Сенбі, 26 Қыркүйек 2026
Ақмылтық 262 0 пікір 26 Қыркүйек, 2026 сағат 13:36

Қасіретті бөлісу мен жеткізу мәдениеті...

Сурет: 4vlastinfo.kz сайтынан алынды.

Ақтаудағы қасіреттен кейін әлеуметтік желіде қоғамның пікірі екіге жарылды. Бір тарап ЖИ арқылы қаза болғандардың суреттерінен әсерлі бейнелер жасап таратқан блогерлерді «қоғамдық резонанс туғызғаны үшін» ақтаса, екінші тарап трагедияны қаралым жинаудың құралына айналдыруға болмайтынын айтып, оларды айыптап жатыр.

Бірақ бұл мәселеге бір жақты қарау қиын.

Егер қоғамдық резонанс болмаса, қасіретке биліктің реакциясы да тиісті деңгейде болмауы мүмкін деген уәждің жаны бар. Қоғамның дауысы кейде әділетті талап етудің маңызды тетігіне айналады. Сондықтан трагедия туралы дауыстап айтқандардың бәрін жаппай кінәлау да әділетті емес.

Сонымен бірге қасіретке үн қосу мен қасіретті әсер құралына айналдырудың да ара жігі бар.

Ең күрделі мәселе — ниет. Блогер қайғыны пайдаланып қаралым жинағысы келді ме, әлде қоғамды оятқысы келді ме — мұны сырттай дәлелдеу оңай емес. Ниетті болжап, адамға үкім шығару да жөнсіз.

Адамның ішкі мәдениеті оның әрекетінен көрінеді.

Қайтыс болған адамның суретін қалай пайдаландың? Қайғыны қалай көрсеттің? Туыс-туғанының жан жарасын ескердің бе? Көрерменнің ашуын қоздыруды көздедің бе, әлде ойландыруды ма?

Қасіреттің қадірін сақтай отырып, қоғамның назарын аудара алдың ба?

Міне, мәселе осында.

Бір ақынның зарлы жоқтауы елдің жүрегін қозғады. Адамдар жылады. Бірақ сол жоқтаудың ішінде әскердегі келеңсіздіктер, қоғамдағы жауапсыздық, жемқорлық туралы өткір ой да көрініс тапты. Демек, қасіретті жүрекке жеткізу мен қоғамдық мәселені көтеру бір-біріне қайшы емес.

Қайғыны қоғамнан жасыруға болмайды. Әділетті талап ету үшін кейде қатты сөйлеуге тура келеді. Бірақ қайғының өзін - айқайға, марқұмның бейнесін - әсерге, жақындарының жан жарасын көпшілікке арналған көрініске айналдырмау — адамның өз ішкі мәдениетіне байланысты.

Қасіретті бөлісу мәдениеті — үнсіз қалу мәдениеті емес.

Ол — қасіреттің қадірін сақтай отырып сөйлеу мәдениеті.

Қоғамдық резонанс қажет болуы мүмкін. Бірақ резонанс пен дабыраның, жанашырлық пен эмоцияны қоздырудың ара-жігін ажырата білу қажет.

Өйткені қасірет — контент емес. Оның артында тағдыр, отбасы, көз жасы және адам өмірі тұр.

Гүлмәрия Барманбекова

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1512
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 3130
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 1121
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 1048