Жұма, 20 Қыркүйек 2024
46 - сөз 2586 0 пікір 7 Қараша, 2022 сағат 15:11

"400 әскери жараланды" деп хабарла деді...

Желтоқсан көтерілісі кезінде маған жоғары жақтан 400 əскери адамның жараланғанын радиодан хабарлау тапсырылды. Анық-қанығын білейін деп, госпитальға бардым. Барсам шетінен басы-қолы байлаулы əскерилер госпитальға сыймай тұр. Қолым сынды деп байланып алған біреуін жаныма шақырып алдым да: «Мынаны ала тұршы», – деп қаламымды беріп едім, əлгі шап беріп ұстап алды.

Негізі, қолы сынған адамның саусағы істемейді. Сосын бас дəрігерді шақыртып алып: «Бұлардың басы-қолы сынса, рентгенді көрсет», – деп едім, жоқ болып шықты. Сосын əлгі солдаттың қолын шешкіздім. Қолын шешсе, түгі жоқ.

Басым жарылды деген бір орысты шешіндіріп едім, жарылмақ тұрмақ бөріткен болса бұйырмасын.

Ақыры анығына жеткен соң госпитальда жатқан 200 адамды түн ішінде түгел шығартып жібердім. Сол əрекетім Мəскеудегі адамдардың құлағына жеткен. Артынша мені сотқа бермек болып, дау-дамай басталды.

Көтеріліс басылғаннан кейін маған Мəскеуден Қазақстанда тұруға болмайды деген шешім шығарып, бір-ақ күннің ішінде Ауғанстанға айдап жіберді. Ол кезде мен елудемін, тіпті немерем бар болатын. Амалсыз Ауған соғысына кете бардым…

Генерал-майор Мұрат Қалматаевтың естелігі, сұхбат алған Серікбол Хасан.

Abai.kz

0 пікір