Жексенбі, 6 Қазан 2024
1298 0 пікір 9 Ақпан, 2023 сағат 13:34

Алматы әкімі: "Алматыда сейсмикалық аудит жүргіземіз"

Алматы әкімі Ерболат Досаев 9 ақпанда Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуінде 2023 жылдың екінші жартыжылдығында қалада жаңа сейсмикалық аудит жүргізілетінін мәлімдеді, деп жазады Zakon.kz.

Әкіммен кездесуде аудан тұрғындарының бірі қаланың бас жоспарында Бұқар жырау даңғылының бойындағы ғимараттардың сейсмикалық көрсеткіштері неге ескерілмегенін сұрады.

Әкім 2021 жылы сейсмикалық микроаудандастырудың жаңа картасы бекітілгенін айтты. Онда барлық кемшіліктер ескерілді.

"Қаладағы біздің басымдылығымыз – қажетті ғимараттарды сейсмикалық күшейту. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі жалғасады. Бұл шешімдер қазір емес, ондаған жылдар бұрын қабылданған"

Досаевтың айтуынша, 2017-2018 жылдары ҚазҚСҒЗИ сейсмикалық аудит жүргізген.

"Биылғы жылдың екінші жартысы мен келесі жылы біз қаланың жаңа сейсмикалық аудитін бастаймыз. Өздеріңіз білесіздер, Алматыда 2020-2021 жылдары жаңа тектоникалық бұзылыстар пайда болды. Жаңа бас жоспарда барлық қажетті сейсмикалық талаптар ескерілген. Қаланың сейсмикалық зондтауы есепке алынбайтын бірде-бір жер жоқ, Абай даңғылынан жоғарының барлығы 10 балл, Абай даңғылынан төменгі жақтардың бәрі 9 және 10 баллдық аймақтар"

 

Abai.kz

0 пікір