Жұма, 22 Қараша 2024
Саңлақ 3803 0 пікір 2 Қараша, 2022 сағат 12:54

Тұңғыштың қызығы мен қиындығы  

І чемпионат. 1930 жыл. Уругвай

 Чемпион – Уругвай

Күміс жүлдегер – Аргентина

Қола жүлде – сарапқа салынған жоқ

 

Еуропалықтарды көндіру қиын болды

Қазір әлемдік футбол чемпионаттарына қатысқысы келмейтін ел жоқ. Тіпті біреуді жеңбек түгілі, доп соғудың өзін армандайтын командалар да алаңға шықпай қалуды өздеріне ар санайды. 2001 жылы Австралиядан 0:31 (!) боп ұтылатын Самоа аралы аборигендерінің өзі «е, ақыры жеңілеміз ғой, ойнап қайтеміз...» демейді. Өйткені ФИФА аясындағы кез келген турнирдің абыройы асқақ, оның ішінде әлем чемпионатының шоқтығы тіптен биік. Ал «кезінде ФИФА командаларды жарысқа сүйрегендей ғып әрең қатыстырған» дегенге бүгін сенесіз бе?

Шын мәнінде Халықаралық федерацияның алғашқы басшыларының бірі, әлемдік доп додасын ұйымдастыру идеясының авторы Жюль Римэ үшін бұдан асқан проблема болмаған десек, артық емес. 1929 жылы алғашқы әлем чемпионатының Уругвайда өтетіні белгілі болған соң-ақ, Еуропадағы айдарынан жел ескен құрамалардың талайы «сонау жердің түбіне 20 шақты жігітті апарып, қайтып алып келуге қаржы тапшы» деген себепті көлденең тартып, қатысудан қашқақтай бастады. Кәсіпқой футбол клубтары өз ойыншыларын қайдағы бір болашағы күңгірт турнирге бола бір айға жуық уақытқа жібере алмайтынын ашық айтты. Мұндай қарсылықтардан соң, Римэ мен оның көмекшісі Анри Делонэнің басы қатты. Чемпионат басталуға екі ай қалғанда да, футболы қатты дамыған қарт құрлықтан бірде-бір команда Атлант мұхитын кесіп өтіп, алғашқы чемпионатқа барғысы келетінін білдірген жоқ! Бұл жағдай күндіз-түні доп додасына дайындық жүргізген уругвайлықтардың тіпті көңіліне келсе керек. Расында да, 1924 және 1928 жылдары олар және аргентиналықтар сонау қияндағы Париж бен Амстердамда өткен Олимпиялық ойындарға баруға тәуекел етті ғой. Енді еуропалықтар да неге солай жасамасқа?

Ақыры өздері де жетісіп отырмаған уругвайлықтардың командалардың бүкіл жатын орын, ішіп-жемін ғана емес, күллі келу-кету жол қаражатын да өз мойнына алатынына көздері жеткен соң барып, тиын санап қалған еуропалықтар көнген сыңай танытты. Бірақ 1930 жылдың 29 маусымы күні Уругвайды бетке алған «Конте Верде» кемесіне Римэ тек төрт құраманың – Франция, Румыния, Югославия және Бельгияның футболшыларын ғана отырғыза алды. Оларға Солтүстік Американың қос жүйрігі және Оңтүстік Американың 7 командасы қосылды. Сөйтіп, алғашқы чемпионатқа 13 команда қатысты.

Жеребе дода басталарда бір-ақ тартылған

Бұл уақытта Уругвайда дайындық жұмыстары қызу жүріп жатты. Чемпионаттың барлық ойындары өтеді деп жоспарланған ел астанасы Монтевидеодағы «Поситос» және «Сентраль Парк» стадиондарына қоса ұйымдастырушылар жүз мың орындық жаңа арена салуға уәде берген болатын. Олар уәдесін орындады, бірақ межеленген мерзімге дәл үлгере алмады. Латын Америкасын түгел жайлаған экономикалық дағдарыс оның құрылысына біраз қолбайлау болды. Соның салдарынан стадионның негізгі құрылыс жұмыстары 1930 жылдың ақпаны мен шілдесі аралығында ғана жүргізілді. Қас қылғандай, шаруа нағыз қызған шақта жаңбыр сорғалап тұрып алды да, құрылысшыларға көп кедергі келтірді. Жаңа спорт аренасының межеленген мерзімнен бір аптадай кешігіп бітуі содан еді.

