Дәурен Қуат. Әлімбектің әулеті
(әңгіме)
Жоңғардың бауырындағы барқыт бел бұралаң соқпақтарға жеткенше осы енді: айналаңды аптап қамап алқымдайды да отырады. Апалақтап асығыс самал жүгіріп өткенде жетім шуда тарқатып барып құлайтын қара жолдың шаңытқан бетінен жер дүниенің ыстығы шалқи көтеріліп Жоңғардың ақсауытты шыңдарымен шарпысқандай болады. Сол кезде танауыңды ерменнің өткір демі қуырып Тілеукенің қылт етпесіне қарап жұтынасың: шіркін, бір саптаяқ қымызды төбеңе бір-ақ көтеріп сарық басар ма еді. Тілеуке, Тілеуке, Тілеуке. «Тілеуіңді бергір, Тілеуке, қашан жеткізесің?» Қақпандай қаппа тастары ат беліндегі адамның бүйірін соғатын жылан жон Тілеукенің тігінен талай қой жамыратып, жылқы айдап түскенбіз. Сонда Тілеуке деген бізге жайлау мен қыстаудың жолында жатқан белдеудей сезілетін.
Кейін жорналшылық қызметке іліккен соң «бұл асу неге Тілеуке аталды» деп түртінуді шығардым. Сипырына дейін сыпырып-сиырып өзі жазып беретін белсенді басшы-қосшылар тұрғанда аудандық газеттің тілшісіне жұмыс қалады ма, осылай қоныс пен өрістің, жер мен судың атын тергеп әуіреге түсуді әдет қылып алады екенсің. Біздің жақта «Қыземшек» деген де тау бар мысалы. Аумайды. Бірақ сонда да сұрайсың. «Ұқсайды, - дейді, - артық-ауысқа сөз шығындағысы келмейтін ауыл адамы. - Ұқсайды». Бітті әңгіме. «Ал, сонда Тілеуке неге ұқсайды?»
(әңгіме)
Жоңғардың бауырындағы барқыт бел бұралаң соқпақтарға жеткенше осы енді: айналаңды аптап қамап алқымдайды да отырады. Апалақтап асығыс самал жүгіріп өткенде жетім шуда тарқатып барып құлайтын қара жолдың шаңытқан бетінен жер дүниенің ыстығы шалқи көтеріліп Жоңғардың ақсауытты шыңдарымен шарпысқандай болады. Сол кезде танауыңды ерменнің өткір демі қуырып Тілеукенің қылт етпесіне қарап жұтынасың: шіркін, бір саптаяқ қымызды төбеңе бір-ақ көтеріп сарық басар ма еді. Тілеуке, Тілеуке, Тілеуке. «Тілеуіңді бергір, Тілеуке, қашан жеткізесің?» Қақпандай қаппа тастары ат беліндегі адамның бүйірін соғатын жылан жон Тілеукенің тігінен талай қой жамыратып, жылқы айдап түскенбіз. Сонда Тілеуке деген бізге жайлау мен қыстаудың жолында жатқан белдеудей сезілетін.
Кейін жорналшылық қызметке іліккен соң «бұл асу неге Тілеуке аталды» деп түртінуді шығардым. Сипырына дейін сыпырып-сиырып өзі жазып беретін белсенді басшы-қосшылар тұрғанда аудандық газеттің тілшісіне жұмыс қалады ма, осылай қоныс пен өрістің, жер мен судың атын тергеп әуіреге түсуді әдет қылып алады екенсің. Біздің жақта «Қыземшек» деген де тау бар мысалы. Аумайды. Бірақ сонда да сұрайсың. «Ұқсайды, - дейді, - артық-ауысқа сөз шығындағысы келмейтін ауыл адамы. - Ұқсайды». Бітті әңгіме. «Ал, сонда Тілеуке неге ұқсайды?»
