Қуаныш Жиенбай. У (жалғасы)
1. ЕЛДЕ
1. ЕЛДЕ
Облыс орталығындағы пединституттың мектепке дейінгі тәрбие жұмыстарымен айналысатын факультетіне қиналмастан оқуға түсіп кеттім. Ертеңгі күні кім боларым көз алдымда сайрап тұр. Алыс ауылдағы бастауыш мектеп, не сол ауылдағы балабақша. Осы тұсқа келгенде қабағым еріксіз кірбің ете түсетін-ді. Сірә, таңдап алған мамандықты сүймегендіктің әсері ме, әлде ауылдың қара батпағына қайта малтығамын-ау дейтін қауіп пе, бүйірімді түсініксіз бір нәрселер түрткіледі. Институт қабырғасында жүргенде гитарамен ептеп ән айтатынмын. Бірақ мен секілді «әншілерден» ол көз сүрінетін уақыт қой. Курстастарым ән айтқанда мені ақы-пұлсыз аспан әлеміне бір-ақ шығарып тастайды, «ақша бұлттармен араластырып, ақ қанат періште» кейпіне айналдырып жібереді. Десе де өз жағдайым өзіме белгілі. Жастық максимализмді қойсаңшы, кейде шынымен «аққуға үн қосқан» әншіге айналып кеткеннен саумын ба деп, айна алдына барып, кеудені асқақ ұстап, тамағыңды кенеп, «шеберлігіңді» одан әрі шыңдай түсесің. Жаман емес, артық кеткен де түгің жоқ, әзірге «осыған шүкіршілік жаса». Әні бар болсын, жан-дүниеңді қоярға жер таптырмай үзіп-жұлып бара жатқан қайбір ән. Сірә, жұрттың құрмет көрсететіні тек өз сөзіме жазылған әндерді ғана орындайтындығымнан болар. Жатақханадағы той-томалақтың төрі менікі, «репертуарым» көптің көз алдында. Қол шапалақтаудан құлақ тұнады. Ұят, шек-шекара қайда?! Кейде жан-жақтан дуылдаған дауыстарға шыдамастан тұра қашқың келеді. Асыра сілтегенді де ішің сезеді. «Мыналар тегін әншіні тапты ғой». Бәлсініп, ендігі жолы бармайыншы, мен сахнаға шығып жүрген кәнігі әнші емеспін, ауылдағы әке-шешем «ән салып жүргенімді» естісе шашымды талдап жұлар, бәріне тормыз берейін деп өзімді қайраған боламын. Бірақ ауызға салған қант қиығындай салғаннан еріп жүре беретін иілгіш, көнбіс, жұмсақ мінезді адам ғып жаратқан соң, ол «өкінішіңді» кімге айтарсың. Бұртиғаным ұзаққа бармайды, сылқ түскендігімді өзім де сезбей қаламын.
«Әншілігім» диканатқа, ректоратқа да әйгілі боп қалса қайтерсің. Факультетаралық көркемөнерпаздар бәсекесінде де менің жұлдызым жоғары. Соның арқасында кейбір пәндерден сынақты «автоматты» түрде алып жүрдім. Ұстаздар сөзге келместен «сынақ кітапшаңызды әкеле ғой» дейді де, «бестік» бағаны шиырып кеп жібереді. Өмір өстіп жалғаса берсе... Ішімнен тағы бір түйткіл еріксіз бас көтереді: «Уақытша, бәрі уақытша, одан гөрі біліміңе мұқият бол, ертең елдің ортасына түскенде сыр беріп алсаң, «әншіліктің» көкесі сонда болар». Тіс жармасам да табақтай дипломмен алыс ауылға жолағым жоқ. Жолың болайын десе осы ғой, мынадай сәттіліктің төбеден топ ете қалғандығын қараңыз. О кезде «Біз таланттыларды іздейміз» деген хабар теледидарды ашып қалсаң бұрқ ете қалатын. Облыстық теледидар «жұтынып тұрған» мен секілді «талантты» көрмей, жанымнан қалайша үн-түнсіз өте шықсын. Алғашында ауылдағы әке-шешемнен ыңғайсыз болар деп қысылып та жүрдім, олар мені әншілік оқуға емес, ұстаздық оқуға жіберген. Десе де облыстық теледидардың мені хабарға шақырған тілдей қағазы ректордың алдына барады да, көп аялдамастан «шұғыл тапсырма» «оптимистік нотасын» жапсырып қайта шығады. Мені шабармандар жер-көктен іздейді. «Сен қыз бізге пәле болдың ғой» деп жеңіл әзілдейді кейбіреулер, менің де бергі жағымнан тілеп тұрғаным сол: «пәле болсам қатыспай-ақ қояйын, менің орныма басқа біреуді қолайлы көретін шығарсыздар, аш құлақтан-тыныш құлақ». Сонан соң әлгілердің қалай әбірге түскенін көрсеңіз, жата кеп жалынады, өлердегі сөздерін айтады. Ректордан «таяқ» жеу кімге оңай.
