Жұма, 22 Қараша 2024
Ақмылтық 3174 3 пікір 30 Қаңтар, 2023 сағат 14:11

Теңгенің түбіне рубль жетпесін десек...

Ресей экономикасы осы күнге дейін үш реткі дағдарысты бастан өткерді. Алғашқысы өткен ғасырдың соңғы он жылдығында орын алды. Ол дағдарыс экономикалық құрылымның түбегейлі өзгеруінен, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшуінен туындады. Екіншісі 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысының әсерінен болды. Үшіншісі 2014 – 2016 аралығындағы волюта дағдарысы. Бұл мұнайдың бағасының құлдырауы мен Қырымды жаулап алу әсерінен туындады.

Кеңес одағы ыдыраған кезде Ресейдің ішкі жалпы өнім қуаты АҚШ-тың үштен біріндей болса, үш реткі дағдарыстан құлдырап, жиырма біріндей деңгейге түсті. Қытайдың бір ғана Гуандун өлкесімен қарайлас болды. Елдегі эпидемиялық жағдайдың асқынуы, мұнай бағасының құлдырауы, Сирия ісіне араласу экономикаға салмақ салғаны аз болғандай, енді міне Украина ісі қабаттасып, Батыстың санкциясы күшейіп, Ресей экономикасын тығырыққа тірегелі тұр. Экономистердың пікірінше елде енді төртінші реткі дағдарыс орын алуы мүмкін. 2014 жылдан басталған Батыс санкциясы Ресей экономикасын ішкі айналымға иек артуға мәжбүрлеуде. Ал ішкі факторлар да мәз емес. Еңбек күшінің қартайуын айтпағанда, ел ішінің бизнес пен инвестиция климаты нашарлаған. Энергия көздеріне басымдық берген бағытты бірден өзгертіп, қысқа уағытта экономиканы әр тараптандыру мүмкін емес.

Әлем елдерінің сауда айырбасы, қаржылық операциялары құрамына екі жүзден астам мемлекеттің он мыңға жуық банктері мен ұйымдары кіретін, доллармен есеп айырасатын Дүниежүзілік банк аралық қаржылық телекоммуникация финанс жүйесі (SWIFT) арқылы жүзеге асатыны белгілі. Путин билігі Қырым оқиғасынан кейін-ақ Батыстың санкциясың әсерін азайту үшін долларсыздануға, Қытай сияқты Батыстың ықпалындағы SWIFT жүйесіне балама ретінде өзінің банк аралық информация жүйесін жасақтауға кіріскен. Валюта қорындағы доллардың үлесін жиырма пайызға дейін түсірген. Алтын мен евроға басымдық беріп қана қоймай, Қытай юаны мен Жапон иеніне де таңдауы түскен.

Қытайдың долларсыздану қадамының Орыстан да қарқынды, көлемді екені белгілі. Цифрлы валюта жүйесін сынақтан өткізіп, жалпыластыруға көшуі соның айғағы. Батыс санкциясы Путин билігін барлық салада Қытаймен әріптестік байланысты күшейтуге итермеледі. Ресей банктері Қытайдың юаньды өзек еткен ұлттық төлем жүйесіне (CIРS) қосылып, Орыстың мұнайы, газы, алтын саудасы юань арқылы жүзеге асуда. Ал Тәуелсіз елдер достастығындағы елдер мен Еуразия эконамикалық одағына мүше елдердің Ресей мен саудасында рубль алдыңғы орында. Ресей орталық банкның төлем жүйесімен (SPFS) іске асады. Шетелдің экономикалық бәсекелестікті бағалау ұйымдары тізіп көрсеткен Ресейдің келісім-шартты белден басу, тасымал ақысын орынсыз көтеру, бюрократия, жемқорлық қатарлы жағымсыз мінездері аталмыш одақта да көрініс тауып отыр. Оны біздің кәсіпкерлер мен экономистерден бастап, президент те айтуда. Кеш те болса жаңа жолдар, мүмкіндіктер іздеуде. Өйтпеске амал жоқ. Қазақстанның рубль мен юань қоры артқан сайын, оның саяси, экономикалық қаупы, екі елге кіріптарлығы артта бермек.

Қытай мен Ресей долларсыздануға кіріскенімен АҚШ долларының әлемдік экономикадағы орны ешқандай әлсіремеген, керісінше өрлеуі байқалған. Қазір әлемдік валюта қорының алпыс пайыздан астамы, валюта айырбасының сексен бес пайызы доллардың үлесінде екен. Сарапшылар доллардың орнынан мызғымауын АҚШ-тың саяси, экономикалық жүйесінің ашықтығында, сенімділігінде десе, Батыс билігі екі құдайы көршімізді «Әлемге әділ бәсекемен емес, диктаторлық жолмен үстемдік еткісі келеді» деп айыптап отыр.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320