Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 3210 28 пікір 7 Ақпан, 2023 сағат 13:46

Саясатта достық жоқ, тек мүдде ғана бар!

Біз кейде алдымен өз халқымыздың болашағын ойлап, қай нәрсеге де сын көзбен қараудың орнына, жалпы дүрмекке еріп, қателікке ұрынып қалып жүрген жоқпыз ба деген ой келеді.

Өйткені мынау дүрлігіп жатқан заманда кімнің дос, кімнің қас екендігін ажырата білу оңай дүние емес. Мәселен, Ресейдің тәуелсіз Украина еліне ашықтан-ашық агрессиялық соғысын ешкім ақтамасы белгілі. Оған біз де қосыламыз. Қолымыздан келгенше қол ұшын да беріп жатырмыз. Еліміздің белгілі саясатанушысы Арман Шораев пен аты әйгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсенбай да олардың тұрақты қонағы. Екеуі де оңды-солды сұхбат беруден кенде емес. Онда волонтерлеріміз де аз тер төгіп жүрген жоқ. Мұны аз десеңіз, Торғайдың бір азаматы ол жерде қолына қару алып, қан майданда кекілділермен бірге шайқасып жатыр.

Алайда осы орайда маған «біз осы елден ерек белсенділік танытып, асыра сілтеп жүрген жоқпыз ба?» деген күмән туындайды. Мұндайда бізге айтатындары «қазір Украина сіздерді де қорғап жатыр. Ал егер олар жеңілсе, ертең сіздерге дерге кезек келеді» деген ұстаным.

Біріншіден, Ресей бізге тиіскісі келсе, Укринаны жеңсе де, жеңілсе де тиіседі. Қазақтың «Жыланды төрт кессе де кесірткелік әлі бар» деген мақалын ұмытпалық. Әрине, бетін аулақ қылсын, алайда, егер Ресей бізге бас салса, оған ешкім де қарсы тұра алмайды. Түрік ағайының алыста. Әрі оның бұған бел шеше кірісе қоюы неғайбыл. Оған Ердоғанның Украина жөніндегі ұстанған саясатынан-ақ, байқарсыз. Тек, мүмкін, алып Қытай ғана «тәк-тәк» дер. Соның өзінде де тек экономикалық тұрғыдан зиян тартуының мүмкіндігінен ғана. Өйткені оның барлық экспорты біз арқылы өтеді. Күні ертең аласапыранда оның жағдайының мүшкіл болары айдан анық. Тек сол үшін ғана. Оның өзі де күмәнді. Демек, біз үшін шын қантөгіске араласатын ешкім жоқ. Әрине, көршілерімізбен саяси әрі әскери одақ құрып, жұдырықтай жұмылғанға не жетсін. Алайда сол көршілеріміздің жағдайы онсыз да белгілі.

Демек, өз-өзімізге мықты болмасақ, ешкімнің де жарылқай қоюы неғайбыл. Оның үстіне бізге бүкіл украин халқының емешегі үзіліп тұр деу тым артықтау. Кезінде бұлар да өздерін бізден әлдеқайда биік санап, көкірегін керген ұлы халықтың ол жақ, бұл жағынан кем сезінбегендігін ешкім де жоққа шығара қоймас. Мұны мына терістік жақта өмір-бойы дерлік тұрып келе жатқан біздер жақсы білеміз. Мәселен, кезінде өз тілімізде сөйлегенімізді жақтырмай, талай-талай намысқа тиетін сөз айтқандардың барлығы да таза орыстар деймісіз? Жоқ, олардың ішінде украин ұлтының өкілдері де жетерлік болғандығы анық. Мәселен, тек осы Қостанай облысында кезінде көптігі жөнінде украиндер орыстардан кейінгі екінші орында еді. Біз солардың бірде-біреуінің араша түскендігін көрген де, естіген де емепіз. Мұны аз десеңіз, осы Қостанайдағы мен білетін украин ұлтының ешқайсысы да Ресей агрессиясын айыптамайды. Қайта солардікін дұрыс көреді. Енді келіп емешегі үзіле қалыпты. Егер мен, украиндардың көпшілгі «қазақ» деген халықтың бар екендігін тек осы соғыстан кейін ғана білді десе, еш таң қалмас едім. Бірдеңе болса, күні ертең бізді қорғауға жетіп келеді деп армандау - мүлдем адасқандық. Олар өздерін бәрібір славян тұқымына жатқызып, еуропалықтармыз деп есептейді. Ал олардың көзқарастары белгілі. Бір ғана мысал. Өткенде ютуб-арнасында украин тұтқынына түскен ресейлік бір солдатты көрсетті. Ол байғұс еңбектеп келе жатып «мен қазақпын» деп зар жылауда. Аңғал бала сірә, «қазақпын» десе аяушылықпен қарар, жаулары орыстар ғой» деп ойласа керек. Қайдағы. Қайта бұл жігіт олардың әкелерін өлтіргендей ерекше өшіге, басынан қайта-қайта тебеді, одан қалса автоматтың дүмбісімен ұрады. Міне, біздің оларға деген «ерекше достығымыздың» шынайы қайтарымы. Ал мен олардың қолға түскен орыстарды бұлайша қорлағандығын көрген емеспін. Ары кетсе, қаттырақ жұлқылайды да қояды. Неге? «Түбі өзіміз ғой» деп ойлатын шығар. Ал ана «колбит» пен «чурка» қайдағы туыс? Не өзбек, не қырғыз, не тәжік болмаса, түркімен көрсетпеген жақсылықты көрсетіп, Ресейге жаман атты болып жатқанымыздағы олардың айтқан алғысы осы. Қазақтың пейілі кең, мінезі дархан, қонақжай халық қой, мұны да кешіре салар. Ең бастысы, қалай болғанда да туысқан Украин халқын жалғыз қалдырмаймыз. Алға, Қазақстан!