Кез-келген адам рұқсатсыз бас сұға алмайтын облыстық теледидардың мен үшін қашан да есігі ашық. Қызмет істейтіндердің көпшілігі таниды. Әсіресе, өзім құралпы хабар жүргізетін қыздармен де таныс-біліс боп қалғам. Түн ұйқымды төрт бөліп жүрген мендегі арман белгілі: «облыстық теледидарда қызмет істейтін мына қыздар қандай бақытты!» Байқатпай сыр тартып көремін. «Сенің диктор болуға барлық имиджің келіп тұр, тек осы мүмкіндікті қолдан шығарып алма». «Не істеуім керек?» «Не істейтіндігіңді өзің білесің, біздікі саған болысу, аздап ақыл қосу». «Сол ақылдарыңды аяма, мен де қарыз боп қалмаспын». «Осында бастықтарға сөзі өтетін екі-үш кісі бар, солардың тілін тап. Қор болмайсың». «Олар кімдер?» «Жан-жағыңа тіктеліп қара, қандай адамдар екендігін өздері-ақ көрсетеді».
Ол жұмбақтың түйінін табу аса қиынға соға қоймады. Қадырғалидың түпкі ойымды қалай сезіп қойғандығына қайранмын. Қадырғалиды айтам, Қадырғалидың аты Қадырғали. Теледидардың табалдырығынан атасымен-ақ маған деген жылы қабағын аңғартып үлгереді. Терезеден қарап тұра ма, әлде институт жақта сыбырлап жіберетін жансызы бар ма, әйтеуір осылай қарай бұрылсам-ақ бітті, арсалаңдап алдымнан шыға келеді. Кезекші-қарауылға иек қақса бітті, құжат сұрамастан жібере салады. Үшінші қабатта жеке бөлмесі бар. Бөлменің төрт қабырғасы ылғи «сен тұр, мен атайын» өнер жұлдыздарының суреттеріне толы. Және Қадырғали көпшілігімен таныс, біразынан сұхбат алған. Менің көзімше қалта телефонымен анау Алматыдағы, анау Мәскеудегі өңшең дөкейлермен әмпәй-жәмпәй, тап бірге туғандай бауырмалдық сезіммен барын ақтарып, емен-жарқын сөйлесіп жатады. «Ол әлгі пәленше ғой» дейді маған есеп бергендей. Пәленшеңізге береке берсін. Танымасам да танығандай бас изеймін.
Қолы қолына жұқпайды, екі адам еркін сиятындай шағын үстелдің үстін әп-сәтте жайнатып кеп жібереді. Құстың сүтінен басқасының бәрі осында. Өзі де өткір, қуақы, әзілдің де түбін түсіреді. Куәгер тартудың қажеті шамалы. Соқыр емеспіз, бәрін көріп, көңіл сүзгісінен өткізіп жүреміз. Оның үстіне теледидарда қызмет істегің келеді екен, алдымен аңғарымпаз болуға, адамның ішіндегісін білуге, қысқасы психологтың рөліне көшуге тиістісің. Алыстан орағытқанда Қадырғали да анау-мынаудың қолына су құятын адамға ұқсамайды. Жүріс-тұрысы нық, пысық, іші-бауырыңа кіріп, ақындардың өлең-жырларын араластырып сөйлегенде тұла бойыңды шымырлатады, жан-дүниеңді балқытады. Бұл мекемеде де беделді. Аса қиын, бірақ абыройлы нүктелерге ылғи асай-мүсейлерін арқалап Қадырғали кетіп бара жатады, алыс сапардан олжалы оралған жолаушыдай артынып-тартынып, талтаңдап Қадырғали келе жатады. Қадырғали жүргізген репортаждардың қолдаушылары да, қолпаштаушылары да жетіп артылады. Құрмет тақтасынан Қадырғалидың суреті түспейді. Ыңғайы келсе күліп жүретін көркем жігіт. Көзінде де кісі жатырқамайтын жылылық бар. Ал бәрінен бұрын менің асты-үстіме түсетін қамқорлығын айтсаңшы. Саусағымды сығымдайды, байқамаған боп құшағына қысады. Бетімнен сүйеді. Жарасымды, анау айтқандай ешбір оғаштығы білінбейді. «Осы жігіттің ойында не бар, а? Мені ұнатып қалғаннан сау ма? Егер ғайыптан тайып, ертеңгі күні сөз салса қайтемін, не айтамын? Еркек көрмегендей тұра қашайын ба, әлде қайдағы-жайдағыны көкіп, өтірік қылымсығаным жөн бе?»
