Бородавкиннің былшылы: Елші не дейді?
Ресей саясаткерлерінің Қазақстанға қатысты даулы мәлімдемелері аз емес. Қазақстанның аумақтық тұтастығына қатысты сан мәрте негізсіз сөз айтып, қоғамды дүр сілкіндірген болатын. Қазақстанға қатысты қорқыту-үркіту форматын ұстанбаса басы ауырып, балтыры сыздайтын Соловьев, Симоньян, Кеосаяндар өз алдына бір бөлек тақырып.
Алайда елшінің жөні бір бөлек. Қазақта "елдестірмек елшіден" деген сөз бар. Елші екі ел арасын жақындастырып, барлық саладағы қарым-қатынасты алға жылжытушы функциясын атқаратын маңызды тұлға. Елші әр айтатын сөзін өлшеп, әр ойын салмақтап барын сөйлеу керектігі жазылмаған заңдылық. Оның аузынан шыққан әр сөзі келген елдің позициясын білдіреді.
Осы уақытқа дейін Ресей елшісінің сан тақырыпта сұхбаттары шықты. Сұхбатында ол көбіне Қазақстанның ішкі саясатына араласу месседждері бар мәлімдемелерді жасаудан тартынған емес.
2022 жылы, 7 ақпанда Ресей елшісі "Независимая газетаға" сұхбат беріп, сұхбат барысында былай деді: "Қазақстанда ұлтшылдықтың өршуі расымен бар құбылыс екенін айтқым келеді. Оның үстіне кей жағдайда ол экстремистік сипатта көрініп қалады, мысалы тіл сақшылары іспеттес. Алайда Президент әкімшілігінің бір басшысы айтқандай, үңгір ұлтшылдығы билік тарапынан қолдау тапқан емес, керісінше заң бойынша қудаланып келеді. Асқынған ұлтшылдық пен русофобтық көзқарасы бар адамдар президент Тоқаев құрып жатқан жүйеде сіңісіп кете алмайды.
Қазақстанда тұрмыстық деңгейдегі күнделікті ұлтшылдық кең тараған құбылыс екенін айту керекпіз. Бұл Қазақстанда да, Ресейде де бар "ауру" .
Елшінің бұл сұхбаты ел арасында қызу талқы болды. Араға 10 ай салып, Ресей елшісі Бородавкин Алексей Николаевич тағы да көлемді сұхбат берді. 2 желтоқсан күні берген сұхбатында ол Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық, саяси, мәдени және т.б байланыс жайлы кеңінен айтты.
"Ұжымдасқан Батыс Украина сияқты Қазақстанды да антиресейлік ел жасауға, Қазақстанда хаос тудыруға, оны Ресей аумағына қарай бағыттауға тырысып жатыр. Қатынасымызды бұзғысы келеді. Ресейді оқшаулау үшін біздің қатынасымызға нұқсан келтіріп, сына қағуға талпынуда. Бұл олардың осы аймақта іске асыруға тиіс міндеттерінің бірі.
Бірақ мен Қазақстан билігі, қоғамы мен халқы арандатуға ермейді деп ойлаймын, қаңтардағы оқиғалардан кейін тіпті сыртқы күштердің ішкі саясатқа киплігуіне жол бермейді деп сенемін", - деді ол.
Орыс тіліне қатысты былай деді: "Орыс тілі жайлы айтсақ. Қазақстанның орыс тіліне қатысты ұстанған саясаты келесідей. Әрбір қазақстандық екі аяғымен тік тұра алуы үшін мемлекеттік тіл қазақ тіллін және Конституция бойынша ресми тіл саналатын орыс тілін білуі керек. Бұны ешкім өзгертуге ниетті емес. Керісінше нығайту үстінде. қазкақстандықтар қазақ тілінде де, орыс тілінде де сөйлей алуы тиіс деген жиі айтылуда".
Елші Қазақстан мен НАТО, АҚШ қатынасы жайлы да айтты. "Осыған дейін Қазақстан, тіпті Ресей де НАТО-мен әріптестік орнатқан еді. Қазақстан қарулы күштері НАТО-мен бірлескен "Дала қыраны" атты жаттығуларды өткізіп тұратын. Жаттығу мақсаты БҰҰ аясында әрекет ететін бітімгерлік күштерді дайындау болатын. Біздің қазақстандық достарымыз аңғарғандай, жаттығу мақсаттары бөлек болып шықты. Біздің үн қатуымыздан кейін Қазақстан өз аумағында ол жаттығуларды өткізуден бас тартты. Енді Қазақстан жерінде "Дала қыраны" ұшпайды", - дейді елші.
Елшінің бұл сөзі қазақ қоғамына, әсіресе қазақ тілді ортаға жақпағаны анық. Әлеуметтік желіде қызу пікір алмасып, талқылап жатыр. Ресей елшісінің сөздеріне қатысты ләм-мим демейтін билік, жақында ғана Украина елшісінің сөзіне қатысты пікір білдіргені ел есінде, жұрт жадында. Қазақстанға қатысы жоқ мәлімдеме үшін шыр-пыр болған еді, ал Қазақстанға қатысы бар сөздерге пікір білдіруден қашқақтайтын сияқты...
Ка Мырза
Abai.kz