Түркия Украинаны нақты қолдайды!
Түркия Еуропа Одағына кіруге өтініш берсе де және сол уақыттан бері өзге де Еуропадағы шағын мемлекеттер ЕО өтсе де, әлі күнге дейін еуропалықтар Түркияны аталған ұйымға қабылдамай жүр. Біресе, заңдарыңды өзгерт, басқаша, былай істе деп, әбден бастарын қатырды. Бірақ, Түркияны қабылдамаудың басқа себебі бар сияқты!
Енді, оған түріктердің көздері анық жеткен. Жалпы, Түркияның өз саясаты бар, ЕО мен АҚШ біртұтас десек те, саясат жүрген соң әркімнің мүддесі әртүрлі. Бұл әсіресе Ресей-Украина соғысында нақты көрініс берді.
Ресей мен Түркия аса ірі сауда әріптесі, жыл соңына дейін тауар айналымы 80 млрд. долларға жетіп қалуы мүмкін, Батыстың санкцияларына қосылмайды, РФ туристері Түркиядағы саны көп туристердің қатарында және соңғы уақытта, Түркияда жаңадан салынған үйлерді сатып алу бойынша Ресей азаматтары бірінші орынға шыққан. Оның үстіне Путин мен Ердоған жиі кездеседі, мәселелерді талқылап уақытша келісімдерге келеді. Әрине, Ердоған Берлускони мен Шредер емес, қажет кезінде Путинге кімнің кім екенін "танытып қояды". РФ пен Түркия мүдделері Кавказда, Орталық Азияда, Сирияда және өзге де елдерде тоқайласып қалғанымен, соғыс жағдайына жеткен жоқ.
Дегенмен, Түркия Украина жағында екені шын. Сөзімізді дәлелдей түсейін, Түркия Украинаның аумақтық тұтастығын мойындайды, әсіресе, қырым татарларын қолдауы маңызды. Айтқандай, тұтқындағы украин сарбаздарының бір тобының босатылуы РФ-Түркия байланыстарының арқасында мүмкін болды. Ең, бастысы "астық дәлізінде" Түркия өз беделін көтере алды және бұл ретте, астық нарығында 25 проценттік жеңілдікке де ие болды. Оны айтасыз, Түркия астық экспорты бойынша дүние жүзінде бірінші орынға шықса, макарон өнімдерінің экспорты бойынша Әлемде екінші орынға шықты. Жалпы, түрік ағайындардың саясаты кейде түсініксіз көрінгенімен де өз мүдделері үшін "шайтанмен" де келісімге келуге даяр. Бұл дәстүр Осман империясы заманынан қалған болса керек. Ал, енді Түркияның Украинаны қолдауына қатысты тарқатайын. Украина Президенті В.Зеленскийдің үстіндегі бронежилеті Түркияда жасалған. Тегін жарнама дерсіз, айтқандай, соңғы он жылдықта түрік қару-жарағының экспорты ондаған миллион доллардан жүздеген миллион долларға жеткен, бұл өте жақсы көрініс. Атақты "Байрақтары" 24 елге шығарылатын болса, Украинада бірлескен кәсіпорын құрылған. Айтқандай, Ердоғанның күйеу баласы "Байрақтардың" Ресейге сатылмайтынын шегелеп тұрып айтты. Украинаның астық керуені кедей елдерге түріктердің арқасында порттарынын еркін шығып жатыр. Дәл, түрік порттарында Украина кемелері құрастырылып жатыр. Және Босфорды жабу арқылы Ресейдің әскери кемелерінің Қара теңізге кіруге тосқауыл қойып отыр. Ал, осы мезетте украина дрондары Қырымдағы РФ кемелерінің біртіндеп көзін жоюда.
Айтқандай, Түркия армиясы НАТО-ның екінші армиясы екенін ұмытпайық. Ол жайтты Әзербайжан 44 күндік соғыста тиімді пайдаланды. Жалпы, Түркияның күшейгені түркі Әлемінің нығайғаны деп санауымыз керек. Сондықтан да Ердоған Путинге қарата айтқан өз сөзінде Қазақстанды қорғайтынын жеткізген еді. Бұл да Қазақстан үшін маңызды, қалай десек те, Ресеймен байланыста болғанымен, Түркия Украинаны нақты қолдайды.
Амандық Әмірхамзин
Abai.kz