Көмекке келетін кім бар. Қадырғалидың маған қырындап жүргендігін сезіп, әлдекімнің тас-талқан болмасына кім кепіл. Сылыңғырдай жігітті қармағына түсіргісі келіп, ындыны құрып жүрген арулар осы тұстан да табылмай қалмас. Бәли, мынау не сұмдық, айдың-күннің аманында ақыл-есім алжасқаннан сау ма?! Маған не көрінген? Ана жолы ол орбитаға жедел ұшырылатын халықаралық ғарыш кемесінің «кереметін» айғақтайтын оперативті репортаж түсіру үшін апай-топай жиналып, Байқоңырға атанып кеткен-ді. Бір күн, немесе толық бір апта болуы мүмкін, ол жағы Қадырғали шешетін мәселе емес. Масқара болғанда мына қызықты қараңыз, бір түрлі облыс орталығында арқа тірейтін жанашыры жоқ жалғыз қалған адамдай сезінейін, көңілді ортамның қызығын біреу дөрекілеу мінезімен отап кеткендей, тіпті талай түнді дөңбекшумен өткізіп, әзер-әзер көз ілейін. Өліп-өшіп Қадырғалиды іздейтіндей арамызда анау айтқан махаббат иірімі де салтанат құра қоймаған еді ғой. Оныкі де, менікі де бос немеурін. Ым, кірпікке ілінген жылы көзқарас. Мұның соңы жақсылықпен тынғай!
Қой, қойыңыз, махаббат, әлі сырын білмеген жігітке құлап түсетіндей ол қаңғырып жүрген қайдағы махаббат?! Елес, елес болар. «Таңғы елес», бұл лирикалық әуенді мен де ішімнен ыңылдап айтып жүремін. Жеңіл, жылы, тұла бойың тазарып-ақ қалады. Бірақ... не «бірағы» бар, бір түрлі, жүрегімнің бір бұрышынан Қадырғалиға деген ыстық-ықылас өздігінен, менің еркімнен тыс «бүршік» жарып келе жатқаннан сау ма. Бәрінен бұрын түске енетіндігін айтам-ау! «Жақсы көру»... ондай сезімнен қалай қашып құтыларсың, болады ғой ондай сезімдер. Ан-ау ауылдағы мектеп бітіру кешінде директордың сегізінші сыныпта оқитын еңгезердей топ-толық баласы ерінімнен еріксіз сүйіп алған. Өй, оңбаған жүгірмек десе!.. Қыздың ернінен сүймек түгілі шалбарының ышқырын дұрыс байлап алсын. Анаң қара, сөзі де төбеден түскендей: «Мен сізді өмір бойы сүйіп өтем!» Сүйіп өтті ғой, алдымен мектепті дұрыстап бітіріп алмай ма, қызға сосын-ақ қырындамай ма. Немене, өліп бара ма, үлгереді ғой әлі де. Мектеп бітіруші, жасы үлкен апасындай қызға жабысады. «Жабысатындар» институтта да сыңсып жүр. Беттеріне күле қарасаңыз бітті, бірден қала сыртындағы жалдамалы пәтеріне сүйрелейді. Бар мәселені бірден, бір түнде «шешіп» тастағылары келеді. Біздің баяғы аға-апаларымыздың бір-біріне деген ыстық көңілдерін қалай жеткізерін білмей, сырттарынан бір көргендеріне мәз болып, мазасыз күй кешетін «мөлдір махаббаттары» қайда қалған?! Бір-біріне хат жазып және оны қалай жеткізерін білмей, кішкентайларға жалынып-жалпайып, олардан да «жәрдем» таба алмай, ақыры «адам аяғандай» күй кешетін кешегі заман-ай! «Кешегі заман» мен біз бастан кешкен бүгінгі заманның арасында адам өте алмайтын «тозақ өткелі» жатса жақса-ау! Көзді ашып-жұмғанша өте шыққан жиырмашақты жыл. Ал бүгінгі сылқым жігіттеріңіздің тірлігі әлгі, сөзге келмейді-бірден төсекке!. Төсекке сүйрелегенде «төсек қатынасының» құпия-сырларына қанықса, кәне. Олардыкі «быды-быды» бірдеме, басы бар да аяғы жоқ, аяғы болса басы жоқ. Тіпті «жұтып» алғандар мен «шегіп» алғандар біреудің алақанға салып аялап өсірген бүлдіршініне күш көрсетеді екен, жұдырық көрсетеді екен дегенді де ауық-ауық құлағымыз шалып қалады. Оның беті арман, өздерімен кетсін.
