Сейсенбі, 8 Қазан 2024
1315 1 пікір 13 Желтоқсан, 2022 сағат 13:22

Coursera платформасында білім алу мүмкіндігі кеңейді

Алдағы үш жылда 100 мың қазақстандық студент пен қолданушы Coursera платформасында білімін жетілдіруге мүмкіндік алады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Тәржімаланған алғашқы 50 курс 2023 жылдың қаңтарына қарай дайын болады, сосын келешекте ЖОО-ның талап-тілегі мен сұранысына қарай жыл сайын кемінде 100 курсты аудару жоспарланған. Қазақстандық оқытушылар өз курстарын Coursera платформасында орналастыруға мүмкіндік алды.

Алғашқы 50 курстың тізіміне негізінен АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орындарының білім беру платформалары, сондай-ақ Гонконг ғылым және технологиялар университетінің аз бөлігі кірді.

Енді белгілі профессор Жефри Роберт Часновтың инженерлерге арналған математика курсын немесе Колорадо университетінің порфессоры Грег Уильямстың кибершабуылды анықтау бойынша білім беру бағдарламасын қазақ тілінде тыңдауға болады. ​

Coursera – әлемнің алдыңғы қатарлы 250 университеті мен технология алыптарын біріктіретін, дүние жүзіндегі аса ірі білім беру ұйымы. Жыл сайын Coursera платформасында әлемнің 200 елінен 100 миллионнан астам адам оқиды.

 

Abai.kz

1 пікір