Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 2316 0 пікір 16 Желтоқсан, 2022 сағат 12:41

Жаңаөзен менің - жан қайғым

2011 жылдың 20 желтоқсаны:

Шұғыл шаруалармен Алматыға барып қайттым. Қайтар жолда поезда суық тиіп ауырып қалдым. Жазыла алмай жүрмін. Бүгін жұмысқа шықтым. Тұмауратып, мереке күндері сыртқа шыға алмадым.

Үйде жатып Виктор Гюгоның «Аласталғандар» романының бірінші томын бас алмай оқып шықтым. Баяғыда студент кезімде, ұлы қаламгердің  «Собор Парижской Богоматери» деп аталатын романын сүйсініп оқып, бір сиқырлы сезімді басымнан кешкенмін. Ақындық шабытпен жазылған әйгілі шығармадағы  құбыжық Квазимоданың бейнесі әлі күнге көз алдымда. Есімнен кетпейді.

Француздар үшін Гюго ең әуелі - ұлтының ұлы ақыны. Міне сондықтан олар Гюгоның прозалық туындыларынан гөрі поэзиясын жоғары қояды. Ерекше бағалайды. Дегенмен  Гюгоның прозасы да осал емес. Сезіміңді баурап алады, ақындық шабытпен жазылған ұлы дастандардай делебеңді қоздырады. Ондағы қоңыр әуенмен жырланған адамға деген махаббаттың құдіреті қандай күшті еді, езілген жұрттың жүрегін елжірететін аяушылық сезімнің сәулесі қандай жылы еді, бауырмалдық пен мейірімділік ағысының  тасқыны қандай алапат еді... Өз дәуіріндегі қорғансыз халықтың қамқоршысы  бола білген Гюгоның есімі адамгершілік мұратты жырлаған ұлы жазушылар Диккенс, Толстой және Достоевскийдің қатарында тұруға әбден лайық. Шығармашылық өмірін қорытындылай келіп, өлерінің алдында Виктор Гюго былай деп жазған болатын: «Мен өзімнің кітаптарымда, драмаларымда, қара сөз бен өлеңдерімде езілгендер мен қорланғандарды қорғадым. Сайқымазақтың, қызметшінің, айдаудағы адамның, жезөкшенің құқын қалпына келтірдім».

Гюгоның «Аласталғандар» романы маған ерекше әсер етті.  Жан-Валжан мен Фантинаның асқан шеберлікпен сомдалған көркемдік бейнесі – жүрегімді   адамгершілік шуағының жарығымен жылытқандай болды. Гюго шығармаларының орыстың ұлы жазушылары Достоевский мен Толстойға қатты ықпал еткенін әдебиет тарихынан білемін. Екеуі де күнделіктерінде Виктор Гюгоның «Аласталғандар» романын адамгершілікті жырлаған ұлы туынды ретінде атап өтіп, жоғары баға берген. Кейін Достоевский («Қылмыс пен зауалдағы» Соня Мармеладова) мен Толстой («Арылудағы «Катерина Маслова) өз романдарында жезөкше Фантинаның бейнесін асқан шеберлікпен дамытты.  Қызын құтқару үшін амалсыздан тәнін сатуға мәжбүр болған Фантинаның жан дүниесі қандай сұлу еді. Он тоғыз жыл түрмеде отырып шықса да адамгершілік қасиетін жоғалтпаған Жан-Валжанның жүрегінің кіршіксіз тазалығына еріксіз сүйсінесің. «Аласталғандар» туралы ойымды романды соңына дейін, яғни әлі екі кітабын оқып шыққан соң толықтырармын...

Тәуелсіздік мерекесі күнгі көңіл-күйімді Жаңаөзен қаласында болған көтеріліс бұзып жіберді. Жантүршігерлік оқиға қатты қобалжытып, жүрегімді ауыртты. Қаланың мерекелік алаңында көтеріліс болып, жаппай тәртіпсіздік орын алып, 14 адам қаза тауыпты. Бейресми деректерге сүйенсек, қаза тапқандардың саны одан әлдеқайда көп. Қазақстандағы ақпарат құралдары Республиканың бас прокуроры  мәліметіне сүйеніп оннан астам адамның қаза тапқанын хабарласа, кейбір Ресей ақпарат көздері 70 адам опат болып, 500 адам жараланды деген деректер таратты.  Қайсысының ақпарына   сенеріңді білмейсің. Кейбір дерек көздерінде Ақтау қаласына ондаған самолетпен 1500-ге жуық ішкі әскери күштердің жеткізілгені айтылыпты.