Қадырғали бір іссапардан келгенде алдынан жүгіре шығып, жүгіре шыққаныммен түк бітіре алмай, екі бетім дуылдап, қалт тұрып қалғандығымды өзім де кеш аңғармадым. Менікі аңғырттық, әрине. Сол аңғырттығымнан ол біраз жайды ұғынса керек, теледидарда қызмет істейтін қу ғой. Онысын сыртқа шығармады. Келесі күні киноға шақырды. Шетел киносының не жайында екені есімде қалмапты. Соңғы орынға жайғастық. Алдымен саусақтарымды қысты, құлағымның түбіне танауын тақап иіскеді, тіземнің арасына қол жүгіртті. Өрікпіп өре түрегелетіндей оғаштық байқамадым, керісінше бұрын-соңды болмаған бір ыстық ағыс тұла бойымды осып өтті. Артынша ол қалыпты жағдайға айналды. Екеуміздің ашық, жасырын кездесулеріміз жиілей түсті. Диплом алуыма екі-үш ай қалды ғой, ол менің басы бүтін ауылға баратын сапарына шлагбаум қойып тастады, бітірген бойда облыстық теледидарға қабылдатады. Қабылдатуға құдіреті жетеді Қадырғалидың, немесе «менің Қадырғалиымның». Арман-мақсаттар ақтарылды көл-дария болып, артық айтылған да, кем түсіп жатқан да «Барбарос жоспарларының» есебін кім түгендеді дейсіз. Ал менің көңіл күйім ақша бұлттардың арасына барып әлдеқашан «жайғасқан», аяғым жерге тимей ұшып жүремін. Төңірегім өңшең жасыл бояулар. Жасыл түсті бала күнімнен жақсы көремін. Жасыл түс жігерлендіреді, әлденеге асықтырады. Қос өкпемді қолыма алып, алға қарай жүгіре бергім келеді. Шіркін, теңіз жағалауындағы ақ қайранның үстімен жүгірсе ғой. Шаршамас едім, ентікпес едім. Со күйі бір жерге жетіп құласам, құлаған бойда аспанға қарап, шалқамнан жатсам. Аспан әлемі тұнық және тұңғиық. Сонысымен қызық әм қымбат. Жақсылықты тазалықтан күтіңіз қолдан келсе!..