Сөйтіп, біріншіліктің ең алғашқы ойыны (Франция – Мексика) «Поситоста» өтті. Әлемдік чемпионаттардың тұңғыш голын француз шабуылшысы Люсьен Лоран матчтың 19-минутында енгізді. Атын спорт жылнамасында мәңгі қалдырған маңызды сәт жайында футболшының өзі кейін былай деген екен: «Біздің қорғаушылар өрістеткен бір шабуылда сол қапталдан әуелетіп берілген допты секіріп тоқтаттым да, қақпашының оң жағынан зу еткіздім. Ол кезде доп соққандарды қазіргідей қуып жүріп құттықтау дәстүрге айналмаған-ды. Бір-екі командаласым арқамнан қақты да қойды...».

Жалпы кімнің қай топқа түсетіні қазір финалдық турнирге жарты жыл қалғанда-ақ белгілі болады ғой. Ал 1930 жылы топтық турнирдің жеребесі чемпионат басталардан... 6-ақ күн бұрын тартылыпты. Алыстан кеме мініп келген құрметті еуропалық қонақтарды әр топқа бөліп тастау дұрыс деп ұйғарылды да, қалғандары өз орындарын «соқыр» жеребенің көмегімен тапты. Жарысты топ жеңімпаздары ғана жалғастырып, жартылай финалдық жұптар түзетін болды.

Алаңнан қуылса да, келесі ойынға қатысты

Өзінің бұрынғы отарының территориясында өтсе де, Бразилия құрамасы топ жарып шыға алған жоқ. Жеке шеберлігі жоғары ойыншылардан жасақталғанымен, олар жұдырықтай жұмылған балқандықтардың тегеурініне төтеп бере алмады. Әйтпесе Югославия ол кезде Еуропа мықтыларының қатарында емес еді.

Әлгінде айтқанымыздай, жаңа стадион – «Сентенарио» біріншілік басталып кеткен соң барып пайдалануға берілді («сентенарио» – испанша «жүзжылдық» деген сөз, яғни Уругвайдың Бразилиядан тәуелсіздігін алғанына 1930 жылы бір ғасыр толған болатын). Ұйымдастырушылар қанша тырысса да, ауқымдылығы жағынан «Сентенарио» өз атына сай бола қойған жоқ, оған тек 80 мың адам ғана сыятын еді...

Сөйтіп, бір қызығы, чемпионаттың ашылу салтанаты... 18 шілдеде (яғни доданың тұсауы кесілгеніне 5 күн болғанда) сол су жаңа аренада өтті. «Сентенариодағы» тұңғыш ойында Уругвай мен Перу кездескен болатын. Тартысты кездесудің тағдырын перуліктердің қақпасына... бір қолы жоқ (!) уругвайлық шабуылшы Эктор Кастро енгізген жалғыз доп шешті. Ал Перудің Румыниямен ойынында тұңғыш рет белгілі бір футболшы (перулік Пласидо Галиндо) алаңнан қуылды. Бірақ ол... түк болмағандай келесі ойынға да қатысты. Өйткені алаңнан қуылған ойыншыны алдағы матчқа қатыспайтындай етіп жазалауды ол кезде әлі ешкім ойлап тапқан жоқ еді.

Осы ойында тағы бір таң қаларлық оқиға болды. ФИФА-ның матч барысында ойыншы алмастыруға ресми түрде тек 1970 жылы ғана рұқсат бергені белгілі. Ал Румыния – Перу матчының 80-минутында жарақат алған перулік Луис Соусаның орнына Лисандро Родригес шықты. Бірақ Халықаралық федерация латынамерикалықтарды бұл заңсыз әрекеті үшін жазалай алмады, өйткені чемпионат регламентіне «матч барысында ойыншы алмастыруға болмайды» деп жазуды... өздері де ұмытып кетіпті!