Демалыс күндерім Жаңаөзендегі ахуалға алаңдап, қайта-қайта интернетті  қараумен өтті. Ресми ақпарат құралдары таратқан мәліметтерге өз басым аса сенбеймін. Олар біржақты ақпарат беріп, бәрін бұзақыларға жауып, халықты жазғырып жатыр. Теледидардан сөйлеген зиялыларымыздың бірде-біреуі халықты қорғамады. Бәрі шетінен биліктің тапсырмасын орындап, үлкен кісіге құлдық ұрып жатты. Ең құрығында үндемей қалуға болатын еді ғой оларға. Мұндай жағдайда шындықты айта алмасаң, үндемей қалудың өзі –сенің азаматтық позицияң болып табылады емес пе. Зиялысымақтарымыздың теледидардан сөйлеген сөздері жүрегімді айнытты. Осымен қазақ зиялылары екінші рет өз ұлтына опасыздық жасап, сатып кетті. Ұлтқа болыса алмау да – сатқындық. Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай бәрінің айтатыны бір-ақ әңгіме: «Масқара болдық. Тәуелсіздік күні мұндай оқиғаның орын алғаны ұят болды т.с.с».  Зиялысымақтарымыздан жиіркеніп кеттім.

1986 жылғы желтоқсан оқиғасы есіме түсті. Сол уақыттағы жағдай қаз-қалпында қайталанды. Сатқындар, ар-ұяттан жұрдай опасыздар биліктің жағына шықты. Қолшоқпарына айналды.

Амал нешік, тағы да көздері жәудіреп қазақ байғұстар сорлады. Қаза тапқандардың басым көпшілігі жастар. Арасында 1995 жылы туған Көшеров Рахат есімді он екіде бір гүлі ашылмаған уыздай жас жігіт те бар екен.

Обал-ай! Жүрегім ауырып, екі күн бойы жөндеп ұйықтай алмадым. Сорлап қалған қазақтарға қалай көмектесуге болады. Опасыз билік, енді оларды аямайды-ау, аямайды! Биліктің халықты қаралап жатқан түрі жаман. Қазақты сорлатқан жамандықтың ақыры отыз жетінші жылғыдай қанды репрессияға ұласып кетпесе екен. Енді билік бәрін «бұзақыларға» жауып, көтеріліске қатысқан жастарды аяусыз жазалайтын  шығар. Сосын ол байғұстардың өмірі не болады? Сорлап қалған жастарды ойласам, қабырғам қайысып, жүрегім қан жылайды.  Көңілім көрдей суыйды. Шошимын.

Биліктің көтерісшілерге оқ атқаны сорақылық, тіпті халыққа жасалған қастандық болды.

Тәуелсіз ақпарат тарататын интернет-сайттар ашылмай қалды. Азаттық сайтын аша алмай қойдым. Шамасы ондай ақпарат көздерінің жолы бөгеліп тасталған шығар. Бүгін-ертеңдері Жаңаөзен  қаласында  опат болған қазақтың өрімдей жігіттерін жерлейді.

Аянышты көрініс. Қаншама ана ботадай боздап қалды.  Қаншама шаңырақ қара жамылды. Қаншама отбасы баласын, інісін, ағасын, азаматын жоқтап, зар илеп жатыр. Дүниенің бүкіл байлығы адамның орнын толтыра алмайды ғой. Бәрінен бұрын ең жаныңа бататыны, қаншама адамның жүрегі қан жоса болып жараланды. Енді ол сыздаған жараның орны таяу жылдары  жазыла қоймас. Жаңаөзен қаласындағыдай  әділетсіздіктер жалғаса берсе,  қантөгіске алып келген мұндай көтерілістер басқа аймақтарда да қайталануы ықтимал. Ондай қанды қырғын оқиғаға жол бермеу үшін – ендігі уақытта ресми билік халықтың мұңы мен зарына құлақ асуы тиіс. Халықты емес, билікті жауапқа тарту қажет. Билікті!  Алаңға шыққан жастарды емес, осы оқиғаға жол берген лауазымы жоғары шенеуніктерді жазалау керек. Шенеуніктерді!

Ең алдымен бірнеше айлар бойы наразылық білдірген мұнайшылардың зарына құлақ аспаған, оларды адам санамаған үкімет отставкаға кетуі тиіс. Әйтпесе Жаңаөзен оқиғасынан да асып түсетін көтерілістер бұрқ ете қалуы әбден ықтимал.

Болар, іс болды. Егер биліктің басында тауықтың миындай ми қалса, енді оның себебін анықтағаннан гөрі, салдарымен  күресуі керек. Ол үшін мемлекеттік комиссия құрып, өндіріс орнындағы жұмысшылардың талабын қанағаттандырудың жолын ойластыруы ләзім.

Жаңаөзен оқиғасы – ұлттық трагедия. Келешекте қазақ халқы 16 желтоқсанды тәуелсіздік мерекесі емес, ұлтымыздың қаралы күні ретінде атап өтетін болады, әлі.