«Тілеуке Тілеукеге ұқсайды, - деді Тоқан қарт бірде жолаушылап келе жатқанымызда. - Етегіндегі қоңыр төбелердің төбесінен төнбей бойын жасырып, желкесіндегі айбарлы таулардан жасымай тікке өрлеген Тілеуке туған жұртымыздың әр тал, әр бұтасына тілеулестігін аңғартып тұрғандай емес пе? Қарашы».
«Е-е, тыңдай білсең туған жұртың туралы мынандай әңгіме де бар...»
Әлде жоқ қараған, әлде жер шолған бір жолаушы түксиген түлей түзді күн-түн кешіп келе жатты. Сонадайдан сопаң етіп көрініп, сопақ көлеңкесімен бірге ұзарып, содан соң бірте-бірте алыстап сағымға сіңіп кете баратын сар даланың бір жұмбақ жаны еді бұл да. Ол туралы жалбыз жамырап, жусан жусаған мынау маң төбелер де, анау адырайған шыңдар да ештеңе айтпайды. Жолаушының өзі де жетер жерінің ұшпағында қарайған бір ноқатқа айналып, тау мен тастан мәңгілік тыныс табардай сырт дүниеге сәт салар емес.
Әй, сар даланың адамдары-ай, сендерді сірә кім ұққан?..
Жолаушы алдындағы тебінгі бетті тепсеңге көтеріле бергенде оң жақ бүйірден дабырласып шыға келген салт аттыларға ұшырасты. Ақсақалдары алқымдарына төгілген қария кісілер екен. Жолаушы әдеппен іркіліп, оң қолын жүрек тұсына қойды да: «Жол болсын, жақсылар»,-деді. «Әлей болсын». Әлей болсынан кейінгі әңгіме түз жүргіншілерінде жөн сұрасуымен жалғасады. Жалғыз жолаушы жөнін айтты. Бүркүттінің бөктеріндегі Баянжүректен шығыпты. Өткен қыстың ақсұр бұлты Жөңкенің жотасында жеті күн желпілдеп тұрыпта да ақырында Жоңғарға қарай ауып алып адырлардың аузында бүктеле беріпті. Бүктеле-бүктеле буыны қатып, бурадай шабынып, жын атып Балқашқа дейінгі бұлың-пұшпақтың бәрін жауыпты. Содан кейін әуеден жапалақтай жыртылып түсе беріпті, түсе беріпті. Ой мен қырды арқар ойнаған ақ иық шыңдарға дейін көтеріп, артынан жым-жылас жоғалғанда Бүркүттінің бөктерінен сызылып шығар сынық түтін қалмапты. Тек қостағы жылқымен бірге ығып кете барған жолаушы ғана Құданың құдыретімен жарқыраған жазға жанын жалдап жеткен көрінеді. Ендігі беталысы Алакөл екен. Алакөлде түп нағашысының жұрты бар. «Е-е, жарығым-ай, елінен айрылған ердің беліндегі бір тамшы қанда елу ошақтың жалыны шалқиды, - деп қалды осы кезде қариялардың бірі, - мына бір тұрған молаға ат басын бұрып, бүгін осында түнейік».