Тағы бір түйін. Украина Ресейді ойсырата жеңеді деген ешбір қисынсыз әңгімеден аулақ болған жөн. Оған АҚШ пен Еуропа жол бермейді. Оларға керегі Укринаның жеңгені емес, Ресейдің әблен әлсіреп, бейшара күйге түсіп, оларға кіріптар болғаны керек. Әйтпесе, неге Украинаны қазіргі заманғы аса күшті танкілермен және ұшақтармен толық қаматамасыз етпейді? Неге оларды там-тұмдап, тамшылап береді. Неге олардың президенті Зеленский Батыс басшылардың кездесуінің барлығында да әңгімесін Украинаға қазіргі сәтте осы заманға аса жойқын соғыс қаруларын молырақ әрі тезірек беру керектігінен бастап, сонымен аяқтайды? Мұны да жай ғана қысыр әңгімеге жатқызамыз ба? Егер шынымен оларға Украинаның жеңісі қажет болса, мұндай әңгіме мүлдем көтелірер ме еді? Осыны да бір уақыт ойлап қойған жөн-ау.

Асылы, соғыстың осылай аяқталуы бір жағынан бізге де өте тиімді болар еді. Өйткені әбден әлсіреген, шайқастан қансыраған Ресей бұдан соң жан-жағынан жау іздеп, аласұратын зұлымдық ниетін жүзеге асыруға дәрмені де жетпес еді. Біздің тілейтініміз де осы. Алайда бұл тілегіміздің де көзден бұл-бұл ұшатын түрі бар. Жақында ғана шетелдік баспасөздің жазуына қарағанда Американың барлау қызметінің басшысы Мәскеуге келіп, Украина өзінің 20 пайыздық аумағын Ресейге беріп (яғни бұл орыстардың басып алған жерінің аумағы ғой), ортақ мәмілеге келіп, бұл соғысты аяқтаудың бір жолын ұсыныпты деседі.

Енді мұны Украинаның жеңісі деп айтуға ауыз барар ма екен? Осының өзі-ақ, АҚШ пен Батыстың өздерінің ойлаған өз жоспары бар екендігін байқаста  керек.

Ал біз кім болса соған жалпақ шешейлікті қойып, бес қаруымызды сайлап, тез арада шетелдік аса қуатты әскери жойқын техникамен барынша қаруланып, не нәрсеге де әзір отыруымыз керек. Мен үшін қазақ халқының болашағы қымбат. «Сақтансаң – сақтармын» депті.

Менің ойымша, Украина мәселесінде барынша салқынқандылықпен, мына көршілеріміз секілді бейтарап саясат ұстанғанымыз жөн секілді. Тонналап азық-түлік жөнелту, жылыту генераторларын беру, одан қалды қалалаларда киіз үйлер тігу секілді шаралар - басы артық дүниелер секілді. Көршілеріміздің барлығы дерлік мәселенің артын бағып, тыныш отырғандағы бұл біздің «көзсіз ерлігіміз» асыра сілтеушілік емес пе?

Менің бұл мәселедегі өзіндік ұстанымым осындай. Әрине, мұның көпшілікке жақпауы да мүмкін. Оны енді өздеріңіздің патша көңілдеріңіз біледі. Мен мұны жұрттың бәріне бірдей жағынып, жақсы атты болу үшін жазып отырған жоқпын. Сақ болайық! Жауың көп, досың аз! Осыны ұмытпалық.

Жайберген Болатов

Abai.kz

28 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394