Дүйсенбі, 7 Қазан 2024
1475 2 пікір 20 Желтоқсан, 2022 сағат 11:41

Козачковтың үндеуі жарияланды

Журналист Вадим Борейко Қазақстан қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері ұстаған әріптесі Михаил Козачковтың үндеуін жариялады.

Борейко бұл хатты чаттардың бірінен алған, кейін Козачков адвокатымен сөйлесіп, үндеуді қамаудағы журналист жазғанын растаған.

Хатта журналист "рейдерлікке, ұйымдасқан қылмысқа қатысты, бұған қоса мемлекеттік құпияны жинап, оны таратты деп айыпталғанын" жазды. Мемлекеттік құпияға қатысты бапқа тоқталған автор мұндай айыптауға адвокаттарды аңдыған ҚМА қызметкерлері туралы ақпарат негіз болуы мүмкін деп топшылады.

"Оның жеке басы туралы мәлімет ашық дереккөздерде бар, оны алу үшін ешқандай құпия базаны бұзған жоқпын. Ал "рейдерлік" пен "Ұйымдасқан қылмыстық топ" баптары - "Есентай сити" мен басқа да нысандар төңірегіндегі ең шулы дауға қатысты. Бір түсінгенім, ақша жымқырды деп айыпталған Алмас Әбдіғаппаровтың қылмыстық ісі туралы мақала жазғаным үшін "қылмыскер атансам" керек", - деп жазылған бұл хатта.

Одан соң автор "неге екені белгісіз, тергеушілер мен прокурорларды, судьяларды рейдерлік жасады деп айыптамайды да, бұл туралы бірнеше мақала жазған журналисті изоляторға тастайды" деп жазған.

"Оны түсіндіруге дайынмын. Шын мәнінде менің қамалуым - ҚМА жетекшісі Жанат Елимановтың кек алуы", - деп мәлімдеді Козачков.

Агенттік басшысы Жанат Елимановтың журналист Михаил Козачков атынан жарияланған хатқа пікірі қандай екені әзірге белгісіз.

Abai.kz

2 пікір