Жалғыз жортқан жолаушы қарияларға есімінің Әлімбек, сүйегі Емелелі Тінібек екендігін білдірген. Әлімбек лып етіп атынан түсіп, қарияларды қолтықтап әкеліп, қу моланың қасындағы шалғынға көміп тастады. Шалғынға көмілген шалдар аяқ-қолдарын жазғанша, бұл буы бұрқыраған күліктерді қаңтарыпта үлгерді. Қоржынындағы азығын ортаға жайып салып үлкендерді дәмге шақырған. Бірақ қариялар бірінен кейін бірі алқалап бата бергені болмаса, құлын терісінен иленген жарты құлаш жарғаққа қол созбай отырып алды. Әлімбек сонда ғана ғайыптан қосылған қариялардың жүзіне зер сала қараған-ды. Жеті шал. Бір ананың құрсағына бітіп, бір атаның бауырынан өргендей бітімдерімен бір-бірін қапысыз қайталай қалыпты. Қыран қабақ, жал мұрын, айғыр иек жетеуіне де айна қатесіз дарыған. Жетеуі де суық жанарының сұғын Әлімбектің жарқылдаған жүзіне жылытқандай мейіріммен қарайды. Әйткенменде... Әлімбектің жон терісі тітіреніп кетті: жеті шал бар мен жоқтың арасындағы әлдебір құпия кепті аңғартқандай мүлгіп, боз селеулі даланың көгіне әне-міне көтеріліп кететіндей шалғын үстіне мықын малмай қалқып қана отыр. Әлімбек қарияларды тағы да дәмге қолқалады. Сонда ғана шалдардың бірі ортада үйілген елік етінен ерін қимылдатар жалғыз түйірді іліп алды да аузына апара бере иегінің астына тастай салды. Өзгелері де соны істеп қаужаңдаған бола қалыпты. Әлімбек білді. Білді, бірақ, білгенін білдірмеді.
Таң қылаң бере оянып жан-жағына қараса, жалғыз жатыр екен. Қариялар сол қалықтап отырған қалыптарында ғайыпқа сіңіп кетсе керек. Атына мініп бір бел асқанда күміс баулы ноқта көрді. Иіліп алды да ерқасына байлады. Арықарай жүріп кетті. Алдынан кешегі кісілер дабырласып шыға келді. «Ағарып көптің алдына түспесең де қарайып жұртта қалмайсың. Аузыңның дуасы жетпіс жеті ұрпағыңа жетеді. Ғұмырыңда көрер азабың да, ғажабың да аз емес» деді қариялар жамырай үн қатып. Бұл - Тәңірі жаратқан пенденің таңдаулысына ғана жолығатын Қызыр әулие мен Ғайып ерен пірлер еді...
Күміс баулы ноқтадан күлдір-күлдір кісінеп жалын төгіп жылқы өрді. Әлімбек нағашы жұртынан бас құрап, баяғы баба қонысына қайтып оралды. Қара ормандай жайылған Қаракерейдей елден келген қыздың құрсағы құрғамай айналдырған алты-жеті жылда Әлімбекті алты-жеті ұлдың атасы етті. Айналасына ағайын үйірілді.
Адамша қуанып, адамша жұбанатын сайын даланың самбырлап сөйлеп кететін кездері де болады. Сол кезде байтақ елдің байыбын тапқан баябан тірлігін Ақсу өзені жағасына ақ маржан төгіп жырлап жатыпты. Тәкаппар Жоңғар да аққырау басы буланып елжірей қалыпты дейді, әлқисса.
...Тегінде тау мен тастың талассыз таң атырып, күңкілдеспей күн батыратын жұртына бүйірден тиіп, бүйідей шағатынның бірі жасанған жау да, бірі дауасыз дерт-тұғын. Қайтседе бірақ, жаудың жазасы - жалаң қылыш, ал, дерттің жазасы - сары жұртқа шала тастап көшу. Соның солай екендігін дәлелдеп сол заманда Әлімбектің елін жау емес, шиттей сәбилерге шешек егіп, шеңгелін жазған дерт алды. Шала шарпып ыстанған, түтін түтеп тұншыққан дала ақырет кебінін жамылғандай бар жамалынан айрылды. Мәңгілік көк аспанның аясынан дем тартып шалқалай тыныстаған қарт Жоңғар күйік жұтты.
Үдере ауған көштің шоғыры үнссіз шөккен белдерден асып, бетеге беті сарғайған күні Әлімбекте ең кіші ұлының уыз жүзіне араны суық қабір басынан ақырғы рет көз салып тұрған еді. Дауасыз дерт естанды етіп, қайғы қапқан қос бейбақ - Әлімбек пен кемпірі бұл кезде қасіреттің ғана тілінде сөйлейтін. Жеті бірдей сәбидің тұлымын желпілдеткен күйі әкеткен шешек ерлі-зайыпты мұңлықтың екеуара күбір-сыбырын да шолақ қайырытып, шошындырып қойған-ды.
