Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Жанайқай 2547 12 пікір 13 Желтоқсан, 2022 сағат 13:02

Бородавкинге не деп өкпелейміз?..

Ана тіліміз жайлы аз айтып жүрген жоқпыз. Алайда оны әртүрлі пиғылы жаман, ниеті дұрыс емес жандардан жаппай қорғауға келгенде мүлде енжарлық танытатын секілдіміз.

Өткенде Рамиль Мухоряпов деген байшікеш орысша сұрағанға қазақша жауап беру мәдениетсіздік қана емес, оны ұлтшылдықтың көрінісіне жатқызған. Ол біраз шу тудырып, жаңағы пысықай қазақтардан кешірім сұрап, құтылып кетемін деген қулығы жүзеге аспай, біраз даудың астында қалды. Халық оны жауапқа тартуды талап етті. Обалы не, прокуратура оның үстінен іс қозғады. Алайда, бір өкініштісі, біздегі қалыптасқан әдеттегідей сөзбұйдаға салу ауруы басталып кетсін.

«Алдымен оның айтқан сөздеріне терең филологиялық сараптама жасаймыз, сосын қатырамыз», - деп біраз желпінген. Бар батырлығы осыдан аспапты. Содан бері бұл істен еш хабар жоқ. Сірә, «сараптама жасаймыз» дегені бізді алдау үшін сырт көзге жасаған қулықтары болса керек. Әйтпесе, аса терең образды сөз емес, нақты айтылған айыптауды дәлелдеу үшін айлап сараптама жасау деген күлкілі әңгіме емес пе? «Ұлтшылдықтың көрінісі» дегенді басқаша қалай ұғуға болады? Әлде «Бұл сөзімен ол бөтен бірдеңе айтқысы келді» деген тұжырымды ойлап табуға тырысып жатыр ма екен?

Қанша дегенмен, бұл Мухоряповыңыз көшеде жүрген біреу емес, біздің мойнымызға баяғыда-ақ мініп алған мықты бизнес элитаның өкілі. Ол сенің анау-мынау қалжыңыңды көтермейді. Ондайлармен тым сыпайы әрі аса мәдениетті сөйлесу керек. Әйтпесе, қатты ренжіп қалуы мүмкін. Қазіргі біздің қоғамда ақшасы бар алып та жығады, шалып та жығады.

Айтпақшы, біздің прокуратура керек кезінде, әсіресе, өзіміздің ұлтжанды азаматтарымызға келгенде өте жедел қимылдайды. Осыдан бірер ай бұрын соғыстан бас сауғалап, өз отанынан осында қашқан орыстардан петропавлдық Құзайыров деген жас блогер: «Қалай ойлайсыздар, Қырым қай елдікі?» деп сұрағаны үшін ғана дәл сол мезетте әй-шайға қарамастан, жедел ұстап әкетіп, «ұлтаралық қатынасқа қатты зиян келтірді» деген айыпты мойнына жедел іліп, көзін бозартып, бес тәулікке қамап тастағаны бар.

Ал Мухоряповтың мұрты қисаймастан, біздің заңымыздан да, өзімізден де еш қымсынбастан шырт-шырт түкіріп, кеудесімен аспан тіреп жүріп жатқан жайы бар. Ал осынау масқара жайды прокуратура орындарының есіне қайта-қайта түсіріп, заң алдында неге жауап бермейтіндігін талап етіп жүрген кім бар?

Міне, өз еліміздегі осындай бассыздықты көргеннен кейін, Ресейдің елшісі Бородавкин дегендер қайдан есірмесін? Оған тіпті, өкпелеудің өзі орынсыз секілді. Біз біреуге ақыл айтудан бұрын өз елімізде тәртіп орнатып алайық. Әйтпесе ішкі жаудың да, сыртқы жаудың да басқа секіретіндігіне таң қалуға болмас.

Сақ болайық, бірге болайық, ағайын!

Айтпақшы, біздің мықтылардың кей істерде ерекше жылдамдық танытатындығын қайтерсің. Жақында Ресейдің Жилин деген офицері: «Мен украин халқын қыратын басқыншылық соғысқа қарсымын және мұндай арандатушылыққа қатыспаймын» деп әйелімен біздің елге қашып келіпті. Сірә, біздің елді пана тұтқысы келген болар. Алайда орыстың осы бір адал офицерінің үміті ақталмады. Оны біздегілер тез арада тұтқындап, қашқын ретінде қайтадан Ресейге ұстап берді. Путиннің мұндайларды аямайтындығын ескерсек, енді ол байғұс ондаған жылдар бойғы өмірін темір тордың ар жағында өткізетіндігіне күмән болмас. Иә, біздегі жағдай осындай енді.

Жайберген Болатов

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1555
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3349
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6223