2011 жылдың 21 желтоқсаны

Жаңаөзендегі қаны төгілген жастардың аруағы – маған маза берер емес.  Түні бойы көз ілмей шықтым. Қорғансыз халыққа араша түскен Хасен Қожа Ахмет нағыз батыр екен. Азаттық радиосының сайтынан оның батыл-батыл сөйлеген сөздерін естіп, риза болдым.

Қазақстан Жазушылар одағында осыған байланысты бір жиынның өткенін де Азаттықтың сайтынан оқыдым. Масқара! Жиынға келген ақын-жазушылардың ешқайсысы да «халыққа неге оқ атылды?» деген сауалды қоймапты. Халқымыздың алдында тағы да қара бет болдық.  Табаламаймын, жаным ашиды ол байғұстарға.

Тәуекел! Мына сұмдыққа төзе алатын емеспін. Жаңаөзен туралы шындықты айтып, жанайқайымды білдіріп, мақала жазуға бел будым. Әйтпесе ұлттың алдында ұятқа қалатын түріміз бар.

Менің батыр інілерім мен қайсар қарындастарымның қаны төгіліп жатқанда үндемей қалуым – азаматтығыма сын емес пе? Көп болса халықты сатып кеткен ағаларым  тулап, маған өкпелер. Бірақ менің ойымша сатқындықты жасырып, үндемей қалудың өзі –сатқындық. Бауырларым қырылып жатқанда әділдікке араша түсе алмасам, жер басып жүрмей-ақ қойғаным артық, мына жалғанда.

2011 жылдың 23 желтоқсаны

Азаттық радиосының сайтынан Мұхтар Мағауиннің мақаласын жүрегім елжіреп, көңілім толқып бірнеше мәрте оқып шықтым. Құдайға шүкір, рухымыз тірі екен. Әйтеуір, бір ақсақал жазушымыз халқына араша түсті. Әйтпесе, мүлде ұятқа қалар едік.

«Жаңаөзен факторы» деген мақаламды жазып бітірдім. Үстінен бір қарап шығып «Жас алашқа» бермекшімін. Өкінішке қарай «Жас Алаш» енді тек 27 желтоқсан күні шығады. Менің мақаламды баса алатын басқа газет болмай тұр. Интернетке жарияласам, қарапайым халық оны оқи алмайды.

2011 жылдың 27 желтоқсаны

Мақалам «Жас Алашта» жарық көрді. Жұрттың бәрі хабарласып ризашылығын білдіріп жатыр. Сағат 12 кезінде Әмірхан Меңдеке телефон шалып маған алғысын жаудырып, таң атпастан редакцияға хабарласып жатқан адамдардың сәлемін жеткізді. Адайдың жасы сексеннен асқан шалы редакцияға арнайы келіп, менің мақаламды мақтап, рахметін айтып, көзінің жасын көлдетіп еңіреп жылапты. Көңілім толқып кетті. Жазушыға халықтың махаббатына бөленгеннен артық қандай құрмет керек.

2011 жылдың 30 желтоқсаны

Тағы да бір жылдың парағы жабылғалы тұр. Өткен жылға назар салсам жақсылықтар көп болыпты, жанымды ауыртқан жаманаттар да бар екен.  Әдебиет үшін аз тер төкпеппін. Мұқағалидың шығармашылығы туралы тұтас бір кітап жаздым.  Еңбегім еленіп,  биыл Мұқағали сыйлығын алдым.

Францияның әйгілі қаламгері, Нобель сыйлығының иегері  Ромен Ролланның «Толстойдың өмірі» деп аталатын еңбегін қазақ тіліне аудардым.

Жылдың соңындағы Жаңаөзендегі халыққа атылған оқ менің жанымды да  жаралап кеткендей болды. Полицейлер халықты жауды қырғандай, қуып жүріп атып өлтіріпті. Жүрегің ауырады.  Не деген сұмдық?

«Жаңаөзен факторы»  деген мақаланы жазғаным үшін еш өкінбеймін. Ұлтыма оқ атылғанда, оған қарсы шығып., жүрегімді тосып, халқыма қорған бола білдім. Ұлтын сатқан қара тобырдың соңынан ілесіп кеткен жоқпын.

О, мейірімі мол Алла-тағала! Енді мұндай қанды қырғынның бетін аулақ қыл Отанымнан. Елімізде тек тыныштық болсын! Онсыз да саны аз қазақтар қырылмасын, өз елінде, өз жерінде.

Алдағы жылда тек жақсылықтар болсын! Құдіреті күшті Алла, қорғансыз қазағымды сақтай гөр! Жылап тұрып, сенен сұрайтын жалғыз өтінішім – осы ғана. Аумин!  (Жалғасы бар)

Амангелді Мырзабек

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522