- Мынау да албырап, күйіп-жанып барады.
- Ұзаққа жетпейді. Таң ата үзілер. Қамданайық.
Бұдан кейін кейуана мен кепкен шал бір-бірінің бұ жалғанда бар-жоғын ұмытып кезек сұңқылдастын болып алған.
- Шешек, өсіп зертең бол.
- Ажал, келсең аймағыңмен, бота-тайлағыңмен кел.
- Алапес қылып адырға таста.
- Қу басымды қу даланың қурайына қадап қой.
- Сүйегімді қаңғыған ит, өлексе тінтіген өлекшін мүжісін.
- Әй, Әзірейіл, қайдасың? Апшымды қуыр да ал жанымды!
- Шыққыр, жаным, неге ғана шығып кетпейсің?
- А, саңырау, Құдай, а, көрсоқыр, Құдай, жасыныңды түсіріп жай таптырар күнің бола ма екен мені?
Осылай жарыса сұңқылдасып, зар құса жүріп Әлімбек қотанындағы азын-аулақ малын өріске айдап кетеді. Сорлы кемпір кирелеңдей басып әрнеге жамау салып, жыртық астаудың түбін қырғыштайды. Жетім кәрілердің жанын күбірткедей кеміріп, күнделеп тастаған күндердің өзегінде өзгермеген бір ғана көрініс осы: шал мал соңынан өріп, кемпір таусылып бітпес қайғысын қайта шақырғандай көзіне түскен дүниеге жамау жапсыра береді.
Ай аунап, жылдар жылжыды. Сарыжұртта қайғы жұтып қалған қаралы жандардың тілегіне Құдай, бірақ, құлақ аспай қойды. «Күн орнында, ай мен жұлдыз орнында. Тау мен тас та ықылым замандағы мекенінен тапжылған жоқ. Ау, сонда Құдай қайда?» - дейтін шал күңіреніп. Күңіреніп кеп күпісін жамылып жамбас суытатын ол Шолпан туа түс көрді. Түсінде баяғы айғыр иек, жал мұрынды қариялардың бірі: «Балам, бүгін қойыңды Баласазға дейін жайып қайт», - деді де ғайыпқа сіңді.
«Жайсам жайып қайтайын».
Шал ертеңгісін ерте бөктермесін қомпитып ат беліне қонды да малының тұяғын Баласазға баратын аңғарға іліктірді. Аңғар танауды жаратын таңқурайдың иісіне тұнып, аңқып тұр екен. Тау мен тас қайта түлепті. Бабына енген балқаймақ дүние балбырап жатыр. Зау биіктен құйылған күн нұрына жонын төсеп жылынған зауза қоңызға дейін мәз-мәйрам тіршіліктің күйіне елітіп, өзінше гүж-гүж етеді. Бидайық мол біткен алқоңыр алаңқай үлп еткен самалды уыстап шашып асыр сала алқынады.