Бірде Қадырғали маған үлкен «өтінішпен» шықты. Мәскеуге шақырып тұр. Мәскеуге баратын жүрдек пойыздар біздің ауылдың үстімен өтетін. Мәскеудің Орталық ТВ-сы Қадырғалидың Байқоңырдан түсірген 5-6 минуттік хабарын сөзге келместен қабылдапты. Соған келіп кет дейтін сыңайлы. Гонорары да қомақты. Ол жағын түсініп жатқан кім бар. «Сен керексің Мәскеуге. Мені биіктерге талпындырған Байқоңыр, сенің атың- Балқоңыр. Қандай ұқсас, Байқоңыр мен Балқоңыр. Не ойланатыны бар, кеттік!» Келісім бердім бе, бермедім бе, есте жоқ. Ертеңінде екеуміз жүрдек пойыздың екі адамдық жұмсақ орындығына жайғастық. Рақат. Екеуден-екеуміз, тірі адамнан қысылып-қымтырылмайсың. Жол бойындағы шағын бекеттің тұрғындары бізге қол бұлғап, сәт сапар тілейді. Рақмет оларына. Жолдың ұзақтығы себеп болды ма, Қадырғали ішім-жемді де молынан қарпыпты. «Бой жылытатындары» да жетіп-артылады. Құшақтасамыз, сүйісеміз. Біріміздің кеудемізге біріміз басымызды қойып, болашағымызға барлау жасаймыз. Шолақ кісідей біріміздің аузымызға біріміз қасықпен тамақ саламыз. Мен гитарамен ән айтамын, тапсырыс беретін Қадырғали. Ал жүрдек пойыз жүрісінен танбайды, ұлы даланың апшысын қуырып, жүйрік аттай алға жүйткиді. Кейде үлкен қалалардың вокзалына түсіп, аз-кем таза ауамен тыныстаймыз. Соның өзі біраз уақытымызды жеп қойғандай, немесе ұзақ жолдан үздігіп жаңа келіп табысқандай, сүйісті қайта бастаймыз. Мәскеуге түскен бетте қайда баратындығымыз жазулы хаттай белгілі. Мәскеуіңізді бұрын-соңды кім көріпті, жол бастаушым Қадырғали. Мен мұрыны тесілген тайлақтай соның соңынан ере беремін. Менің тарапымнан «түзету» енгізілмейді.
Ұйқының да кестесі келіскен. Екі тәулік қолдары бос, істейтін шаруалары жоқ, екі пендеңізге уақыт молынан жеткілікті-тін. Терезеге қарап телміру де кісіні жалықтырады білем, сосын есінеп ұйқың келеді. Келесі түні ғой «аспаннан қара бұлт төніп, найзағай шатырлағаны». Қадырғалиды не түлен түрткенін қайдам, «ащы судан» да біраз сілтеңкіреп жіберді. Бұған дейін тырмысып, «ұятымды» анау-мынау «коммунизм» орнатып тастайтын құрғақ уәделерге айырбастамай, айырбастамақ түгілі «суық қол» қай жағымнан кіріп кетеді деп, өзіме-өзім күш беріп, мықты «қарауыл» қойып жатқам. «Қарулы күзет» емес, әрине. Менікі қыз «ұятына» деген шексіз адалдық. Бұл «жеті жарғыны» жеті жасымыздан бастап жаттап өскенбіз. Асығатын не бар, үлгіреді ғой бәріне. Қадырғалидың құтты табалдырығынан да кіршіксіз пәк күйіммен аттағым келеді. Сәтін салса оған да көп уақыт қалған жоқ, осы Мәскеу сапарынан аман-есен елге жетсек, тұрмысқа шығу мәселесіне де түпкілікті нүкте қоямыз. Қадырғалидың ой-мақсаты соған қарай ауып барады. Мейлі. Бұйырық солай болса, тәубе деймін-дағы бәріне. Қыз баланың маңдайына о бастан басқа шаңырақтың түтінін түтету тағдыры жазылған. Менікі де орынды, диплом қалтада, енді бір басым екеу болса ата-анамның да қуаныштарында шек болмас. Тәуекел.
Қадырғали байқаймын біразға дейін тағы да «ат шалдырды», осы тойғанымен демалса кәні. Вагонның тербеліс ыңғайымен көзім ілініп кеткен екен, үстіме тау құлап кеткендей тұншығып қала жаздадым. «Мынау қайтеді-ей!» Қарулы қолдар алдымен төстартқышты жұлып алды, ақжаймамен қымтанған боламын, тілім жеткенше Қадырғалидың көзін де бір нәрсеге жеткізуге тырысамын: «Мені ыңғайсыз жағдайға қалдырма Қадырғали, шыда, бойымдағы тазалықтың бәрі сенікі. Бұған дейін шыдап келдің ғой, екі-үш айға мұрсат берсеңші». «Сенің тазалығыңды қалай білемін, қазіргі заманда оның қажеті шамалы. Егер мендік болсаң, бүгіннен бастап жұбайлық өмірге көшеміз». «Шаңырақты қадірлеу деген ше?..» «Архайкалық ұғым-түсініктен қашан арыласыңдар?! Сендер де осы...» Ішімдік адамды аздырады деген рас-ау, күні кешеге дейін менімен мәдениетті, ызылып сөйлесетін Қадырғалиды осы тұста мүлдем жоғалтып алдым, танымай қалдым. Басқа, бөтен адаммен арпалысып жатқандай күй кештім. Абайсызда көзіңнен жас шығып кетсе, бірден ұтыласың. Сондықтан «күзетті» күшейттім. Бұл күресте мен жеңіске жетуге тиістімін, себебі тазалықты қорғау үшін қарсылық көрсеттім. Иә, бір данышпан айтатындай, өмірдің өзі күрес. Жығылсаң мойыма, жігерлен, қабырғаңды қайта тікте. Дұрыс-ақ, бірақ бұл күрес ол күрестен әлдеқайда маңызды, әлдеқайда құнды.
