БҰҰ: Әлемде 1,3 млрд адам зорлық-зомбылықтың құрбаны
Бұл туралы елордада өтіп жатқан "Орталық Азияның кеңейтілген диалогы: "Зорлық-зомбылықпен күрес: Әйелдер мен қыздар – қатер тобында. Себептерін жою және көмек көрсету. Әділдікке қолжетімділікті нығайту" атты дөңгелек үстел барысында белгілі болды.
Біріккен Ұлттар Ұйымы 2021 жылы орта есеппен әр сағатта бестен астам әйел немесе қыз баланы өз отбасы мүшесінің қолынан ажал құшқаны туралы сұмдық деректі жария етті. Осы орайда ер адамдардың басым көпшілігі жеке өміріне қатысты жайттардан қайтыс болса, керісіншк, әйелдер мен қыздар үшін өзінің ошақ басы — ең қауіпті орынға айналып отыр. Мәселен, нәзік жандылардың 56 пайызын жұптары немесе отбасының басқа да жақын мүшелері өлтірген. Ал ер адамдарға қатысты бұл көрсеткіш жалпы адам өлтірудің 11 пайызын құрады.
БҰҰ деректеріне сәйкес, бүгінгі таңда әлем елдерінде 1,3 млрд адам жыныстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып саналады. Әр үшінші әйел өмір бойы физикалық немесе сексуалдық зорлыққа ұшырайды. Тек зардап шеккендердің 40 пайызы ғана көмекке жүгінеді екен.
Елімізде соңғы бес жылда әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық 153 пайызға, ал отбасылық-тұрмыстық салада 2,3 есеге артқан.
Айта кетерлігі, БҰҰ қамқорлығымен "Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 белсенділік күні" атты жыл сайынғы науқан өтіп жатыр.
Abai.kz