақстанда көптен тұрасыз ба?
- 20 жыл болды.
- Қазақша білесіз бе?
- Білмеймін.
- Он күнге келіп тұрып Грузиндермен грузинше амандасасыз, 20 жыл қазақтың нанын жеп, суын ішіп отырып, бір ауыз қазақша білмейсіз! Неге?
Сөйтсе әлгі орыс:
- Қазақстан мен Ресей - бір ел. Қай тілде сөйлесек те бәрібір емес пе, - дегені.
Жүрегім тас төбеме шығып, отырған орнымнан ыршып кетер жаздадым. Ана әйелдің қаны басына шапты білем:
- Не оттап отырсың? Қайдағы бір ел? Қазақстан өзалдына тәуелсіз мемлекет екенін білмейтін бе едің, әлде білгің келмей ме?
Ары қарай екі жақтың "соғысы" басталды да кетті. Мен де бір жағынан атойлап кірісе кеткім келіп, зорға шыдап отырмын.
- Агрессивная женщина!
- Мен емес, сен агрессор! Басқыншысың!
Тіл мәселесінен басталған егес геосаясатқа ұласты. Айтылмаған сөз қалмады. Ана орыстың тоқтайтын түрі жоқ. Біратола үнін өшірейін деді ме, бір уақытта:
- Қазір ваннаға кір, ей богу, мен сені Боржомидің минерал суына тұншықтырып өлтірем! - дегені ана әйел.
Ванналардың арасы пердемен ғана бөлініп тұр.
- Мен саған көмектесем! - дедім қызып кетіп.

Мұны естіген орыстың құйрығы бір уыс болды. Медперсонал атаулының құты қашты. Ана әйел екеумізді еркімізге қойса ана орысты шынымен де тұншықтырып өлтіретіндей едік.
Құрсын деп шошыған болу керек, кезектері келгенде ана әйел мен орысты бір қатардағы ваннаға жібермей, екі жақтағы ваннаға кіргізді.

PS: Грузиндер "Отан" деген ойдан басқаның бәрін екінші планға ысырып қоюды ерлік деп түсінеді екен.
"Ерлік" деген сөзді қазақтар қалай ұғатын болды екен?

 

Гүлмария Барманбекова

Abai.kz

10 пікір