Жүрдек пойыз жүрісінен жаңылмайды. Тершіген терезеден анда-санда ай сығалайды: «Ұлы жолдың бойында ұятсыздыққа бармаңдар, бармаңдар!» Қанша іштіге санағанмен, ер адамның күші басым. Менің жалынған, жалбарынған, шын ниетіммен армансыз ақтарылған ақтық сөздерім айдалаға лақты. Ол түпкі мақсатына жетіп тынбай қоймайтын тәрізді. Ауыр салмақ қабырғамды күтірлетіп әкетіп барады. Ұзаққа созылған текетірестен сілем қатты, кімнен көмек сұрарыңды және білмейсің. Адамның бітім-болмысы қалай өзгереді-ай, а?! Дәл осы араға дейін тазалығы мен ақтығын сақтаған арман «айнасы» быт-шыт сынды, дәлірек айтқанда дүние қараң қалды. Келешек көмескі тартты. Күш-жігерім таусылды. Берілдік. Бірақ бұл опасыздықты ешқашан кешіре алмайтындығым анық, ертең ғайыптан тайып «бай болып, бақша мұратымызға жеткенде» де...
Шаруасын тындырып алған соң, ол ақыры мені кінәлауға көшті: «Торға түскен торғайдай шырылдап, өлердегі сөзіңді айтуың жаман еді, пәктігіңді байқай алмадық». Не дейін, бір нәрсе айтсам ақталған болып шығады екем. Қызыл қанға былғанған ақ жайманы әкеп алдына тастаймын ба. Одан қандай нәтижеге қол жеткізбекпін. «Мастықпен аңғармаған шығарсың». Неткен жиіркенішті еді. Бұл «мені қорлады, айуандыққа барды, арымды таптады» деп сотқа арыз бергеннен де сорақы еді. Одан үндемегенім мың артық. Ертеңгі шай үстінде де ол кешегі «әләулайын» қайталады. Айтып отырмын ғой, дүние шынымен қараң қалғандай. Келесі аялдамадан түсіп қалып, артқа қайтсам ба екен, а? Оны-мұнымды жинастыра бастадым. Ол шынымен мастықпен жасады ма, әлде мені қорлағысы келді ме, о жағын бағамдауға шама қайда. Менің бір шешімге тірелгенімді білген соң, ал келіп жалынсын: «Сенің ақылың бар еді ғой, Балқоңыр, ішімдік алжастырды тура жолдан. Ақымақтықпен арғы жағына тереңдеп бара алмадым. Сен мені мазақ етіп, үнемі миығыңнан күлетін секілді елестедің. «Осындай мүмкіндікті текке жібере ме екен жігіт деген...» Осы пәлеге тұтқындалдым да қалдым. Бүкіл болмысымды осы арамдық билеп алды. Ал, жөн-жосығына көшкенде бұған тулайтын не бар, маған тиесілі «несібе» екен, оны бүгін жеймін бе, ертең жеймін бе, бәрібір емес пе?! Оның... иесі мен. Бәрі жөнделеді. Біз ойлағандай бәрі дұрыс болады».
Ол жол бойы өстіп ақталумен, жалынып-жалбарынумен болды. Мен райымнан қайттым. Қайтпағанда не істемекпін. Мәскеуде де, қайтар жолда да «жұбайлық өмір» жалғасын тапты. Елге келген соң бір-екі айдың о жақ-бұ жағында үйленеміз деп уәде байластық. Екі-үш ай деген көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Оған дейін мен дипломымды қорғап үлгеремін. Сөйтіп бәрінің ыңғайы келер. Мен білетін Қадырғали жаман жігіт емес-ті. Сол-ай, айтқаным айтқан, маған жасаған со жолғы «иттігін» өмір бойы ұмытпаймын. Ара-тұра есіне түсіріп, тәубесіне келтіріп отыратын боламын. Бойға бала біткенде әйел организмі түбірлі өзгеріске ұшырайды. «Өміршең бала шартақтың сыртында пайда болады» деген орыстың мақалы бар. Апыр-ай, ә?! Тамақ батырмайды, құсқым келеді, басым айналады. Көп жүргенді көтере алмаймын. Шаршай беремін. Жасырынып барып дәрігерлерге көрінгем, дүдәмалым расқа шықты.