Доп – Аргентинаныкі, ал жеңіс – Уругвайда!

Бұл біріншіліктің тағы бір ерекшелігі – 3-орын үшін ойын болған жоқ. 1984 жылы шыққан анықтамалықта «ондай ойын болды, Югославия АҚШ-ты 3:1 есебімен жеңді» делініпті. Шамасы, оны құрастырушылар аталған командалардың 1928 жылғы Олимпиададағы кездесуін шатастырып, әлем чемпионатына телісе керек.

ФИФА командалардың финалдық сынға 22 футболшыдан апаруына рұқсат бергенімен (бұл дәстүр 2002 жылы ғана бұзылып, 23-ке дейін көбейтілді), оны бұлжытпай орындаушылар тым аз болды. Мәселен, француздар бұл біріншілікке небәрі 16, бельгиялықтар 17, ал АҚШ құрамасы 18-ақ ойыншы алып келіпті. Айта кету керек, америкалықтардың сапында Ұлыбританиядан қоныс аударған бірнеше кәсіпқой футболшы ойнады, олардың қарсыластарын оп-оңай ұтып, жартылай финалға шығуының сыры осында жатса керек.

Командалардың көпшілігі біріншілікке еш дайындықсыз келсе, Уругвай құрамасы өз жеріндегі турнирге тыңғылықты әзірленді. Бұл ел футболшыларының допты қалауынша билететін жоғары техникасын жұрттың бәрі білетін. Бас бапкер Альберто Супиччи бұған темірдей тәртіпті әкеп қосты. Осындай тәртіп пен шеберліктің кереметтей келісім тапқан үлгісін айдай әлемге сыйға тартқан уругвайлықтар тұңғыш әлем чемпионатында сол кездегі ең үздік команда екенін дәлелдеді. Бір қызығы, ақтық бәсеке алдында екі команда қай доппен ойнау жөнінде таласып қалған көрінеді. Сосын екі жақ та алаңға өз доптарын ала шығып, төреші Лангенус жеребе арқылы финалдың аргентиналық доппен ойналатынын анықтапты.

 

Ойын нәтижелері

«А» тобы

Франция – Мексика – 4:1, Аргентина – Франция – 1:0, Чили – Мексика – 3:0,

Чили – Франция – 1:0, Аргентина – Мексика – 6:3, Аргентина – Чили – 3:1.

«В» тобы

Югославия – Бразилия – 2:1,  Югославия – Боливия – 4:0, Бразилия – Боливия – 4:0.

«С» тобы

Румыния – Перу – 3:1, Уругвай – Перу – 1:0, Уругвай – Румыния – 4:0.

«D» тобы

АҚШ – Бельгия – 3:0, АҚШ – Парагвай – 3:0, Парагвай – Бельгия – 1:0.

Жартылай финал

Аргентина – АҚШ – 6:1, Уругвай – Югославия – 6:1.

Финал

Уругвай – Аргентина – 4:2

30 шілде. Монтевидео. «Сентенарио» стадионы. 80 000 көрермен. Төреші Лангенус (Бельгия).

Уругвай: Бальестерос, Насасси, Маскерони, Андраде, Фернандес, Хестидо, Дорадо, Скароне, Кастро, Сеа, Ириарте.

Аргентина: Ботассо, Делла Торре, Патерностер, Х.Эваристо, Монти, Суарес, Пейселле, Варальо, Стабиле, Феррейра, М.Эваристо.

Голдар: Дорадо, 12 (1:0), Пейселле, 20 (1:1), Стабиле, 37 (1:2), Сеа, 57 (2:2), Ириарте, 68 (3:2), Кастро, 89 (4:2).

 Сұрмерген: Гильермо Стабиле (Аргентина) – 8 доп.

 

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5317