Сейсенбі, 8 Қазан 2024
1567 0 пікір 11 Қараша, 2022 сағат 13:01

Энергия үнемдеу: 3 ірі жоба іске асады

Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы арқылы елімізде энергияны үнемдеу саласында бірнеше жоба жүзеге асқалы жатқаны туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев мәлімдеді.

«Елімізде энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттыру мәселесін шешу мен саланы ілгерілетуде халықаралық ұйымдардың белсенділігін ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі таңда БҰҰ Даму бағдарламасымен (энергияны тиімді жарықтандыруды ілгерілету) және Дүниежүзілік банкімен (Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру) 25 млн АҚШ доллар сомасына 2 жоба іске асты. Одан басқа БҰҰ Даму бағдарламасы арқылы 17,7 млн АҚШ долларға тағы 3 жоба іске асу сатысында», - деді Марат Қарабаев елордада өтіп жатқан IV халықаралық энергия үнемдеу форумында.

Сондай-ақ, вице-министр жоғарыда аталған үш жобаға жеке тоқталып өтті.

«Төмен көміртекті дамытуға арналған тұрақты қалалар» жобасының құны - 5,9 млн АҚШ доллары. Елімізде энергия тиімділігіне инвестор тарту үшін жағдай жасау жобасына 8,3 млн доллар қаралған. Сол сияқты Қазақстанда электр тұрмыстық құрал-жабдықтардың энергия тиімділігін стандарттау, сертификаттау және таңбалау саласы бойынша 3,5 млн доллардың жобасы іске асады», - дейді ол.

Одан бөлек, Марат Қарабаев биыл Еуропалық Одақ және Германия үкіметінің қолдауымен энергия үнемдеу саласында тағы бірнеше жобаның іске қосылатынын айтты.

Айта кетейік, Астанада IV халықаралық энергия үнемдеу форумы өтіп жатыр.

Аталған шараға мемлекеттік құзырлы органдар өкілдері, отандық және шетелдік энергия өндіретін ұйым басшылары мен сала мамандары қатысуда.

Abai.kz

0 пікір