Екі-үш айды қалай өткіземін. Уақыт өтер ғой, уақытты ұстап тұруға ешкімнің құдіреті жетпейді. Тек сол уақыты түскірдің оқшантайын маған қаратып, оқ ататындығы жаман да. Ай түгіл, күн түгіл, сағаттарды санауға тура келер. Нәрестенің жетілу процесі сенің диплом қорғағаныңа қарап тұрмайды. Былайғыда өтпейтін уақыт енді жалына қол тигізбейді. Диплом алған күні ол мен жатақханадан алып қашатын болды. «Алып қашу» біздің елдің дәстүрі. Бұл мен үшін қажет-ақ, күнәмді жеңілдетуге таптырмайтын тәсіл. Рұқсатсыз ұзатылған қыздай «жылап-сықтаймын, ата-анамның алдынан өтіңдер, кешірім сұраңдар» деп «міндетсимін».
Жатақханадан «сән-салтанатымен» аттанатын болдым, «құтты орыныма қондыру үшін» қасыма бір құрбым ілесті. Жастық дәуренім өткен жатақхананы қимайтындай ықылас аңғарттым, бірақ арғы жағым бос, даңғыр-дүңгір, кеуек, не қайғырмаймын, не жыламаймын. Жүрегім де дүрсілдемейді. Осының бәрі менің еркімнен тыс өтіп жатқан тірліктер тәрізді. Кеш бата Қадырғали келді бір досын ерітіп. Құшағында гүл. Аузынан арақ иісі шыға ма қалай, «мұндай қуанышты сәттерде... иә, жора-жолдастарына «жуып» та жіберген болар. Менің есіл-дертім киелі шаңырақтан оң аяғыммен аттау. Қазір басыма ақ орамал салғысы келетін жеңгелері мені көрісімен тұра ұмтылар. Отқа май тамызар. Жан-жақтағы ағайын-туыстары жиналар. Қалай дегенде де келін түсіру үлкен оқиға, өмірде сирек кездесетін елеулі оқиға. Ақ түйенің қарны жарылатын осы тұс.
Жеңіл мәшине арық жиегіндегі тақтай шартағы бар жұпынылау үйдің жанына келіп тоқтады. Етектеріне шалынысып, шашу ала жүгіргендердің қарасы көріне қоймады. Қадырғали маған көп ағайындымыз деп айтқан-ды. Әлде жұмысбастылықпен жүгіріп жүргенде келін келетіндігін алдын-ала ескертпеген де шығар. Оған өкпелейтін түгі жоқ, тек артының қайырын бергей. Біздің жақта «келін түсірудің» жазылмаған заңдары көп. Қыздың әке-шешесінің рұқсаты келгенше, абыр-сабыр басылғанша бір танысының үйіне уақытша кіргізе салады. Бірер күн сонда аялдап, кейін барса да түгі кетпейді.
Түс қайта «той жыры» дүрілдеп басталды дейсіз келіп. Кең бөлмеге дастарқан да жайылды, жасау-жабдығын да үйіп тастады, түрлі-түсті қылмойындардан көз сүрінеді. Жас жігіттер мен жас келіншектер зыр жүгіріп жүр. Жүздерінен шаттық нұры шалқиды. Алғашқы отырыс ұзаққа созылды. Бәрінің айтатыны жауыр болған бір тілек: «Жас жұбайлар бақытты болсын, той тойға ұлассын, ал кәне, алып жіберейік!» «Алып жіберейіктің» аяғы түн жарымына жалғасты. Отырысқа жиналғандардың дені қылжия бастаған, бір-екеуі барылдап ән айтқандай ыңғай танытып еді, өзгелер оларды құптамады Ән әуелемеді. Мені қайран алдырғаны, мыналар көпті көрген, мәдени орындарда ысылған, сөздің жүйесін түсінетін зиялы қауым өкілдеріне ұқсамайды. Облыстық теледидардың қызметкерлері сірә, бұл «тойды» бүйтіп бастамаса керек еді ғой. Ал мыналар жуынбай-қырынбай, бір нәрседен құр қалатын кісіше осы жерге асығып-аптығып жеткен малды ауылдың ішкіш бозымдарына көбірек келіңкірейді. Бұларды кемсітейін деген кім бар, тек көңілі құрығыр бөгде ойларға басын алып қаша береді. Күдік те көкіректе табан тіреп жатып алды. Қадырғали бірер мәрте көрінді де, содан соң зым-ғайым жоғалды.