Алды тояттап, арты ілби ілескен отарды қайырмалап, кебеже қарын күдіс жалды торының белінен түскен шал құлақшынын түрген. Сол мезетте айнала гулеп қоя бергендей болды. Әуесі бар болғыр суылдай ма, қайтеді-ау? Бұлағы бар болғыр былдырлай ма, тәйір-ау? Әнебір жотаның ар жағынан әупілдеген не екен? Шалдың тарс бітелген құлағы саңлауынан сыртқа дымқыл тепті. Сынған шөптей сыртылдап ашылып, әнтек шаншып аққан дымқыл шалдың сырғалығына құлағанда, бір тәтті үн естілді. Сәби! О, тоба, сәби үні! Іңгәлайды! Шал шалқалап кеткен. Шалқалап барып жел көтерген балдырғанның жапырағындай орынан жалбырай көтерілгенін біледі. Аяғы аяғына тимей жүгіре жөнелгенін біледі. Ірің кеулеп ішінен жарылған ісіктің көзіндей белгісі ғана қалған қуыстан ытқып-ытқып жас саулағанын біледі. Есін жиса, киізбен құндақталған шақалақтың бетіне үңіліп сәңірейіп отыр екен. Жерошақты көрді. Қазанды көрді. Баланы киізге орап, жерошаққа тығып үстін қазанмен жауып кетіпті. Шал соны білді, басқаға басын қатырған жоқ. Тәңірім берді, Қызыр әулие қолдады деді де сәбиді құндақтаулы күйінде әкеліп кемпірінің бауырына салды. Сонда кемпірі айтты: үш күн, үш түн маңыма жолама, қараңды көрсетпей аулақ жүр деді.
Шал үш күн үш түн алыстан тың тыңдап қана жатты. Бірінші күні баланың жағы талмай жылады. Екінші күні емшек сұрағандай ауық-ауық іңгәлады. Үшінші күні ықылық атып, ішегін тартып күлді. Үшінші күні кемпірдің тас емшегі жібіп, омырауы бұла кезіндегідей бұлқына теуіп сәбиді емшек сүтіне әбден қандырған еді.
Шал мен кемпір сәбиді тымаққа салып керегенің көзіне іліп қойды да Тымақбай атады. Тымақбай жарты жасқа жеткенде кемпір жамау жыртық көйлегін сыпырып, жадау күйінен арылып баяғы Үммүгүлсім қалпына оралды да тоғыз ай он күн дегенде ұл туды. Есіміз кіргенде сүйген ұлымыз ғой деп Әлімбек пен Үммүгүлсім балаға Есім деген ат берді. Есімнен кейінгі ұлды «Құдай тілегімізді әбден-ақ қабыл етті ғой» десті де Тілеуке атады. Төртінші ұл ағаларының қойын бақсын деген ырыммен Қойбағар есімін иеленді.
- Сөйтіп Әлімбек бабамыз барша мұратына жеткен екен ғой? - деп әңгіменің аяғына қанбай қалағанымды аңғартып Тоқан қартқа самарқау тіл қаттым.
- Ұмытып барады екенмін, - деді Тоқан. - Барша мұратына жетіп байырқалаған Әлімбек әбден қартайған шағында балаларын сынға алады. Байқса, Тымақбайы тым пысық, Есімі ептеп өзімшіл, Тілеукесі тұңғиық, Қойбағары ағаларының ығынан шықпайтын ырық баққан жас болып өсіпті. «Әй, осылар түбі бір бүлініп жүрмесін» дейді де шал балаларын жинап алып басынан кешкенінін қаз-қалпында баян етеді. Сөзінің соңында, бірақ: «Тымақбайды ортаңнан бөлектеме. Тымақбайды ортаңнан бөлектесең, екі дүниеде жүздеріңді көрмеймін», - деп жағынан жаңылады. Бұл сөзді естіп: «Ә-ә, мен атадан тумаған екенмін. Тумағанымды мына шал өлерінің алдында бетіме басты», - деп Тымақбай мүкәмал-мүлкін теңдей қашады. Сонда Тымақбайдың байлығы мен зеректігін сыртынан күндейтін Есім үнсіз қалып, Қойбағар Есімнің ығына жығылады. Тек Тілеуке ғана «көкелеп» Тымақбай көшінің соңынан ереді. Тымақбай көшіне күн-түн ілесіп жүріп, ағасын тәтті тілімен баурап бетін бері бұрады. Тымақбай көшінің сауға бергенін естіп Әлімбек қарт осы Тілеукенің басына балаларын жиыпты дейді кәріқұлақ.
- Ай, ұрпағым, - депті сонда Әлімбек күркіреп. - Мен сендерді Жаратушы хақтан зарлай жүріп сұрап алған едім. Алдымен Қызыр әулие мен ерен ғайып пірлерге жолықтым. Зәузатым, Қызыр жортқан даладан енді сендерге қоныс сайлайын. Әулие маған «аузыңның дуасы жетпіс жеті ұрпағыңа жетеді» деп еді. Сендердің есімдерің тау мен тастың бейнесінде біз білмейтін заманаларға ес болып тұрсын.
- Тымақбай балам, анау Баянжүректен бергі шоқылар мен Бүркүттінің қабағына дейінгі иен жазықты сен жайла. Ұрпағың көп болады. Өз жұртынан сая таппаған ел де сені арқа тұтады, - дейді.
«Расында, тымақбайлар көп және қай-қай замандағы үркіншіліктің халқы осы иен жазықтан пана тауып, өсіп-өнуде», - деп бір қайырды Тоқан қарт әңгімесін.
- Есім, сен Қаракүнгейдің терістік бетін мекенде. Бауырларыңды ылғи сағынып жүр.
«Әлімбектің дуалы ауыздығының бір белгісі сол - есімдер тым бауырмашыл. Елжіреп тұрады. Бақ қонып, байлық дарыған әулет», - деп жолсергім және бір түсінік беріп өтті.
- Қойбағарым, малсағым, сенің қыс-қыстауың мына Қарасайдың аузы мен Аршалының шатқалы болсын. Төрт түлігіңді ағаларыңа түгендетіп тұруды ұмытпа.
«Айтқандай-ақ, қойбағарлар малды-жанды тұқым. Шетінен мырза. Әлікүнге ағаларының алдына түспейді. Ойнап сұрағанын ойдай етіп береді», - деп шалқыды әңгімешім.
- Тілеуке ше, Тілеукеге түк бұйырмағаны ма? - деп қалдым мен.
- Неге бұйырмасын? - деді Тоқаң, - мына асудың Тілеуке аталғанын әңгіменің басында-ақ айтқан жоқпын ба? Өзге балаларынан Тілеукенің өзгешелігін тап басып таныған әулие әке:
- Тілеукешім, осынау мекеннің тауы мен тасын, аңы мен құсын, адамы мен мал-жанын саған тапсырдым, - депті.
«Тілеуке тұқымы аса көп емес. Бірақ шетінен өр, шетінен тілді, шешен. Еңкейгенге - еңкеюдің, шалқайғанға - шалқаюдың үлгісін тілеукелер көрсетумен келеді. Маңдайы жарылған батыр да, таңдайы жарылған ақын да осы Тілеуке тұқыманан. Біздің Үш Матайдың мінезін тілеукелерден таниды былайғы жұрт», - деген Тоқан ақсақал әңгімесін тиянақтай берді.
Түс әлеті. Біз де Тілеукенің жалына ілінген екенбіз. Алдымызда Жоңғар Алатауы асқақтап, ақнұр дүние жарқырап тұр. Мен соңыма қайырылдым: Тілеукенің белінен Әлімбек бөлген өріс көкжиекпен қымтанып, айнала үйіріліп тұтас көрінеді. Боз селеулі даланы белуарынан кешіп бара жатқан жалғыз қараны көзім шалып қалды.
P.S.