Төсек салынды. Суық қабырғаға тақалып жаттым. Жас жұбайларға бөлек бөлме дайындалған екен. «Ләззат түнін» есте қалатындай құмарлықпен өткізсін дегендері ғой. Түннің бір уағында бөлменің топсасы сынған тақтай есігі сықырлап ашылды. Қадырғали емес, жүрегім тас төбемнен шықты. Әлде мастықпен адасып жүрген біреу ме. Жоқ, жаныма келіп ысылдап-пысылдап шешінді, аласа үстөлге құйрығын қойып шылым шекті. Қақырынды-түкірінді. Қозы қарыны қозғалған сайын бүлк-бүлк. «Сіз кімсіз, үстімізге неге кіресіз?» «Мен, мен. Сенің байыңмын, шырағым, тулама, айқай шығарма, дем алып жатқан ел-жұрттан ұят болмасын! Елдің мазасын алмайық. Бұл арақ кімге опа берген, мастықтың әсерімен Қадырғали мән-жайды түсіндірмеген болды-ау саған. Оқасы жоқ, мен де осы өңірде тірі жанға жалтақтамай, жалынбай өз несібесін теріп-жеп жүрген ағаңмын. Жағдайым, тұрмыс-тіршілігім ешкімнен кем емес. Мал да бар, жан да бар. Әйелім өткен жылы қылтамақтан қайтыс болды. Жатқан жері жайлы болғыр, көди-сөди сөзі жоқ, жақсы адам еді. Ішімнен дұға бағыштап, осы шаруаға кірісерде ризашылығын сұрадым. Өлмектің артынан өлмек қайда, екеуміздің жақсы тұрмыс құрып кететіндігімізге сен, айналайын, сеніммен қара! Ал Қадырғали менің туған нағашым, «жиен, тірі тұрсам сені өз қолыммен үйлендіремін» деп жүр еді. Берген сертінде тұрды. Бұдан артық енді не істейді маған. Өркені өссін, мен де оның бір қызметіне жарармын...»
Көрпенің бір шетін көтеріп, жып-жылы қойынға жыландай жылжып келе жатты. Сондағы құдіретті күштің неден пайда болғандығына әлі қайранмын. Бейне бір жер дүмпуі лақтырып жібергендей әсер етті. Ұшып түрегелдім. Ол ұстап қалмаққа ұмтылды. Бар екпініммен кеудеден итеріп қалғанымды білемін. Ап-ауыр денесімен жарға соғылды. Содан қолыма ілінген киім-кешегімді қолтығыма қысып, тысқа атылдым. Жеті қараңғы түнде қайда барамын? Қаладан шыға бере лайсаң жол басталды. Дарияның сол жағалауында жамаағайын бір апайым тұратындығын білемін. Бағытым дұрыс. Бірақ ми батпақ өкшеңді кері тартып, ілгері жүргізбейді. Жар жағалап жүгірген сондағы тартқан ақырет азабымды тірі пенденің басына бермесін. Кеудемде шықпаған жаным бар, бәлкім алдағы көрер жарығымның түгесілмегендігі шығар, өліп барып, әупіріммен тірі қалдым.
Апайым «қайдан жүрсің, құлдығым-ау» деп жеті қараңғы түнде құшақ жая қарсы алды. Ағыл-тегіл жыладым. Әрі басымды сүйейтін бір адамның кезіккеніне қуандым. Тыңдайтын құлақ табылған соң ішкі шерімді армансыз ақтардым. Күзге қарай, ешкімге көрінбей сол алыс ауылдағы бәкене тамда босандым. Тұңғыш ұлым дүниеге келді.
(жалғасы бар)
Abai.kz