«Әнсекең қария «Жезқазған» дейтін қалада «жер қазғанның» оқуын әне-міне тәмамдауға таяған жалғыз ұлынан айрылыпты. Кемпірі байқұс ақпанның ақсөңке боп қатқан қарына бауырын төсеп, ыңырсып жатыр екен» деген суық сөз сумаң-сумаң етіп аяз қарыған ауылды аралап кетті. Ақсақал біздің үйдің іргесіндегі қозы көк жайылымға ат арқандап жүретін. Тіп-тік, қапсағай бойын жапқан қара шекпеніне қасірет шөккендей қорқынышты адам еді жарықтық. Алагеуімде күңгірт тартқан аспалы шамның жарығымен асты енді алдымызға ала бергенде «Құсайын байдың, бәйбішесі, бармысың?» - деп кіріп кілетін. Дәмнен ауыз тиген соң, әрқайсысы сабаудай саусақтарын салалай созып бата беретін де іргеге қолын созып: «Әпкел бері» деуші еді. Құсайын байдың бәйбішесі - менің әжем, қарттың қолына балкөмей қоңыр домбыраны ұсана түсіп, маған: «Нағашың күй шертеді, оқудан айран ботқаға айналған миңды тазалап ал. Құдая тоба, осы күнгінің оқуы оқу ма?», - дейтұғын-ды.
Әнсекең қарттың ұлы - Көшербайды жалқы рет көргенім бар. Тілеукенің тігінен мал айдап түсіп, ауылдың шетіне іліне бергенімізде, Көшербай нағашым қолын көлегейлей күнсалып бізге қарап тұрды. Иығына төгілген қап-қара шашы, бүркіт қабағы, тұнжыр көзі, сия көк көйлегі, біз тұмсық туфлиі... бәрі есімде... және сол қалпы жадымда сақталып қалыпты. Енді жоқ. Жоқ енді ол.
Ұлының қазасын естіген күні қамшысының қанқызыл түсті сабын азу тісіне салып шайнап отырады да Әнсекем: «Жезқазған» деген Арқа ма? Арқаға Матайдың ауғаны рас па?», - деп айналасындағыларға адырая қарайды. «Онысын білмеппіз», - депті сонда жұрт.
Ендігісін қысқадан қайырайын. Менің естіген әңгімем былай:
Әнісбек ақсақал Жезқазған барады. Мәйітханадан ұлының сүйегін тауып өбектеп енді шыққалы тұрған кезінде ақсақалға бір топ кісі келіп сәлем береді, қайғыға ортақтастығын айтады. «Көшкентай, - дейді әлгі бейтаныс жандар, - ініміз еді». «Сендерге ол қайдан іні болып жүр?» «Ой, ақсақал, сонау бір замандарда аталарымыз ауып осы Арқаны қоныс сайлапты. Біздің түп қазығымыз - Жетісуда. Осында біреуден біреу елбесіп-селбесіп жүріп Көшербаймен ұшырастық. Жігіттің ақтаңкері еді, амал нешік? Айрылып қалдық. Бәрі бір Алланың қолындағы шаруа». «Садағаларың кетейін-ай, сендерге мен не дейін? Ғұмырымның бесіні ауған сәтінде бесігін тербеттірген құлыным еді, сірі жанымды сүйреткен шағымда сүлдеріме таңған тағдырым - бұны да көрдім, жарқындарым, енді көмектеріңді аямаңдар, ұлымды туған топырағына апарып бөлейін». «Қария, - деседі сонда әлгі адамдар, - құлыныңыздың құлынын жетелей қайтыңыз Жетісуға!».
... Ақманар сұлудың өзі еді. Әйбат еді ғой ол сондай. Ну қара бұрымының ұшын алқымыма тығып қытықтап-қытықтап алып жайқала қашатын да: «Қызғаншақсың, - дейтін, - қытықшыл адам - қызғаншақ. Тура Көшербай сияқтысың. Ол да сен сияқты қытықшыл». Бұл кезде Әнісбек нағашым Жетісуға жетелеп келген Өсербай аяғын апыл-тапыл басып қалған-ды.
«Таяу күндерде елге бірге барамыз» деп серттескен екі жас ертерек жұптасып қойса керек. Сертінен таймаған Жамал жеңешем Көшербайдың тұяғын Әнісбек қартқа тапсырды да өзі сол шаңырақтың қызындай болып ұзатылып, Баянжүректің бауырындағы Баласаз деген ауылдың Әлімбек есімді жігітімен бас құрады.
Abai.kz